Қазақстан • 04 Қыркүйек, 2018

Түрік тіліне тәржімаланды

438 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары қазақ-түрік рухани байланыстары дамуының айқын нышандарын кітап ісі саласынан аңғарамыз. Алматыдағы Ұлттық кітапханада қазақ классиктерінің түрік тіліне аударылған кітаптарының тұсаукесері өтті. 

Түрік тіліне тәржімаланды

Алматы қаласындағы Түркияның Бас консулдығымен бірлесе ұйым­дас­тырылған іс-шара барысында Берді­бек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа», Тайыр Жомартбайұлының «Қыз көрелік», Спандияр Көбеевтің «Қа­лың мал», Міржақып Дулатұлының «Ба­қытсыз Жамал», Сұлтанмахмұт Торай­ғыровтың «Қамар сұлу» туындылары таныстырылды.

Ұлттық кітапхананың директоры Жанат Сейдуманов тұсаукесер барысында қазақ-түрік ынтымақтастығы аясын­да жасалып жатқан игі істерге тоқ­талды. Көрнекті қазақ қаламгерлері кітап­тарының түрік тіліне және түрік жа­зушыларының шығармаларының қазақ тіліне аударылып, жарық көруі бауырлас халықтар арасындағы рухани қазына қорының толығып жатқан­ды­ғының нышаны екендігін атап өтті.

Іс-шараны ары қарай жүргізген Нағашыбек Қапалбекұлы сөз кезегін Анкара қаласындағы Кечиорен ауданы­ның әкімі Мустафа Ак мырзаға ұсынды. Мустафа Ак мәдени байланыстардың түп-тамыры тереңде жатқандығына тоқталып, екі мемлекет бүгінде осы өрісті ынтымақтастықтың аясын жыл­дан-жылға кеңейтіп келе жатқанын атап өтті. Сүйінбай ақынның 200 жыл­ды­ғына орай Сүйінбай ескерткіші орнатылып, Кечиорен ауданының бір кө­шесіне қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың есімі берілгені осы мәдени байланыстардың жалғасындай. Ендігі кезекте ынтымақтастық аясы кітап ісі саласында өркендеуде.

Одан кейін сөз алған Алматы қала­сындағы Түркияның Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз зиялы қауымға ыстық ықыласын білдіріп, қазақ қалам­гер­лерінің кітаптарын түрік тіліне аударуға қолдау білдірген Түркиядағы Қазақстан елшілігі мен Кечиорен ауданының басшылығына алғысын білдірсе, Алматы облысы, Жамбыл ауданының әкімі Бағдат Әлиев осы істің басы-қасында жүрген азаматтардың қолғабысы зор екендігін атап өтті.

Аталған жобаларды жүзеге асыру­ға мүдделі ТЕДА жобасы аясында түрік жазушыларының да еңбектері қазақ тіліне аударылған. ТЕДА жобасы­ның же­текшісі, баспагер Шайзада Мұха­мед­жанова биыл қазақ тіліне аударылған түрік қаламгерлері кітаптарының алғаш­қы нұсқасымен таныстырып, бас­паханалармен келісімдер жүріп жатқан­дығын жеткізді.

Осы игі шараға профессор Дандай Ысқақ, жазушы Берік Шаханов, ақын Аманхан Әлім, жазушы-драматург Ах­мет­­жан Ашири, белгілі мәдениет қайрат­керлері, БАҚ өкілдері және т.б. қатысты.

Шара аясында Ұлттық кітапхананың қорынан «Қазақстан-Түркия: рухани жаңғырудың жаңа бағытында» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көр­меге Қазақстан мен Түркияның дос­тығы, тарихи-мәдени байланыстарына қатысты және қазақ-түрік ақын-жазу­шыларының кітаптары қойылды.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ