Үкімет • 04 Қыркүйек, 2018

Үкімет отырысында цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу мәселелері қаралды

206 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында Бақытжан Сағынтаев аймақтарды цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшуді дер кезінде қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды ҚР Премьер-министрлігінің баспасөз қызметі.

Үкімет отырысында цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу мәселелері қаралды

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшудің маңызы өте зор. Әрі ірі әлеуметтік жоба. Сондықтан, оған үйлестірілген түрдегі жұмыс пен жан-жақты деңгейдегі әрі тұрақты мониторинг жүргізу қажет. Ақпарат және байланыс министрлігі осыған байланысты өңірлермен бірлесе отырып цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшуді уақытылы өткізуді қамтамасыз етуі тиіс.

Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу туралы есеп берген ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев осы жобаны енгізу арқылы халықтың басым бөлігі, оның ішінде аудандар мен қалалардан алыс елді-мекендердің тұрғындары жоғары деңгейдегі дыбыс және бейне, сондай-ақ телеарналардың санын әжептәуір көбейтуге қол жеткізуге болатынын атап өтті. Осы стандартқа толық ауыссақ қазақстандықтар облыс орталықтары деңгейінде 30-ға жуық телеарнаны, ауыл және аудан орталықтарында 15-ке жуық отандық телеарнаны цифрлық сапада тамашалай алады. Яғни отандық арналар арқылы халық өздеріне қажетті ақпарат пен бағдарламаларға қол жеткізеді. Отандық пакетте жаңалық, балаларға арналған, мәдениет, кино, спорт сияқты түрлі арналар болады.

Тағы бір артықшылық: Цифрлық хабар таратуға көшкен жағдайда радиожиіліктер де босайды. Осылайша босаған жиіліктерді біз байланыс саласындағы жаңа технологияларды дамытуға пайдалану мүмкіндігін қарастырып отырмыз. Ол үшін байланыс операторларымен жан-жақты жұмыс жүргіземіз. Өткен жылы біздің министрлік «Телерадио хабарларын тарату» Заңына өзгерістер енгізді. Осылайша олардың инфрақұрылымдарының дайындығына сай аймақтарды кезең-кезеңімен көшіруге жол ашты.  

Еліміз бойынша радиотелевизиялық станциялардың жалпы саны 827-ні құрайды. Бүгінгі күні 356-сы дайын.Жылдың аяғына дейін тағы 200-ге жуығынаяқтау жоспарланып отыр. Қалған станциялардың құрылысы 2019-2020 жылдардың ішінде толық аяқталады.

Биылғы жылдың соңына дейін цифрлық хабар таратуға көшуі жоспарланған аймақтар бойынша Маңғыстау, Жамбыл облысында және Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тиісті станциялар салынып, халықтың 99%-і толық қамтылды. Аталған аймақтарда халықты қажетті қабылдағышпен қамтамасыз ету және ақпараттық хабарландыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Осылайша 2021 жылы осы жұмысты толық аяқтау жоспарланған.

«Қазақтелерадио» АҚ басқарма төрағасы Ескендір Тәжібеков, өз кезегінде, Қазақстанның цифрлық технологияларға көшіп, ақпараттық теңсіздікті төмендету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында 2010 жылы жерсеріктік хабар тарату желісі жаңғыртылғанын айтып өтті. Ұлттық жерсеріктік телехабар тарату республика аумағын 100% қамтуды қамтамасыз етеді, бұл жағдай халыққа отандық арналарды жақсы сапада кез келген елді мекенде көруге мүмкіндік береді. ОТAU TV брендімен жерсеріктік телерадио хабарларын тарату абоненттерінің саны 2010 жылы 6300-ден 1,36 млн дейін ұлғайды. Еліміздің 4 млн-нан астам тұрғыны ұлттық жерсеріктік телехабар көреді. Сонымен қатар, статистикалық деректерге сәйкес, абоненттердің 74% ауылды елді мекендердің тұрғындары.

Келесі қадам DVB-S2 заманауи стандартындағы цифрлық эфирлік телехабар таратуды енгізу болды. 2021 жылға қарай 95% астам халықты қамтуға мүмкіндік беретін 827 станцияны кезең-кезеңімен салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Сондай-ақ, отырыс барысында жыл соңында цифрлық теле хабар тарату желісі іске қосылатын өңірлердің әкімдері: Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметов, Түркістан облысының әкімі Ж. Түймебаев баяндама жасады.