Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Мәжіліс және мәслихаттар сайлауына дайындық науқаны қарқын алды. 26 қараша күні Алматыда өткен 9 съезінде алда келе жатқан Парламент сайлауына 57 адамнан тұратын үміткерлер тізімін бекіткен партия бұл күндері еліміздің жер-жерінде үгіт-насихат жұмыстарын қызу жүргізуде.
Кеше Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның белсенділері сайлауалды үгітті Ақтөбе жерінде жалғастырды. Партия мүшелері бұл өңірдегі алыс аудандарға да барып, ауыл тұрғындарымен дидарласып, сөйлеспекші. Олардың айтуынша, ауыл жастарын жұмысқа орналастыру мәселесін шешу арқылы азық-түлік тауарларының бағаларына ықпал етуге болады. Кеше ЖСДП мүшелері облыс орталығында және Хромтау ауданында болды. Партиялықтар тобын бастап жүрген белгілі саясаткер, ЖСДП төралқасының мүшесі Петр Своик қазіргі таңда Қазақстанға президенттік билікті парламенттік билікпен нығайта түсу маңызды деп санайды. Саясаткер бұл арада көппартиялы парламентті айтып отырғаны түсінікті. «Парламент Үкіметті жасақтауға тиіс, ал Үкімет Парламентке есеп беруге тиіс», дейді Петр Своик.
Алматы қаласындағы Алатау ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде ЖСДП өкілдері сайлау тізіміне сайлаушылардың барлығын енгізу жөнінде мәселе көтерді. Бұл үшін ЖСДП өкілдері жергілікті әкімдіктерге қалада қазірше тіркеле қоймаған азаматтардың барлығын уақытша тіркеп, олардың азаматтық парызын атқаруына жағдай жасау қажет деп санайды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері барлық облыс орталықтарында жұмыс істеп тұр. Оларға барған адамдар көптеген мәселелер бойынша консультациялар алуда. ЖСДП Алматы қалалық филиалының төрағасы Әмірбек Тоғысов мұндай қоғамдық қабылдау бөлмелерінің есігі келушілерге қашанда ашық екенін айтады. «Кез келген уақытта, біз таңертеңгі оннан кешкі алты-жетіге дейін келушілерді қабылдай береміз. Біздің білікті заңгерлеріміз бар. Әртүрлі арыз-шағымдарды беру үшін қажетті құжаттарды дайындай аламыз. Қажет болса мүмкіндігімізге қарай азаматтарды соттарда қорғаймыз. Осының бәрін тегін атқарамыз», дейді ол.
Алдыңғы күні Жалпыұлттық социал-демократиялық партия тағы бір мәселе көтерді. Партия Орталық сайлау комиссиясына сайлау комиссияларының құрамында кеңесші дауыс құқымен жұмыс істеп жүрген партия өкілдерінің еңбегіне сайлау комиссияларының басқа да мүшелерімен қатар ақы төлеу жөнінде мәселе қойды. Біздің білуімізде, бұл мәселе Ортсайлаукомда сәрсенбі күні қаралған. Оның қорытындысы бойынша территориялық сайлау комиссияларына саяси партиялардың өкілдері сайлау комиссияларына мүше болып, жұмыс істеген жағдайда сайлау науқанын дайындау мен өткізу кезеңінде олардың орташа айлық жалақысын сақтау мүмкіндігін қарастыру жөнінде хат жіберілген.
Жақсыбай САМРАТ.