Жалпы, жыл сайын инфляцияның жоғарылайтыны қазір жаңалық емес деуге болады. Инфляцияның көлемі қанша процент болатыны, белгіленген дәлізден қаншалықты алшақтайтыны ғана жаңалық. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, тамыз айында төл ақшамыз 0,2 процентке құнсызданған көрінеді, бұл бұрнағы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Ресейге салынып жатқан санкциялардың салдары әсерінен елімізде таяу болашақта құтыла алмайтын түрі бар.
– 2019-2020 жылдары инфляция көлемі жоғары болуы мүмкін. Яғни белгіленген дәлізден асып түседі. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, Ресейге қарсы санкциялар күшейіп жатыр. Бұған қоса, теңгенің әлсіреуіне мұнай бағасының төмендеуі және әлеуметтік шығындардың арта түсуі де айтарлықтай ықпал етеді, – деді Д.Ақышев.
Белгілі қаржыгер Ілияс Исаевтың пайымдауынша, Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанды шарпуы заңды құбылыс. Ең ірі экономикалық әріптес, саудадағы айнымас серіктес ретінде одан бас сауғалау қиынға соғады.
– Ресей біздің елдің сауда-саттық саласындағы басты әріптесіміз. Шет мемлекеттерден елімізге тасымалданатын тауарлардың 30 проценттен астамы Ресейдің үлесінде. Екінші орында – Қытай, одан кейінгі орын Еуропа елдері мен АҚШ-қа тиесілі. Басты әріптесіміздің валютасы құнсызданған кезде біздің теңгеміздің де синхронды түрде құнсыздануы қалыпты нәрсе. Олай болмаған жағдайда екі елдің арасындағы импорттық-экспорттық паритет бұзылады. Саудадағы паритет бұзылған жағдайда біз ұтыламыз. Паритеттің бұзылуынан Қазақстанның импорттаушылары да, экспорттаушылары да зиян шегеді. Өзіңіз білесіз, бұрынырақта Ресейдің ақшасы 1 долларға шаққанда 71 рубльге құлдыраған кезде елімізде рубльге деген сұраныс күшейіп кетіп, автокөлік, басқа да толып жатқан тауарлар Ресейден тасымалдана бастаған-ды. Сөйтіп өз нарығымыздағы тауарларға сұраныс төмендеп кетті, – дейді сарапшы.
Ілияс Исаев айтқандай, қазір бизнестің қызатын уақыты өтіп кетті. Әдетте бизнес көктемде, жазда қызады.
– Күз, қыс мезгілдерінде бизнес, сауда-саттық бәсеңдейтіні белгілі. 2018 жылдың макроэкономикалық көрсеткіштері қалыптасып болды. Ұлттық банк төрағасы келесі жылдарға қатысты болжамды айтып отыр. Биыл жылдың соңына дейін инфляция Ұлттық банк жоспарлаған, болжаған интервал шеңберінде сақталуы мүмкін. Ал 2019 жылы құнсыздану деңгейі болжанған интервалдан жоғары болуы әбден мүмкін, – дейді І.Исаев.
Ұлттық банк инфляцияның жоғарылауы мүмкін екендігін айтқанда мұнай бағасының төмендеуі ықтималдығын да тілге тиек еткені белгілі. Дегенмен, халықаралық сарапшылардың арасында келер жылы көмірсутегінің құны көтеріледі деген болжам жасап отырғандар бар. Мәселен, CNBC-ге сұхбат берген америкалық сарапшы Джон Килдуф мұнайдың баррелі алдағы айларда 85-95 долларға көтеріледі деп пайымдап отыр. Оған да АҚШ-тың қатысы бар, бұл жолы Иранның мұнай экспортына салған санкциясы бағаға ықпал етпек.
«Қара алтынның» қазіргі бағасы да біршама жоғары, 1 баррель 79 доллардан асты. Мұнай бағасы америкалық сарапшы айтқан деңгейге көтерілген жағдайда бұл теңгенің бағамына оң ықпалын тигізе ала ма? Қаржыгер І.Исаев бұл туралы былай дейді:
– Мұнайдың бағасы көтерілсе, теңгенің рубльмен бірге құнсыздануына аз да болса тежегіш фактор пайда болуы мүмкін. Себебі Қазақстанның ішкі нарығына түсетін доллардың мөлшері көбейеді. Ұлттық қорға түсетін қаражатты ішкі нарықтағы жағдайды реттеуге пайдалануға болады. Әрине, көмірсутегі құнының өскені Ұлттық банкке алтын-валюта резервін азайтпай-ақ ішкі нарықтағы ахуалды түзетуге көмегін тигізуі мүмкін.
Қаржыгердің пайымдауынша, теңгенің құнсыздану процесіне тежеу болуы мүмкін фактор ретінде шикізат бағасының өзгеруін ғана айтуға болады.
Бұған дейін Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Ресейге салынған санкциялардың бізге тигізетін теріс ықпалына қатысты мәселелерді Қазақстан АҚШ-пен арада шешуге кіріскені туралы хабарлағаны белгілі. Осы аптадағы Үкімет отырысында министр жыл басынан бері 8 ай ішінде инфляция көлемі 5-7 процент аралығында болғанын айтты.
– Тамыз айында инфляция 2 процент болса, жыл басында ол 2,9 процентті құрады. Азық-түлік тауарларының қымбаттауы 2,3 процентті құрады. Азық-түлік емес тауарлар құны 3,7 процентке өсті, – дейді ол.
Теңгенің құнсызданғаны бірінші кезекте азық-түліктік емес тауарлардың, мәселен, дизель отынының, сұйытылған газдың, дәрі-дәрмектің, тұрмыстық бұйымдардың, киімнің қымбаттауына соқтырыпты. Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, әуе және темір жол қатынастары, қонақүй бағасы және басқалары да біршама көтерілген. Әсіресе Атырау, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Астана қаласында қымбатшылық күшейген.
Соңғы бірнеше айдың бедерінде теңгенің біртіндеп «әлсіреп» бара жатқаны анық байқалғаны белгілі. Алайда 8 тамыз күні төл валютамыздың долларға шаққандағы бағамы 1 тәулік ішінде бақандай 6 теңгеге құнсызданғаны елді алаңдатарлық жағдай. Араға апта салмай жатып теңге бағамының төмендеуі тағы қайталанды. Осы жағдайдан кейін қарапайым тұрғындарды айтпағанда, сарапшы мамандардың өзі валюта құнына қатысты болжамдарын сақтықпен айтуға көшкендей. Жасыратын несі бар, қайта-қайта құнсыздана беретін ұлттық валютаға халықтың да сенімі азая түскендей.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан