...Ол кезде «Парасат» журналының редакциясы Көк базардың жанындағы тоғыз қабатты ғимараттың жетінші қабатында еді. Нарық қыспағы бет қаратпай тұрған қиын шақ болатын. Көк базарда кім көп, ұры-қары көп. Күн сайын сумаңдап біздің ғимаратқа да кіріп-шығып жүреді. Ана бөлімнен құлақшын, мына бөлімнен куртка, шарф жоғалыпты деп бая-шая болып жатамыз.
– Апыр-ай, аяқ астынан қайдан сап ете қалады екен, ә? –деймін мен біздің бөлімдегі Зәкеңе қарап.
– Кімді айтасың? – деп ол кісі қағаздан басын көтеріп, маған қарайды.
– Кімді болушы еді, әлгі... ұры-қарыларды айтамын да.
– Ә-ә, – дейді Зәкең енді қолындағы қаламын үстелдің бетіне қойып. – Ал сен сол ұры-қарыларды қандай адам деп ойлайсың, айтшы?
– Қандай болушы еді? – деймін мен ол кісінің бұл сұрағына аз-кем таңырқап. – Көк базар міне, іргемізде тұрған жоқ па?! Со жақтан келетін қай-қайдағы біреулер...
– Жо-оқ, – деді Зәкең даусын созып, менің пікіріммен келіспей, үзілді-кесілді басын шайқап. – Қай-қайдағы біреулер емес олар! Қазіргі ұрылар шырттай боп киініп, галстук тағып, қолына портфель ұстап жүреді. Егер олармен дәлізде қарама-қарсы кездесіп қалсақ, сен екеуміз былай ығысып, қалай жол бергенімізді білмей де қаламыз.
Маған Зәкеңнің мына логикасы өте қызық болып көрінеді. Сондықтан да басымды шайқап, онымен келісерімді де, келіспесімді де білмей аң-таң боламын.
Содан...
Бір күні хатшы қыздың: «Бастық шақырып жатыр!» деген даусы дегбірімді алып, апай-топай шыға жөнелдім де, бас редактор тез әкел, нөмірге саламыз деп асықтырған мақаланы алайын деп жылдам қайтып оралсам, әлгі біздің бөлімге Зәкең айтқандай қолында портфелі бар, шырттай боп киінген бір интеллигент сумаңдап кіріп барады. Соңынан:
– Тоқтаңыз! – деп айғайладым жан даусым шығып. – Қайда барасыз?!
Әлгі кісі селк ете түсті. Тіпті артына бұрылып қарауға да мұршасы болмай, қолындағы портфелін жерге түсіріп алды. Сонсоң желкесінен біреу мылтық кезеп тұрғандай даусы дірілдеп:
– Ә-ә... ме... мен... Зә-Зәкеңе келіп ем, – деп әзер үн қатты. – Ма... маған ол өткенде бір музыка жөнінде материал керек деп еді...
– Уһ! –дедім өзіме өзімнің күлкім келіп. – Айып етпеңіз... Ол кісі сағат он бірде келеді жұмысқа.
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»