Аймақтар • 07 Қыркүйек, 2018

Семейде газ баллондарын пайдалану қауіпсіздігі сақталмаған

685 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары мейрамхана бизнесі кеңінен қанат жайды. Түні бойы дүркіреген музыка, одан қалса тарсылдата атылған отшашулар сол ауданның тұр­ғындарына маза бермейтіні белгілі. Тіпті жолдың жиегінен асып кетіп, жаяу жүргінші жолына жақын жерден заңсыз түрде созыла салынған сауда үйлері де айтыла-айтыла жауыр болды. Бір жағынан шағын және орта кәсіпкерлік – экономика тірегі. Десек те, кәсіпкерлер қарапайым тұрғындардың пікіріне құлақ асуы керек сияқты. Өйткені қалада өрт қауіпсіздігі мен газ шаруашылығының мәселесі ушығып тұр. 

Семейде газ баллондарын пайдалану қауіпсіздігі сақталмаған

Жуырда Семей қаласының қоғамдық кеңес отырысында ірі сауда орындары мен ойын-сауық орталықтарындағы осы мәселе туралы кеңінен айтылды. Кемшіліктер өте көп. Айталық, қаладағы көптеген сауда орындары, дәмханалар бұқаралық орындарда, халық демалатын, көпшілік тамақтанатын нысандарда қолдануға болмайтын газ баллондарын пайдаланып отыр. Тексеріліп, ескерту берілсе де, сыннан қорытынды шығарып жатқан кәсіпкерлер жоқ. 

«Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъек­тi­­лерiнiң құқықтары туралы» Заңға біршама өзгерістер енгі­зілгені мәлім. Семей қала­лық төтенше жағдайлар басқар­ма­сына қарасты өрт сөндіру қыз­меті мамандарының айтуынша, 2016 жылы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, төтенше жағдайлар басқармасы шағын және орта бизнес өкілдері салған жаңа нысандарды өрт қауіпсіздігі бойынша тексеру құқығынан айрылған. 

Соңғы жылдары жекемен­­­шік – мемлекеттік әріптестік негі­зін­­де балабақша ғимараттары тұрғы­зылып жатыр. Яғни, кә­сіпкер өз қолымен салған, заң бойын­ша тексеруге болмайтын нысан қатарына балабақша ғима­рат­тары да кіріп отыр. Осыған орай өрт сөндірушілер балалар бақшасының тілсіз жауға қауіпсіздігін мүлде тексере алмайтын болған.

Семей қалалық білім бөлі­мінің бастығы Наталия Фе­сен­коның айтуынша, осыдан біраз жыл бұрын өрт сөндірушілер кез келген балалар бақшасы мен шағын орталықтардың құ­рылысы аяқталып, пайда­лануға берілген кезде, ғимаратты қа­былдап алатын комиссия құра­мында бірге келіп, қауіпсіздік шаруашылықтарын тексеретін еді. «Қазір өрт сөндірушілер жаңа нысанды қабылдап алмайтыны, тексермейтіні өте өкінішті. Семейде кәсіпкерлер тұрғызып, қолданысқа беріп отырған 300-400 орындық бала­бақшалар бар. Биыл жаңадан 39 шағын орталық пен балабақша ашылып, пайдалануға берілді. Бұл ғимараттарды өрт қауіп­сіздігіне неге тексермеске? Өрт шығып кететіндей ақаулары бар ма, жоқ па, қорытындысын берулері керек қой», дейді ол.

Семей қалалық Төтенше жағ­­дайлар басқармасының мем­лекеттік өртке қарсы күрес қыз­­меті бөлімінің бастығы Ер­нар Жалеловтың айтуынша, 2016 жыл­дан бері заңнамадағы өзге­ріске орай, басқарма мамандары шағын және орта бизнес нысандарын тексеруге тиісті комиссия құрамына кірмейді. Ал Ресейдің Кемерово қаласында қаншама бала отқа оранып, көз жұмғаны белгілі. Бұл оқиғадан еліміз де сабақ алып, әсіресе балалар жүретін жерде өрт қа­уіп­сіздігін күшейтуі керек еді. «Бір өкініштісі, бұл мәселелер ел заң­намасында өзгерістер болған кезде ғана шешілмек», дейді өрт­к­е қарсы қызмет бөлімінің басшысы.

Расында, қалада газ шаруа­шылығының жұмыстарын тек­се­ретін инспекцияны құру өте өзекті. Осы мәселе жөнінде журналист Вера Кропачева да өз пікірін білдірді. Оның уә­жінше, өртке қарсы күрес қыз­ме­тінің мамандары көптеген олқылықты осы уақытқа дейін тек сауда орталықтары мен ойын-сауық нысандарынан ғана анық­таған. Ал балалардың өмірі үшін кім жауап береді? 

 Қазіргі уақытта көпқабатты үйлердің барлығында дерлік тұрғындар үйлеріне газ баллон сатып алып, ай сайын ауыстырып отырады. «Жаман айтпай жақсы жоқ», рұқсат қағазы жоқ үй­лерде газ баллон жары­лып жатса, тұрғындардың өмі­ріне қауіп төнері анық. Сон­дық­тан да қала әкімдігі, қоғамдық кеңес және төтенше жағдайлар басқар­масы өкілдері құрамына кіре­тін арнайы инспекция құр­ған абзал. Өскеменде газ шаруа­шылығының инспекторы жұмыс істейді. 2012 жылдан бастап жаңа заңға орай, Семейде газ мәселесін қадағалау жергілікті әкімдік құзырына берілген. 

– Семейде қазір екінің бірі газ сатумен айналысады, – деді Ер­нар Жалелов, – бұрыш-бұ­­­­­­­­рыш­та баллондарын қарбыз сат­­­қандай қысы-жазы сатып жа­тады. Ондағы баллондардың қа­уіп­сіздігін қарап жатқан еш­кім жоқ. 

– Семей қаласында газ қыз­метін бақылайтын инспектор штаты әзірше жоқ болып тұрғаны өкінішті, – деді Семей қаласы әкімінің орынбасары Николай Ушаков, – біз облыстық әкімдікке газ инспекторының штатын беру жөнінде өтініш жазған едік. Әзір жауап жоқ. Расында да газ баллондарды сату және тасумен айналысатын жеке кәсіпкерлік нысандарды тексеруге құқымыз жоқ. Олар рұқсаты болса да, болмаса да көппәтерлі үй иелеріне баллон сатып жатады. Рұқсатсыз жерде газ баллон ұстағаны үшін тағы да қанша айыппұл салынуы керек, оны қалай жүзеге асырамыз, осының бәрі белгісіз болып отыр. Себебі нақты осы іспен айналыcатын инспектор жоқ. Бұрын табиғи газ семейліктердің үйіне дейін жеткізілетін. Газгольдерлер жұмыс істеп тұратын және көппәтерлі үйлер арасында газ құбырлары тартылып, бұл шаруашылықтың өзіндік жүйесі бар еді. Бүгінде осы газ баллондар рұқсат етілмеген жағдайда пайдаланылады. Газгольдері бар үйлер өз өтініштерімен пә­терлеріне сұйық газ түрін тар­тып алды. Ал көп жерде газ­голь­дерлер босқа тұр. Газ құ­быр­лары қиылып тасталған. Сондықтан ондай орындарда газ­гольдерлерді алып тастап, орнына балалардың ойын алаңын да салған жөн сияқты. Айта кетер мәселе, егер газ баллон рұқсат етілмесе, пәтер ішіне электр плиталары қойылады. Бұл үшін электр қуаты сапалы берілуі керек. Электр сымдары төзімді, заманауи түрі таңдалынып алынғаны жөн. Біз электр плиталарына орай Шығыс Қазақстан аймақтық энергетика компания­сы өрт қауіпсіздігі үшін пәтер иелері кооперативіне салған айыппұлдарын, ескертпелерін дұрыс деп есептейміз. Бұл да тұрғындар қауіпсіздігі үшін жасалып отырған шара. 

Қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Николай Исаевтың айтуынша, көптеген дүкендер, бизнес нысандары көппәтерлі үйлердің бірінші қабатында орналасқан. «Өрт қауіпсіздігі бойынша, бұл дүкендердің есігі сыртқа қарай ашылуы керек. Мәселен, төтенше жағдай орын алғанда сыртқа қарай лап қойған жұртқа есік ішке қарай ашылып, бөгет болмауы тиіс. Себебі өрт кейде санаулы минутта адам өмірін жалмап кететіні анық. Бірақ Семейдегі дүкендердің көпшілігінің есігі ішке қарай ашылады. Кәсіпкерлікті дамыт­­­қан да, қолдаған да, қор­ға­ған да жөн, бірақ ең алдымен адам­дардың игілігіне, қауіпсіздігіне қызмет етуі керек», деді Н.Исаев.

– Біз Үкіметке және Парла­ментке қала құрылысы, сәулет мәселесіне орай заңнамаға өзгерістер енгізуді сұрап хат жазып отырмыз, – деді қалалық қоғамдық кеңес төрайымы Жан­на Жибраева, – тым болма­ған­да балабақша, шағын орта­лық­тар сияқты орындар пайда­лануға берілген кезде өрт қауіп­сіздігіне тексеруге мүм­кіндік берілсе дейміз. Газ бал­лондарды көппәтерлі үйлер­де пай­дала­нудың дұрыс-бұрыстығын тек­серетін инспектор қызметінің қажеттігі, балабақша мен шағын орталықтардың қауіпсіздігі, есік алдында қаңтарылып тұрған газгольдерді алып тастаудың керектігі, бір сөзбен айтқанда, қаламыздың қауіпсіздігі, ты­ныштығы осы мәселелерге тіке­лей байланысты екендігін мо­йындап, көптеген дүниені қайта қалыпқа келтіру бағытындағы жұмыстарды қолға аламыз.

Раушан НҰҒМАНБЕК,

«Егемен Қазақстан»

СЕМЕЙ