25 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздік толғағы

559 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Шөп екеш шөп те еркіндікті аңсайды. Қалың қара асфальттің өзін тесіп шыққан қияқ шөпті көріп жүрміз ғой. Сол аңсау. Күннің көзін аңсау. Ал, сонда қандай халық тәуелсіз болуды аңсамайды? Кім өз еркімен құлдықта, езгіде жүргісі келеді? Әлдебір мәңгүрттер болмаса, ондай халық та, ондай адам да жоқ. Тәуелді деген ұғымды тудырған күштілер мен озбырлар. Империя атаулының бәрі сондай. Империя өзінен әлсіздерді бағындырып, басып алып, билеп-төстеуге дағдыланған. Ескендір Зұлқарнайынның, Шыңғыс ханның, Наполеонның империялары сондай. Рим, Византия империялары сондай. Бірақ бәрінің ақыры біреу: күндердің күнінде империя құлайды... 1982 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының сессиясында Испания мен Америка мемлекеттерінің өкілдері Колумбтың Американы ашқанына 1992 жылы 500 жыл толуын тойлау туралы ұсыныс жасады. Баяғыда дүниені дүрілдеткен империялардың бүгінгі пысықай ұрпақтары сол тойдың қамын он жыл бұрын алдын-ала ойлап қойыпты. Отарлау тойы. Колониализм тойы. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан, мұраға қалған психология. Рас, отаршыл ұрпақтардың бұл ұсынысына қасарыса қарсы шыққандар да табылды. Олар — отарланған, ата-бабалары отарлаудан миллиондап қырылған, жер-суынан, ата-мекенінен айырылған бейбақтардың ұрпақтары еді. Сөйтіп айтыс — айтыс күйінде, тартыс — тартыс күйінде тұр. Ал, отарлаудың тойланатын жылы —1992 жыл болса, әне-міне деп келіп те қалды. АҚШ, Канада, Мексика, Бразилия, Аргентина, Перу, Парагвай, Уругвай, Колумбия, тағы басқалары бұл жылды, яғни отарлаудың 500 жылдығын шынымен атап өтіп, ұлан-асыр той жасай ма, жоқ па — әлі белгісіздеу. Дегенмен дайындықсыз да емес сияқты. Ондай той қос Америка құрлығында өте қалса, онда ол мың-миллиондап қырылған «қызыл терілі» үндістердің әлдеқашан қурап қалған сүйектерінің үстіне жайылған құла-дала дастарқанның басында өтеді. Сол дастарқанның салмағынан әруақтардың сүйегі сырқырайды, рухы шырылдайды. Сонда тірілер әруақты сыйлайды, құрметтейді дейтін сөз бос сандырақ болып қалады. Ал енді осыған «әттеген-ай, обал болды-ау» дейтін бізде бет бар ма? Күні кеше ғана біз Қазақстанның Ресейге «өз еркімен» қосылғанының 250 жылдығын кең көлемде тойлап, мәз-мәйрам болып, масайраған жоқ па едік?! Ал, қазақтар сол 250 жылдың ішінде үндістерден кем қырылған жоқ. Тіпті бұл қырғын әлгі 250 жылдан әлдеқашан бұрын, сонау қарақшы атаман Ермак заманынан басталған. Англо-сакстер мен испан басқыншылары небары жүз жылдың ішінде үндістердің тек ацтек (астек) дейтін руынан жиырма миллион адамды жер бетінен жойып жіберді. Ал, Ресей империясының озбырлығынан, ожарлығынан қырылған қазақтардың есебін алған кім бар? Бұл жөнінде бізде жүйелі ғылым бар ма? Күмәнділеу. Отарлаушылар Тасмания аралында жексенбі күндері аборигендерді (төл халықты) аң аулағандай аулап, атып, сейіл құрып, көңіл көтереді екен. Жексенбі күні — Иисус Христостың, яғни отарлаушылардың құдайының өліп-тірілген күні ғой, Иисус Христос: «Өлтірме!» деп өсиет қалдырса да, оны құдай санайтындар өзінен әлсіздерді өлтіре берген. Ал, олардың Ресейдегі туыстары олардан асып түспесе, кем түспеген, Біреуді өлтірмек тұрмақ, шекесінен шертіп, яки мұрнын қанатсаң — соттайтын заң бар. Ал, миллион адамды жер бетінен жойып жіберсең — соттайтын заң жоқ. Дүниедегі әділетсіздіктің ең зоры осы. Сондықтан да дүние астан-кестен төңкеріле береді. Дүниені Құдірет керемет қиюластырып жаратуын жаратса да, күштілер мен әлсіздер арасындағы әділетсіздік — сол дүниенің сұлу мүсініндегі сүйкімсіз сүйел. Сонымен біз тірі жүрсек, алдағы 1992 жылы әділеттік салтанат құра ма, жоқ па; баяғы отарлаушылардың бүгінгі ұрпақтары Колумб дегеннің Американы «ашқанына», яғни жаулап алғанына 500 жыл толуын тойлай ма, тойламай ма — біз соның куәсі боламыз. Американы Колумбтан мың жыл бұрын талай адамдар ашқан. Үндістердің түркі тектес екенін дәлелдеп жатқан ғалымдар бар. Ендеше 1992 жыл Американың ежелгі төл халқының жаппай қырғыны басталғанына 500 жыл толған Америка үшін азалы жыл болуы керек шығар. * * * Таяуда ғана Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында Қазақстанның тәуелсіздігі туралы мәселе қаралды. Бұл өзі басы ашық нәрсе ғой, айтыс-тартыс бола қоймас. Бұрынғы Одақтағы республикалардың бәрі өз тәуелсіздігін жариялап алды. Жалғыз Қазақстан қалды. Заң тез қабылданатын шығар деп сенгенбіз. Сөйтсек, көп екен көргеніңнен көрмегенің дегендей, дау-дамайдың көкесі алда тұр екен. Ә дегеннен осы Заң керек пе өзі? — деп депутат Чернышев шықты.— Бұрынғыдай империя жоқ, сонда Қазақстан кімнен тәуелсіз болғысы келеді? Бұл әңгімені қозғамай-ақ қояйық. Депутат Козлов: мұны бүкіл халық шешсін, референдумға қояйық, деді. Депутат Водолазов: асықпайық, деді. Депутат Потапов: мемлекеттік тілдер қазақ тілі мен орыс тілі болсын, деді. Депутат Жаворонкова: мемлекеттік тіл үшеу болсын — қазақ, орыс, ағылшын тілдері, деді. Депутат Сухов: қайда шапқылап барамыз, деді. Деді, деді, деді... Тыңдап отырасың — қайран қаласың. Жағаңды ұстайсың. О, тоба — дейсің. Сабыр-сабыр дейсің, қаның таси бастайды. Сап-сап дейсің, қаның қыза бастайды... Желтоқсанның он төртінде басталған айтыс он алтысында тағы жалғасады. Депутат Белик: Қазақстанда азаматтық қоғам құрылсын, дейді. Яғни ұлттық сипат жоғалсын деген сөз. АҚШ сондай дейді. Оны депутат Филаретова қызулана қолдайды. Бұл неғылған жанталас. Бастарына не күн туды? Оларды Қазақстаннан кім қуды? Оу, өткен күзде ғана Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданбап па еді? Сонда да осындай талас туып, ақыры бәтуаға келмеп пе едік? Енді сол ескі мәселені қайтадан қоздырып жатқан не жағдай? Кешегі отаршыл елдің өкілі отар болған, тәуелді болып, басына ноқта түскен елдің жағдайын түсіне бермейді, түсінгісі де келмейді. Ол қорлықты, зорлықты өз басынан кешпеген; ол күн көру үшін, оқуға түсу үшін, қызметке тұру үшін қазақ яки қырғыз тілін қаласа да, қаламаса да оқып үйренген емес. Сондықтан да өмір бойы Қазақстанда тұрып жатса да бір-екі ауыз қазақша сөйлеуді керек деп санамаған. Тіпті тіл екен деп менсінбеген. Қазақ тілінде сөйлеуді қорлық көруі де ықтимал. Империя сондай психология қалыптастырған. Ал, енді оларды орыспысың деген ғой дейік. Қылығы орыстардан асып кететін өзіміздің ағайындарға не дауа. Осы жерде ақ патшаның баяғы «Степной край» деп аталатын өлкесінің генерал-губернаторы Н. А. Сухомлиновтың мына бір құпия хатын өз тілінде келтіргенді жөн көрдім. Орысшадан талай кітап аударсам да дәл осыны өз нұсқасында ұсынғым келді. Генерал-губернатор бұл хатты өзінен дәрежесі төмен губернаторларға, ояздарға жолдаса керек. «С своей стороны рекомендую отнюдь не упускать из виду необходимости быть всегда на почве закона по отношению ко всем обывателям, без различия национальностей, быть всегда особо твердым в сношениях с туземцами (қазақтар деп оқыңыз — Ш. М.) помня что всегда и во всем русское имя и русские интересы должны главенствовать. В области у нас на первом плане должны быть казаки и с ними крестьяне и мещане, а на втором плане — туземцы, ибо хотя все равны,– как члены одной великой семьи, но и в семье есть братья старшие и младшие. В программу вообще нашей всей служебной работы следует положить тот простой взгляд, что мы живем не в Азии, где русский элемент еще слаб и лишь начинает водворяться, в русской области, где временно еще доживают старые азиатские обычаи и нравы, судьба коих может быть только одна: или слиться с общеимперской гражданственностью, или исчезнуть. Туземцы нас должны интересовать только как материал из коего в близком будущем и должны вырабатываться обычные русские крестьяне, хотя и мусульманского вероисповедования. Поэтому их и надо ввести в дух строжайшего уважения ко всему русскому. Те из них, кто вздумает этому не подчиниться, испытают несомненно печальную судьбу: они или останутся безземельными и нищими и перемрут, или Россия с ними расстанется». Генерал-губернатор бұл хатын орыс әкімшілігі Қазақстанға тамырын енді-енді тереңдете бастаған кезде жазған ғой. Одан бері Қазақстан не көрмеді. Сталин мен Хрущевтар Қазақстанды орыстандыру саясатын Сухомлиновтен он есе, жүз есе асырып жіберді. Сондықтан түрі қазақ, ділі мен тілі орыс болып кеткендердің тіпті лауазымдылар арасында да кездесетініне таңғалатын не бар. Шовинистерден де гөрі ұлттық нигилистер қауіпті екені шындық қой. Империя тек қазақтарды ғана қанап, азайтып қойған жоқ. Империя ұлт ретінде, этнос ретінде жұтып жіберген нивхтерге, айндарға, едегейлерге, эвендерге, вогулдарға, черемистерге, ительмендерге, юкагирлерге... хақастарға қарағанда қазақтардың тағдырына тәубе-тәубе десек керек. Хақастар демекші, Енесей бойын ежелден мекендеген осы бір біздің туыстарымыз 1910 жылы өз жерінде халықтың 98,3 процентін құрайды екен, Ал кәзір сол хақастар өз жерінде 11-ақ процент. («Известия», 1991 жыл, 21 желтоқсан). Тілден, мектептен, ұлттық бай дәстүрден, салт-санадан жұрдай болған. Міне, осылардың кебінін кимес үшін Қазақстан тәуелсіз мемлекет болсын дедік. Мұны, бұл ізгі талапты, адал ниетті депутаттар түгел түсінеді, қолдайды деп үміттендік. Обалы не керек, депутат Княгинин сияқты түсінгендері де бар. Ал, бірақ осы басы ашық талассыз ақиқат додалы көкпарға айналады деп кім ойлаған. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болуына, қасарыса, қарсы шыққандар қазақ халқының жүздеген жылдар бойы азаттық үшін арпалысып келе жатқанын шыннан білмей ме екен. Сонау Сырым Датұлы, Исатай-Махамбет, Кенесары, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, 1986 жылғы Желтоқсан толқуы не үшін болған? Әй, осы қазақ не көрмеді, енді еркіндік аңсаған елдің алдына көлденең түсіп жатып алмайық та деген ой жеңсе қайтеді? Өзге елдің бағын байлаған өктем ел де бақытты бола алмайды. Өзгенің бақытсыздығынан бақыт тауып, береке таппайсың. Кейін алдыңнан шығады. Ал, енді әлгіндей пиғылдағы адам дәл қасыңда, парламентте отырса қайтерсің? Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған күннің ертеңіне: депутат Козлов: мә, саған тәуелсіздік! дегендей республикалық газетке мақала жазады. Тәуелсіз Қазақстанның Президенті тек қазақ болсын деген не сөз деп жер тепсінеді. Күндердің күнінде менің балам, балам болмаса немерем Қазақстанның Президенті болады деп шіренеді. Қазақстан енді ешқашан да жеке ұлттық мемлекет бола алмайды деп сәуегейлік айтады. Ниеті түсінікті. Сен өспейсің, сен көбеймейсің деп отыр. Ал сонда қай қазақтың өсіп-өніп, өркен жайғысы келмейді? Араға от салып, әзәзіл араласып, қан төгілмесін деп тілеңіз. Қазақты Тәңірім енді қырғыннан сақтаса — өседі. Өскенде де өз жерінде, өз ата мекенінде өркендейді. Оның құлаш жаятын басқа отаны жоқ. Оның Отаны — Қазақстан. Қазақ жерінде басқа халықтардың да өкілдері өсе берсін, өркендесін. Бірақ олардың бәрінің де өз атамекені, өз отаны бар. Сталиннің зұлматымен Қазақстанға жаппай жер аударылған кеңес немістері қазақ жерінде өсіп-өніп, миллионға жетті. Енді олар өз ата-баба елі — Германияға көшіп жатыр. Гректер — Грекияға, еврейлер — Израильге кетіп жатыр. Кезінде тағдыр бидай қуырғандай етіп араластырып жіберген халықтар өз тегін тауып жатыр. Ал, біздегі кейбір депутаттар сол бәзбаяғы генерал-губернатор Сухомлиновтың деңгейінде қалып қойған. Ой жүйесі, пайым-түсінігі, пейіл-ниеті, пиғылы сол марқұм генерал-губернатор өсиет етіп қалдырған қалыптан аумай қалғандай. Жүздеген жылдар бойы азаттықты аңсаған Қазақстанның тәуелсіздік толғағы тым ұзаққа созылып, алапат азаппен келді. Сол қиындықтың бәрі лайым артта қалып, енді алдан ақжарылқап күн туса екен. Шерхан МҰРТАЗА, Қазақстан Республикасының халық депутаты 26 желтоқсан 1991 жыл