Өнер • 07 Қыркүйек, 2018

Алматыда «Ғасырлар тоғысындағы ұрпақтар жалғасы» көрмесі ашылды

279 реткөрсетілді

Қазақ бейнелеу өнері қай заманда болса да ұлттық қасиеттің болмысын, ондағы дүниетанымдық көзқарасты сақтап келеді. Әбілхан Қастеевпен Молдахмет Кенбаевтан, Салихитдин Айтбаевпен Айша Ғалымбаевадан жалғасқан бітімі бөлек дегдар өнердің киесін кетірмей бүгінге жалғаған отандық суретшілер әлемдік өнер аренасында ұлттық тілмен танылуымызға табанды үлес қосты. Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында салтанат құрған «Ғасырлар тоғысындағы ұрпақтар жалғасы» деп аталған республикалық суретшілер көрмесін тамашалап, қазақ сурет өнерінде өзіндік өрнегі бар 150 қылқалам шеберінің ең таңдаулы  туындыларымен таныстық.

Жыл сайын нағыз шебер шығармалардың басын қосатын өнер жәрмеңкесі биыл Қазақстан Суретшілер Одағының 85 жылдығына арналып отыр. Ұйымдастырушылардың сөзінше, арнайы комиссия мүшелерінің қатаң іріктеуінен өткен өрісі кең, өресі биік деп  танылған үздік жұмыстар ғана көрмеден орын тапқан. Сарай ішін көмкерген көп картиналардың өне бойынан өткен тарихтың сарынын, әр заманның ақиқатын көргендей болдық. Халқымыздың рухани құндылықтары, елдің мақсат-мұраты мен ұлттық қасиет суретшілер шығармашылығындағы түрлі жанрларда әр қырынан  көрініс тапқан. Аға буын мен жастар арасындағы ұрпақтар сабақтастығын жалғаған айтулы көрмеден  мүсін,  қолөнер, кескіндеме, акварельді жұмыстар, графика, сияқты түрлі жанрдағы өнер туындыларын түгел табасыз.

– Өнер тарихындағы әрбір ағым – заман толқынысы десек, соның жаршысы – суретші. 70-80 жылдары қазақ классикалық бейнелеу өнеріндегі динамикалық серпілісте кәсіби қолданбалы өнер саласындағы суретшілерде форма мен кеңістікті реалистік, авангарттық, австракциялық мәнерде еркін көзқарастағы шығармашылықтарымен ерекшеленеді. Суретшілер сол заманның рухын бейнелей отырып, ұлттық мәнер мен форманың негізін қалады. Әр туындыда шынайылық әуені асқақтады. Заман келбеті танылды.  XX ғасырдың аяғында қазақ елі тәуелсіз мемлекет болған тұста «ҚКСО» Қазақстан Суретшілер Одағы болып өзгертілді. Сондай-ақ жалпы қазақ бейнелеу өнерінде заңдылықтар айтарлықтай өзгеріп, ұлттық тарихтың сырын шертті.

Тоқсаныншы жылдардан бастап бүгінгі күнде суретшілер қаламынан тыс қалған көне мәдени-тарихты қайта жаңғырту мәселесі орын алды. Өнер иелері авторлық композициялық идея мен көркемдік мәнерді негіздеуде өздерін сынаққа алды. Заманауи көркемоброз «жаңашыл реализм» ағымда орта буын және жас суретшілер архетиптік түркі мифологиясын қоғамдық тіршілікпен байланыстыра өзіндік ерекше өнер тілімен кестеледі. Бүгінгі көрмеге суретшілеріміздің қазіргі көзқарасымен тарихты байланыстыра отырып креативті идеясымен сомдаған түрлі жұмыстары қойылған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында заманауи қазақ бейнелеу өнерін өркендету, әлемге таныту мақсатында  Суретшілер Одағының ұйытқы болуымен республикалық көрмелер мен пленэрлік іс-шаралар еліміздің барлық өңірлерінде жыл сайын өткізіліп келеді. Бұл шараның суретшілердің шығармашылық тұрғыдан өсуіне тигізер үлесі зор,  – дейді көрме жетекшісі, өнертанушы Гүлнар Қуандыққызы.

Көрмеден  Қазақстан Суретшілер Одағы құрылған кезден бастап қолынан қылқаламы түспей келе жатқан белгілі суретші Тұрсын Әбуов, кесте өнерін кескіндемемен ұштастырып халқымыздың рухани байлығы мен тарихын өз шығармашылығына арқау еткен Мұхамеджан Зейнелхан, одан бөлек Рахман Бертілеуов, Өмірбек Жұбаниязов сынды өнер иелерінің, тағы басқа да суретшілердің шоқтығы биік туындыларын айрықша атауға болады.

«Биыл суретшілеріміз белсенді. Еліміздің әр өңіріндегі үздік өнер иелерінің жұмыстары осында тұр. Қазақ сурет өнері әлемдік өнерден өз биігін алды деп айта алмаймын.  Жалғыз біз ғана емес Кеңес Одағы құрамында болған қай мемлекеттің де бұл саладағы деңгейі орташа. Өйткені ол тұста суретшілерге жасалған көмек пен қазіргі жағдайды салыстыра алмайсыз.  Шығармашылық адамдарына әрдайым қолдау қажет. Көптеген шет мемлекеттерде суретшілердің қал-жағдайына қарап, мемлекеттің жағдайын бағалайды.  Көш жүре түзелер. Ең бастысы суретшілердің талпынысы көңіл қуантады», – дейді  Қазақстан Суретшілер Одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов.

   

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Балқаш қол бұлғайды

Туризм • Кеше

ҰБТ тапсырушыларға кеңес (видео)

Қазақстан • 18 Маусым, 2019

Мишель Платини тұтқындалды

Футбол • 18 Маусым, 2019

Ұқсас жаңалықтар