26 Желтоқсан, 2011

"Еділ мен Жайыққа" ескерткіш орнатылды

361 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақтың көрнекті композиторы Илья Жақановтың «Еділ мен Жайық» әнін білмейтін, оның әсем әуеніне елтімейтін жан кем де кем шығар. Сағыныш пен мұңға, отаншылдық сезімге толы, елдік пен өрлікке, туған жерді шексіз сүйе білуге үндейтін бұл тамаша әннің сөзін жазған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Жұбан Молдағалиев. Осынау өшпес өнер туындысының өмірге келгеніне биыл отыз жыл толып отыр. Осы датаға байланысты Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарының түйіскен тұсында, аталған екі өңірді жалғастыратын күре жолдың бойында еңселі де биік баннер қойылды. Ақжайық ауданының орталығы Чапаев кентінде де дәл осындай баннер орнатылды. Сөйтіп, егемен Қазақстанның жиырма жылдық тарихында тұңғыш рет адамға емес, әнге ескерткіш қойылды. Мұның мәнісі де өте қарапайым деуге болады. Өйткені, «Еділ мен Жайық» әнінде тұтастай қазақ еліне деген терең толғанысты сезім, ата-баба аманаттарына адалдық сарыны бар. Осы туындыдағы асқақ та арынды азаматтық әуен – егемендік пен елдікке үндеудің жарқын көрінісі іспеттес. Қазақтың кең даласы мен айдыны шалқыған өзеніне арналған ән мен оның мәтіні егемендіктің қадыр-қасиетін одан әрі терең зерделей түсуге қызмет етері кәміл. Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы қарсаңында халқымыздың рухын көтеруге септігін тигізе алатын өнер туындысына ескерткіш қойылуының осындай симфоликалық мәні бар деп білеміз. Темір ҚҰСАЙЫН, ОРАЛ – АТЫРАУ – ОРАЛ.