26 Желтоқсан, 2011

Жолдау талаптары түсіндірілді

246 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов бастаған жұмыс тобы Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болды. Жұртшылықпен кездесулер Жолдаудан туындайтын талаптарды түсіндіруге арналды.  №2 жылу электр орталығындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысын жұмыс тобы зейін қоя зерттеді. Мұнда қондырғыларды күрделі жөндеуден өткізуге 2,8 миллиард теңге жұмсалған.  Таяу арада №6 бу қазандығы пайдалануға берілмек. Келесі жылдан бастап 60 мегаваттық жаңа турбина іске қосылады. Соңғы жылдары  ЖЭО-ның өндіріс қуаттылығы 330-360 мегаватқа ұлғайып, энергия үнемдеу бағытында да оң көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Ардагерлер кеңесі мүшелерінің, табиғи монополия субъектілері жетекшілерінің, пәтер иелері кооперативтері мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен жиынға Нұрлан Алдабергенов пен облыс әкімі Серік Біләлов қатысып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, тариф саясатын үйлестіру мәселелері кеңінен сөз етілді.  Агенттік төрағасы өз сөзінде «Жол картасы»  аясында  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын қалпына келтіруде көп жұмыстар атқарылғанын, ендігі басты назар, Жолдауда атап көрсетілгендей, тұрғын үй қатынасының оңтайлы моделін құруды қамтамасыз етуге аударылып отырғанын айта келіп, Үкіметтің тариф саясатындағы ұстанымын әңгімелеп берді. Көршілес елдермен салыстыратын болсақ, жылу қуаты бізде  арзан. Сол сияқты судың тұтыну бағасы да төмен. Мұның өзі адамдардың өмір сапасын жақсартудағы мемлекет қамқорлығын айғақтаса керек, деді Н.Алдабергенов. Өңірдегі инвестициялық міндеттемелердің орындалуын оң бағалады.  Әртараптандырылған тарифтер енгізу тәжірибесін құптады.  Басқосуда шығып сөйлеушілер шығын көздерін кемітудің мүмкіндіктері толық пайданылмай отырғанын атап  көрсетті.  Деректердің әрқилығынан нақты жағдайды бағалау қиын. Жылу трассаларының ашық-шашық жататынын жиі кездестіруге болады. Сол сияқты су ысырабы да тыйылмай отыр. Кеңесті аймақ басшысы С.Біләлов қорытып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту саласында үлкен міндеттер тұрғанын,  оны орындаудың жергілікті көздері мол екенін жеткізді. Өмір ЕСҚАЛИ,  Солтүстік Қазақстан облысы.