26 Желтоқсан, 2011

Жұлдызды жастар «Алтын кітапқа» енді

427 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қостанайда үздіктер мен таланттарды облыс жастарының «Алтын кітабына тіркеу» дәстүрі жалғасып келеді. Биыл Рудный қаласындағы «Горняк» мәдени-демалыс сарайында  жұлдызды жастардың кездесуі жетінші рет өткізілді. Онда облыс әкімі Сергей Кулагин жастарға «Алтын кітапқа» енгені туралы сертификат пен сыйлықтар  тапсырды. Салтанатты кездесуге «Қостанай облысы жастарының алтын кітабының»  2005-2011 жылдар арасындағы лауреаттары, ауыл жастарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Өткен жылы 117 жастың есімі алтын сиямен жазылған «Қостанай облысы жастарының алтын кітабы» альбомы облыстық тарихи-өлкетану музейіне салтанатты түрде тапсырылған болатын.Биыл өмірдің барлық саласындағы үздік жастардың есімі жазылатын осындай альбомның жаңа беті ашылды. Жаңа  альбомға есімі жазылған  он үш жастың арасында ағып бара жатқан адамда судан құтқарған ержүректер де,медицина саласына инновациялық жаңалық енгізген дәрігер, ғалымдар, оқу үздіктері,  талантты өнерпаз жастар бар.  Мысалы Облыстық жол полициясының қызметкері  Дәулет Тілеукенов үстіміздегі жылдың мамыр айында  Тобыл өзеніндегі көпірден суға құлап кеткен адамды әріптесімен бірге судан құтқарып, оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп,  ажалдан аман қалды. Осы ерлік ісі үшін Дәулет  Ішкі істер министрінің бұйрығымен «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталды. Дәулеттің есімі «Алтын кітапқа» енгенімен өзі салтанатты кешке келе алмады. Ол Жаңаөзендегі жағдайды қалыпқа келтіруге көмектесу үшін іссапармен Маңғыстау облысына жүріп кеткен болатын. Рудный қалалық ауруханасында анестезиолог дәрігер болып істейтін Владимир Панченко өлім мен өмір жанталасқан сәтте 750 адамды ажал тырнағынан  аман алып қалды.  Владимир күнделікті дәрігерлік  тәжірибесінде анестезиологияның инновациялық түрін  енгізіп жүр. Операция столында жатқан науқас үшін анестезиологияның  қауіпсіз және қолайлы түрі  нейростимулятор аппаратының арқасында мүмкін болды. Владимир қолданысқа енгізген бұл аппараттың облыста әлі теңдесі жоқ. «Алтын кітапқа» есімі енген жастарға берілген сертификаттың номері белгіленген. Олар кейін музейге тапсырылып отыратын  альбомнан өзінің есімін кез келген уақытта осы  номер арқылы  оңай тауып алатын болады. Биыл «Жастардың алтын кітабы» шаралары тек облыста ғана емес, аудандарда да өте бастады. Бұл дәстүрді Таран, Әлиекөл ауданы және Арқалық қаласының жастары жалғастырды. Әр ауданның, тіпті әр ауылдың өз жұлдыздары болады. Әңгіме олардың  құрбыларына жақсы үлгісінде, елінің патриоты болуында. Жұлдызды жастар барда еліміздің болашағы да жарқын. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА ҚОСТАНАЙ