26 Желтоқсан, 2011

Ардагерлер кеңесінің өз үйі бар

397 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Осы кезге дейін облыстық ардагерлер кеңесі көрінген мекемедегі артылған бөлмеде отырып келген болатын. Ал аға ұрпақтың да қоғамда үлкен орны бар. Өмірді көрген, тәжірибесі мол ақсақалдар кеңесімен атқарушы билік те санасып отырады. Облыс және Қостанай  қаласы  әкімдері кеңесе отырып,  қаланың  қақ ортасындағы  екі қабатты ғимаратты облыстық ардагерлер кеңесіне тұтасымен берді. Бұл  қызыл кірпіштен өрнектеліп салынған  ғимарат өткен ғасырдың басында бір көпестің  өзіне арнап салдырған үйі екен. Ол қала тарихының  архитектуралық  жәдігерінің бірі саналып, мемлекеттік қорғауға алынған. Кірпіші де, іргетасы да қайрақтай үй мықты, мамандар оның әлі бір-екі ғасыр тапжылмай тұратынына сенімді. Үйдің бірінші қабатын Қостанай қалалық , ал екінші қабатына облыстық ардагерлер кеңестері орналасты. Ардагерлер үйінің еденіне әсем кілемдер төселген,  астыңғы қабатында 70 адам  отыратын мәжіліс залы бар. Жоғарғы қабатта ардагерлердің демалыс залы жасақталды. Онда телевизор, компьютер, шахмат, дойбы қойылған. Облыстық кітапхана директоры Гүлжамария Қазина ардагерлер үйіне 200 кітап сыйға тартты. Енді мұнда аталар мен әжелерге арналған кітапхана да болады. Олар газет, журнал тігінділерін де кітапханадан табады. –Ардагерлердің мұндай кеңсе-үйі кез келген облыс орталығынан табыла бермейді.  Бізде де көпке дейін  ардагерлер үйі болған жоқ. Облыс басшылығының қамқорлығы, қала әкімшілігі мен кәсіпкерлердің көмегі арқасында Қостанайдағы  сәнді үйлердің бірін ардагерлер кеңесі иемденіп отыр.  Енді біз өз шараларымызды өткізу үшін өзгелердің акт залдарын сұрап жатпаймыз,–дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин. Ардагерлер кеңесі үйіне кез келген зейнеткер келіп, қатарластарымен әңгіме-дүкен құрып, газет-журнал оқып кетуіне болады. Мәні де, сәні де келіскен үйге келген  қарттар рухани байып қалады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА ҚОСТАНАЙ