26 Желтоқсан, 2011

Көп асқанға бір тосқан

600 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Алғашқы рет қылмыс жасап қолға түспей кету бал арасының омартасынан сұқ саусағыңды батырып асаған сияқты болуы керек. Айырмасы, омарташы бетперде киіп, еңбекқор аралардың балын жинап алады. Өз еңбегі, өз омарталары. Ал, бетперде киіп кісі үйіне қарақшылық шабуыл жасалғандардың күнінің ұзақтығы бір тұтам. Бірақ, осыны олар уақытында сезе қоймайды. Қолға түскенде ғана өлердей өкінеді. Сайрам аудандық ішкі істер бөлімі қамауға алған қылмыстық топ егер айтқандары рас болса 2011 жылдың ақпанында құрылған. Жиырма тоғыздағы азамат басқарған топтың ең жасы кішісі 1990 жылы дүниеге келген бозбала. Әуелде “Бадам” ауылында бір үйге қарақшылық шабуыл жасап, 300 мың теңге алып ізін жасырғандар қолға түсе қоймайды. “Дәндеген қарсақ құйрығымен ін қазады” дегендей, осыдан кейін бірнеше қылмыс жасап, Сайрам ауданындағы бір азаматшаны қинау арқылы 10 мың доллардан астам қаржысын әкеткен. Тағы бірде үй иесімен арпалысқа түсіп, өзгелер келіп қалатын болған соң аяғынан атып кетеді. Бұлардың Алматы қаласында да қылмыс жасағандары белгілі болып отыр. Талай үйді қанқақсатып, оңай олжаға дәніккендер өміріміз осылай еркін өтеді деп ойласа керек. Қолға түсті. Енді өгіздей өкіріп, өткеніне өкініш білдіргенімен кешу жоқ. Қылмыстары үшін сот алдында әділ жазасын алатын болады. Бақтияр ТАЙЖАН, Шымкент