Қостанайда соңғы жылдары педагогика ғылымдарының кандидаты, А.Байтұрсынов атындағы мемлекеттік университеттің профессоры Лилия Саркисян жетекшілік ететін «Мүгедек студенттерге арналған қолжетімді білім» қоғамдық ұйымы отбасының беріктігі, отбасындағы және бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі жөнінде көптеген шаралар жүргізіп келеді. Үстіміздегі жылы осы үкіметтік емес ұйымның ұйытқы болуымен «Менің әкем өте жақсы» және «Әке – жауапты лауазым» жобалары қолға алынған болатын.
Алғашқы жоба бойынша Қостанай қаласындағы мектептердегі 7 және 17 жас аралығындағы балалар арасында бес аталым бойынша байқау ұйымдастырылды. Балалар әдеби және музыкалық шығармаларда, салған суреттерінде, фотосуреттерде әке туралы өз ойларын жеткізді. Мұндай байқау «Мен – әкемін» деген тақырыппен әкелердің арасында да өтті. Сонымен қатар, отбасындағы әкенің рөлі және шаңырақтың биік, босағаның беріктігін сақтаудың өзектілігі жөніндегі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған, көрсетілген материалдары үшін журналистер де байқаудан тыс қалмады. Байқауларға барлығы 279 жұмыс түсті. Жеңімпаздар анықталды.
– Осы жоба шеңберіндегі байқауға қатысқан бала да, әке де жеңіске жетті деп ойлаймын. Олар қоғамдағы өзекті болып отырған мәселеге өз көзқарастарын білдіріп ғана қойған жоқ, сонымен қатар әркім оның шешімін табар жол іздеді, – дейді Лилия Вагановна.
Ал «Әке – жауапты лауазым» жобасы шеңберінде өткен шараларға облыстағы ғалымдар, көпке танымал шығармашылық адамдары, мектептердегі әлеуметтік педагогтар, психологтар, үкіметтік емес ұйымдар, дін өкілдері тартылды. Конференцияның «Әке – жауапты лауазым» деген секциялық мәжілістері Қостанай қаласындағы жоғары оқу орындары мен мектептерде, кітапханаларда өтті. Мысалы, Қостанай педагогика колледжінде педагогика ғылымдарының кандидаты И.Пархоменко жүргізген «Отбасындағы адамгершілік қарым-қатынастың дамуындағы әкенің рөлі» деген сұрақ-жауап формасындағы лекцияға 96 студент қатысқан болса, оның 70-і ұлдар, яғни болашақ әкелер. Мектептерде өткен осы тектес тақырыптағы әңгімелерге оқушылар қатыстырылды. Ал Л.Толстой атындағы орталық кітапханада отыздан аса жас шаңырақ иелері – әкелер бас қосып, әлеуметтік маңызы терең әңгіме қозғады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отбасы институтын дамытуды мемлекеттік саясат деңгейіне көтерді, елімізде 2015 жылға арналған гендерлік тепе-теңдік Стратегиясы жасалды. Ұлттық дәстүрдің, халықтық педагогиканың, тіліміз бен діліміздің тұма бастауы – отбасының, бала бақытының түгел болуы үшін де әкенің орны ортаймауы тиіс. Сондықтан «Мүгедек студенттерге арналған қолжетімді білім» қоғамдық ұйымы көтерген мәселе Қостанай жұртшылығының назарын аударып отыр.
Нәзира Жәрімбетова,
Қостанай.