27 Желтоқсан, 2011

Әке – жауапты лауазым

526 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қостанайда соңғы жылдары педагогика ғылымдарының кандидаты, А.Бай­тұр­сынов атындағы мемлекеттік универ­си­теттің профессоры Лилия Саркисян жетекшілік ететін «Мүгедек студенттерге арналған қолжетімді білім» қоғамдық ұйы­мы отбасының беріктігі, отбасындағы және бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі жөнінде көптеген шаралар жүргізіп келеді. Үстіміздегі жылы осы үкіметтік емес ұйымның ұйытқы болуымен «Менің әкем өте жақсы» және «Әке – жауапты лауа­зым» жобалары қолға алынған болатын. Алғашқы жоба бойынша Қостанай қа­ла­сындағы мектептердегі 7 және 17 жас ара­лы­ғындағы балалар арасында бес ата­лым бойынша байқау ұйымдас­тырылды. Балалар әдеби және музыкалық шығар­ма­ларда, сал­ған суреттерінде, фотосуреттерде әке ту­ра­лы өз ойларын жеткізді. Мұн­дай байқау «Мен – әкемін» деген тақы­рып­пен әкелердің арасында да өтті. Со­ны­мен қатар, отба­сын­дағы әкенің рөлі және шаңырақтың биік, босағаның беріктігін сақтаудың өзектілігі жөніндегі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған, көр­се­тілген материалдары үшін журналистер де байқаудан тыс қалмады. Байқауларға барлығы 279 жұмыс түсті. Жеңімпаздар анықталды. – Осы жоба шеңберіндегі байқауға қа­тыс­қан бала да, әке де жеңіске жетті деп ой­лай­мын. Олар қоғамдағы өзекті болып отыр­ған мә­селеге өз көзқарастарын білдіріп ғана қой­ған жоқ, сонымен қатар әркім оның шешімін табар жол іздеді, – дейді Лилия Вагановна. Ал «Әке – жауапты лауазым» жобасы шең­берінде өткен шараларға облыстағы ға­лымдар, көпке танымал шығармашылық адам­дары, мектептердегі әлеуметтік педагогтар, психологтар, үкіметтік емес ұйым­дар, дін өкілдері тартылды. Конферен­ция­ның «Әке – жауапты лауазым» деген сек­циялық мәжілістері Қостанай қала­сын­дағы жоғары оқу орындары мен мектептерде, кітапханаларда өтті. Мысалы, Қос­танай педагогика колледжінде педагогика ғылымдары­ның кандидаты И.Пархоменко жүргізген «Отба­сындағы адамгершілік қа­рым-қаты­нас­тың дамуындағы әкенің рөлі» деген сұ­рақ-жауап формасындағы лекцияға 96 студент қатыс­қан болса, оның 70-і ұлдар, яғни болашақ әкелер. Мектептерде өткен осы тектес та­қы­рыптағы әңгімелерге оқушылар қатыс­ты­рылды. Ал Л.Толстой атындағы орталық кітапханада отыздан аса жас ша­ңы­рақ иелері – әкелер бас қосып, әлеуметтік маңызы терең әңгіме қозғады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отбасы институтын дамытуды мемлекеттік саясат деңгейіне көтерді, елімізде 2015 жылға ар­налған гендерлік тепе-теңдік Стра­тегиясы жасалды. Ұлттық дәстүрдің, халықтық педа­гогиканың, тіліміз бен діліміздің тұма бастауы – отбасының, бала бақытының тү­гел болуы үшін де әкенің орны ортай­мауы тиіс. Сондықтан «Мүгедек студенттерге арналған қолжетімді білім» қоғам­дық ұйымы көтерген мәселе Қостанай жұртшылығының назарын аударып отыр. Нәзира Жәрімбетова, Қостанай.