Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2018

«Хат қоржын»

985 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Кәсіпкер лимон өсіріп жатыр 

Үндістан, Үнді Қытай, Оңтүстік Қытайда өсірілетін цитрусты жеміс­ті Төлеби ауданында өсіретін болдық. Алғашында жүрексініп жүрген­дер, тәуекелге барып, жылыжайларда сынақ ретінде лимон өсіре баста­ды. Оны баптаудың тәсілдерін меңгерген Юрий Ким Көксай елді мекенінде 0,07 гектар жылыжайда лимон өсіруді қолға алған.

Алғашында жылыжайда 400-ге жуық лимон көшеті отырғызылып, кәсіпкердің үміті ақталып нәтиже бере бастаған соң, оны кәсіпке айналдыру көзделді. Кәсіпкер Юрий Алексеевич өз қаражатына салған лимонарийге асқан төзімділік қажет екенін айтады. Осыған қарап, басқа банан, киви сияқты тропикалық жемістерді еш қорықпастан жылыжайларда өсіруге болатын сияқты. Биіктігі 3-6 метрге жететін бұл өсімдіктің үйде өсірілетіні 2 метрге дейін жетеді. 60 жыл жасайтын лимон ағашы үй жағдайында 40 жыл өмір сүреді. Ұрығын өсірсе, 40 күннен кейін көріне бастайды. Алғашқы жемісін 6-10 жылда береді, өйткені баяу өседі. Осылайша Түркістан облысында елімізде бұрын соңды өсірілмеген жемістерді өсіру қолға алына бастады. Кәсіпкердің үміті ақталып, еңбегі жанатын болса, төлебиліктер цитрустық жемісті алыстан арбаламайтын болады.

Аман БОЛСЫН

Түркістан облысы

Құлмағанбет салдырған мешіт

Жаңақорған ауданының Қаратөбе ауылында жаңа мешіт ғимараты пайда­­лануға берілген болатын. Аллаға сыйыну үйін осындағы «Сұңқар» шаруа қожалығының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Құл­маған­бет Исаханов өз қаражатына салдырып, ауылдастарына ұсынды.

Ғимараттың салтанатты ашылуына ауыл тұрғындары мен қатар көрші елді мекен тұрғындары да көптеп жиналды. Шара барысында сөз сөйлеген аудандық ішкі саясат бөлімінің өкілі: «Бұл имандылыққа бет бұру­дың көрінісі. Осы ауылдағы күйі кетіп тозып тұрған мешіт орнына жаңа­сын салу жөніндегі ұсынысты құп алған Құлмағанбетке жер­лес­тері дән риза», деді. Салтанатты шарада ауыл ардагерлері атынан Құлма­ған­бет­тің ұстазы Әбілхайыр Жәнібеков сөз алып, ауылдастарының алғыс­тарын жеткізді. «Құлмағанбет елді еңбекке ұйыстырып, адал бейнеттің наны тәтті екендігін ісімен дәлелдеп келе жатқан азамат. Міне енді, дін, өмір, уақыт үшеуінің негізі бір екендігін жамағатқа білдіріп отыр», деді. 

 Мешіт – имандылықтың ұстаханасы. Санаңа сансыз сәуле себетін, көкірек көзіңе күмбір-күмбір кісілікті кіргізетін имандылық үйі осылай Жаңақорған ауданының бір қиырындағы Қаратөбе ауылында Құлмағанбеттің шарапатымен бой көтерді. 

Нұрмахан НАЗЫМХАНҰЛЫ

Қызылорда облысы 

Жасымызға жетпей жұмыссыз қалдық 

Жасым 40-тан асқан Қазақстан азаматымын. Осы уақытқа дейiн кү-зетшi болып қызмет iстеп, отбасымды асырап келдiм. Біраз бұрын денсаулығыма байланысты жұмыстан шеттетiлiп қалдым. Мен жоқ кезде орныма бiр жас жiгiттi қабылдап қойыпты. Содан берi бармаған жерiм, баспаған тауым қалмады. Бiрде-бiр мекеме 40-тан асқан ер азаматты жұмысқа қабылдағысы келмейдi.

Елiмiзде ер азаматтардың зейнетке шығатын жасы – 63. Зейнетке шығуыңа бiр-екi жас жетпей тұрса бiр жөн. Заңды алдыға тартып, қызметiңдi сақтап қаласың. Отбасының нәпақасын бiр айлықпен қамтамасыз етiп жүрген бiз сияқты азаматтардың жағдайына үкiмет басындағылар қарайласса екен. Әйтпесе 40-тан асқан азаматтарды талғап қана жұмысқа алу деген не сұмдық? 45 жасыңда жұмыссыз қалсаң, бiттi деген сөз бе? Осы ретте 40-60 жас аралығында жұмыссыз жүрген Қазақстан азаматтарының пайдасына бiр заң шығарылса екен. Ең болмағанда, бiз сияқты азаматтарды «тым кәрiсiң» деп қызметке қабылдағысы келмейтiн мекемелерге бiр шара қолданылса деймiн.

Жангелдi ПЫРМАНОВ

Шығыс Қазақстан облысы,

Аягөз ауданы

Неге Балуан Шолақ есiмiн бермеске? 

2006 жылы еңбек демалысыма шығып, Бурабайда демалмақ болдым. Пойызбен кетiп бара жатып, Қарағандыдан өткенде өзiмдi басқа елге өтiп кеткендей сезiндiм. Себебi, жер-су аттары бiрыңғай орыс тiлiнде едi. Бiрен-саран қазақша аттарды кездестiргенде балаша қуандым.

Бурабай демалыс орны – Бурабай ауданындағы Щучинск қаласына қарайды екен. Щучинск дегенi несi? Бұл, әрине, патшалық Ресей тұсында қазақ жерiн отарлағандардың қойған аты ғой. 

Арада 10 жылдан асқан соң, яғни былтыр Бурабайға тағы барып қайт­тым. Сөйтсем, баяғы жартас сол жартас. Қала әлi Щучинск деп ата­ла­ды екен. Тарихқа үңiлсек, осы қаладан он шақырым жерде Абы­лай хан өз ордасын тiккен. Және бұл жерде Қасым хан, Кенесары, Наурыз­бай батырлар дүниеге келген. Щучинск маңында Бiржан сал, Ақан серi, Балуан Шолақ, Үкiлi Ыбырайлар өмiр сүрген. Ендеше, неге Щучинск қаласына қазақша ат бермеске? Мысалы, Балуан Шолақ деп атасақ, жөн болар едi.

Балуан Шолақ – тек күш атасы ғана емес, ол сол жердегi қарапайым қазақ тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдап, кеуделерiне нан пiскен жандармен күрескен тұлға. Отаршылдар езгiсiнде болған қазақтар үшiн Балуан Шолақ сол тұста “азаттықтың символы” болған. Айтарым – осы қалаға Балуан Шолақ есiмiн берсек күллi алаш жұрты бөрiгiн аспанға атып қуанар едi, рухтары көтерiлер едi.

Әдiлхан ӘТЕМОВ

ШЫМКЕНТ

Кітап оқуға машықтандырсақ

Жас жеткiншектердiң әдебиетке құштарлығы күн өткен сайын азайып бара жатқандығы белгілі. Бұған дейiнгi: «Балалар теледидардан көз алмайтын болды» дегенiмiз жай нәрсе екен. Жас өркеннiң санасын жаулаған көк жәшiкке ендi компьютер қосылды. Соның салдарынан баланың интеллектуалдық деңгейi төмендеп қана қоймай, рухани жан дүниесi де жұтаңдану үстiнде.

Егер байқаған болсаңыз, бастауыш сынып оқушыларының денi белгiлi бiр мәтiн бойынша өз түсiнiгiн айтып бере алмайды. Ал оқуын оқиды, тiптi мүдiрмей, желдiртiп оқып шығады. Өйткенi мектепте бiрiншi сыныптан бастап-ақ баланың «техникалық оқу жылдамдығы» тексерiледi және әр сыныпқа бекiтiлген норма бар. Былайша айтқанда, мектеп баланы кiтапты ойланып оқуға үйретпейдi. Осы орайда, Экзюперидiң: «Тек жүрек қана – шын мәнiсiнде көреген. Ең негiзгi нәрсенi көзбен көре алмайсың» деген бiр сөзi ойға оралады. Яғни кiтап оқуға үйретудегi мақсат – баланы кез келген шығармаға жүрекпен бойлауға баулу, көркем шығарманы жалаң, жадағай қабылдамай, ләззат алып оқуға машықтандыру болса, қанеки! 

Ал балғын жастың ой еркiндiгiн дамытып, iшкi түйсiгiн арттырудың бiрден-бiр жолы – оны кiтаппен достастыру. Шын мәнiсiнде, кiтапты, жалпы, әдебиет әлемiн – түнгi аспандағы жұлдыздарға теңеуге болады. Ол әркiмнiң көкiрек көзiн ашады, санаға сәуле түсiредi, түнектiң iшiнен жол табуға жетелейдi.

Назгүл ҚОҢЫР

АЛМАТЫ