Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2018

Мұнайлы мекенде мектеп пен мұғалім жетіспейді

866 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаңа оқу жылында Атырау облысындағы мектептерге 118 мыңнан астам оқушы барды. Биыл білім ошақтарын жөндеуге 328,2 млн теңге, күрделі жөндеуге 2 млрд теңге бөлінген. Оқу құралдарымен қамтамасыз ету үшін қаралған қаражат та 2 млрд теңгеден асады. Бала санының өсуі, облыс орталығында жаңа шағынаудандардың пайда болуы әрине жақсы, бірақ бұл өз кезегінде мектептердегі орын тапшылығына, үш ауысыммен оқудың түбегейлі жойылмауына да әсер етіп отыр.  

Мұнайлы мекенде мектеп пен мұғалім жетіспейді

Бір партада – үш оқушы

Облыстық білім беру басқарма­сының басшысы Қайырғали Кен­жеғалиевтің айтуынша, өңірде 193 мемлекеттік, 4 жекеменшік мектеп бар. Оның ішінде 4 мектеп апатты жағдайда деп танылған. Жаңа оқу жылы қарсаңында 2 мектеп, 3 балабақша ашылды. Соның өзінде оқушы санының көптігінен үш ауысымда оқитын білім ұялары­ның қатары кемір емес. Керісінше, өсіп барады. Былтыр 9 мектеп үш ауысымда оқыса, биыл бұл көр­сеткіш 11-ге жетті. 600 оқушы­ға ар­налған білім ошағында 2 мың бала сабақ оқуға мәжбүр. Осы ол­қылықтың орнын толтыру үшін облыс орталығындағы №34, 17, 27, 22 мектептерге қосымша ғи­марат салуға жобалау-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Апатты жағдайдағы М.Жұмабаев пен Ғ.Мұратбаев мектептерінің шәкірттері көршілес мектептерге барып оқып жүр. Алда қаһарлы қыс келе жатқанын ескерсек, бұл жағдай балалар мен ата-аналар үшін қолайсыздық тудырары анық. Мұнайлы өңірде жыл сайын жаңа мектеп, балабақшалар салынады, ескілері жаңартылады, қосымша ғимараттар тұрғызыла­ды, со­ның өзінде орын жет­пеу мәселе­сі күн тәртібінен түсер емес. Ә.Мол­дағұлова атындағы орта мектеп директоры Ақсұлу Сәлиева үш ауы­сымда оқытудың кедер­гілері көп екенін айтады. Оқу­шы санының нормаға сай болмауы, үш-төрт баланың бір партада тығылысып отыруы білім сапасына әсер ететіні тағы бар.

380 мұғалім керек

Мұнайлы аймақтағы мектептерде 380 мұғалімнің орны бос тұр. Әсіресе бастауыш сынып пен математика пәнінің мұғаліміне сұра­ныс жоғары. Орыс тілінде оқыта­тын білім мекемелеріне де педагог кадрлар керек. Х.Досмұхамедов атын­дағы Атырау мемлекеттік уни­­вер­ситеті 19 педагогикалық ма­ман­­дық бойынша оқытады. «Өт­кен оқу жылында 248 жас маман уни­верситет бітірді. Жыл сайын түлек­терді жұмысқа орналастыру­ға арналған жәрмеңке болады. Осы шарада 136 қазақ, 22 орыс сынып­тары­ның мұғалімдері шақырту алды. Орысша сабақ беретін 222 мұғалімге сұраныс түскен еді, бірақ соның 10 процентімен ғана қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз болды», дейді уни­верситеттің акаде­миялық мәсе­ле­лер департа­менті­нің басшысы Асхат Шүкіров. Орыс тілді мектептерге мұға­лім жетіспеу проблемасы бұрын­нан бар. Сол үшін облыстық әкімдік тара­­пы­нан мұғалім боламын деген жас­тар­ға қолдау ұйым­дастыры­лады, мысалы өткен жылы 158, биыл 187 грант бөлінген. Грантпен оқып жатқан студенттер енді екі жылдан кейін оқу бітіреді, мүм­кін сол кезде сең аздап болса да қозға­лар. Әзірге мәселе ашық күйін­де қалып отыр. Білім беру басқар­масы көршілес өңірлердегі оқу орын­дары­ның түлектерін Атырауға шақы­рып, жұмыс ұсынуды да қолға алған. Соның өзінде, жағдай жоғарыдағыдай.

Балабақшаға – онлайн кезек

Балабақшаға өтінішті қанша­лық­ты ерте берсеңіз, жолдама алу мүмкіндігі де жақындай түседі. Оқу жылының басында garden.atyrau.gov.kz сайты іске қо­сылды. Енді интернетпен бала­бақша таң­дауға, мектепке дейінгі мекемелерге кезегіңізді қадағалауға, sms, e-mail хабарлама арқылы кері байланыс орнатуға мүмкіндік бар. «Бұл ата-ана­лардың уақытын үнем­деуге, сы­байлас жемқорлық тәуе­ке­лін бол­дырмауға септігін ти­гі­зеді», дейді Атырау қалалық білім бөлімі басшысының міндетін ат­қарушы Алмабек Абдолов. Бұрын балабақшаға кезек электронды жүйеде көрсетілгенімен, жолдаманы қалалық білім бөлімі беретін. Енді республика бойынша енгізілген бірыңғай стандарттың негізінде жүйе автоматты түрде бәрін өзі реттеп отырады. Білім бөлімінің мәліметіне сүйеніп айтар болсақ, облыс орталығындағы 42 мемлекеттік балабақшаға 13 мыңнан астам бала барып жүр. Ал кезекте әлі де 22 408 бала тұр.

Әрине мұнайлы өңірдегі білім беру саласында жақсы жаңалықтар да бар. Жақында білім күніне арналған салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өткен оқу жылында 71 атыраулық оқушының түрлі өнер, білім жарыстарында жүлдегер атанып, 20 оқушының халықаралық байқауларда топ жарғанын ерекше атап айтқан еді. «Заман талабына сай жаңа технологияларды дамытуға және оны балалардың меңгеруіне көңіл бөліп келеміз. ІТ-сыныптар ашылып жатыр, оқу орындарының 90%-тен астамы кең жолақты интернет жүйесіне қосылған. Биылдан бастап облыстағы мектептерде 45 роботтехника сыныптары жұмыс істейді. Жыл соңына дейін білім беру саласында тағы да жаңа нысандар ашылады», деген еді өңір басшысы. Қазір өңірде 5 мектептің құрылысы жүріп жатыр, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Құрылыс қарқыны осы бағытынан таймаса, жақын жылдары мектеп мен балабақшада орын тапшылығы мәселесі де өткен күннің еншісінде қалар деген үміт басым.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ