Өнер • 14 Қыркүйек, 2018

Отбасылық ансамбльдердің өрісі неге тарылды?!

891 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Отбасылық ансамбльдердің өрісі неге тарылды?!

Сонау сексенінші жылдардың орта шенінде еліміздің мәдени-рухани өміріне мол үлес қосқан өнерлі отбасылар көп-ақ еді. Жасы жер ортасынан асқан отағасынан бастап аяғын апыл-тапыл басқан балдырғандарға дейін қосыла шырқап, тал бойларындағы тамаша өнерлерін ортаға салып ұлттық өнердің үрдісін бекем жалғастырып жататын. Неге екенін кім білсін, соңғы кезде осы бір әдемі үрдіс сиреп қалған тәрізді. Әйтпесе заманында рес­публика көлемінде Дәрібаев, Алтаев, Байырбековтер тәрізді отбасылық ансамбльдердің әдемі өнері әлі күнге дейін өнерқұмар қауымның жадында.

Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған Көкше өңірінде де бағалы бастама жалғасын та­уып, ел ішін әуелеген ән мен күм­бірлеген күй кернеп жататын. Әсі­ресе облыс орталығындағы Нұр­мышевтар, Хущевтар, Айыр­­­тау ауданындағы Сырымбет елді мекенінде тұратын Мұқы­­шевтар, Ленинград ауданындағы Хасеновтер және де тіл ұшына ілікпей жатқан өзге де өнерлі отбасылық ансамбльдер қан­дай еді, шіркін. Халық шы­ғармашылығы орталығы өнерлі отбасылардың шығар­­ма­шы­лық өсу деңгейі, таланты мен та­ғылымы туралы арнайы пла­кат­­тар шығарып, жинақтар дайын­­дап, жергілікті баспасөзде өзгеге үлгі етіп дәріптеліп жатушы еді.

– Заманында бұл тараптан қолдау жақсы болды, – дейді әнші Қайранас Мұқышев, – ән ұшып, өлең қонған өлкеден болған­­­­дықтан ба екен, әлде ата-бабамыздан қанда бар қасиет бе әйтеуір біздің отбасында бар­­­­­­лығы өнерге жақын болды. Пер­зенттерімнің кейбірі ән шырқаса, кішкентай балапандарымның бәрі дерлік би билейтін. Үйдің іші кешкілік өз алдымызға бір өнер ошағы тәрізді болушы едік. Балалар бірін-бірі көріп өседі емес пе? Барлығы да домбыра тартты, сан түрлі музыкалық аспаптарда ойнады. 

Сағыныштың самалы есіп тұрған осы бір ауыз сөзден кейін облыс өңіріндегі отбасылық ансамбльдерді індеттік. Біреуін таптық. Қияндағы Ерейментау ауданынан. Бағзыдан келе жат­қан бағалы үрдісті жалғап ат тұя­ғы жететін жердегі дүйім елге өміршең өнерімен танылған Бар­лыбаевтар отбасы бірінен-бірі өткен өнерпаз болып шықты. Мұндайда атам қазақ «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демей ме. Көрген, ілген. Бір-бірімен жалғаса жарысқан. Сол қызығушылықтың арқасында ұлы өнердің кішкентай талшықта­ры сабақталған. Шаңырақ иесі Сапар Ибрагимұлы өзінің негізгі шаруасынан басқа аудандағы «Балдәурен» вокалдық тобының жетекшісі екен. Отбасылық ансамбль аудандық, облыстық бай­қауларды былай қойғанда рес­пуб­ликада топ жарыпты. Сапар­дың өзі «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат. Өз жанынан ән де шығарады. Қос қызғалдағы Алина мен Каринасы ауданда өтетін мәдени көпшілік шаралардан қалған емес. Біреуі тамылжытып ән салса, енді біреуі нәшіне келтіре би билейді. Ал отағасының зайыбы Елена Александровна болса шұғылалы бидің шуағын төккен мың бұралған биші. Аудандағы «Ханис» би тобының жетекшісі. Өз отбасының ғана емес, талабы мен ынтасы бар, биге құмар балаларды баулып жүр.

Зайыры отбасының боса­ға­­сының берік болуына өнердің де ықпалы зор болуы керек. Әйт­песе қазіргі күні бүгін үйле­не салып, ертең ажырасып жата­тын­­­­­дардың көп кездесетін бір сыл­тауы бар. Ол «мінезіміз жараспады».

Демек, отбасылық ансамбль жалғыз өнерге ғана емес, бір­лік­ке, отбасындағы ынты­мақ­қа да қалтқысыз қызмет етеді екен. Тек сол ықпалы зор отбасылық ансамбльдердің дәл қазір орны ойсырап тұр.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы