Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2018

Қасқыр соққан келіншек

942 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осы оқиға жөнінде соңғы кездері көбірек құлағдар болып, 20 жасында қасқыр соққан келіншектің батыл қимылына таң-тамаша қалушы едім. Жақында осы оқиғаның кейіпкерімен жүздесіп, әңгімелесудің де сәті түсті. 

Қасқыр соққан келіншек

Бәтима Бисекенованың жастық шағы Теректінің Шал­қар көлінің жағасында өтті. Осы өңірде мектепте білім алды, балық цехында еңбек етті. Тағдырдың жазмышымен Зинеддин Бисекеновпен ша­ңырақ көтеріп, Тоғанас ауылында ғұмыр кешті. Міне негізгі әң­гіме қыларлық оқиғаның қы­зықты желісі де осы Тоғанас ауылында, 20 жастағы келіншек Бәтиманың басынан өтерін ол кезде кім біліпті?!

1965 жылы шаңырақ құрған Бәтиманың күйеуі Зинеддин күз айында азаматтық борышын өтеуге Кеңес Армиясы қатарына шақырылады. Аяғы ауыр жас келіншек үйде ата-енесімен қала береді. Атасы Сейітқали қария кеңшардың бір табын ірі қара малын бағатын. Бір жылдан соң Сейітқали қария зейнеткерлікке шығып, Тоғанас ауылының №2 бөлімшесіне жақын Аңқаты өзені жағасындағы қыстауға көшіп келіп орналасады.

Бағымдарындағы ірі қара, қой-ешкі күнделікті тірліктерін өткеруге ермек еді. Отағасы Зинеддиннің армия қатарына алынғанына 6 ай болғанда Бәтима да жеңілденіп, тұңғыш қыздары өмірге келген.

– Ата-енем жарық дүниеге келген тұңғыш қыздарын бірден өз бауырларына салып, мәпелеп өсіруге сон­дай ынталы болды. Тіпті бір сәтке көрмей қалса, мазасыз күйге түсетін. Әлі есімде, күз айының аяқ шенінде ата-енем кішкене қызды алып, Тоғанас ауылының орталығына қонаққа кетті. Үйде жалғыз қалдым. Кешкілік ауладағы малды қамап, жайғастыруға шық­қаным сол еді, зу етіп бір ит қора ішіне кіріп кеткендей болды.

Қораға кірген бойда әлгі ит шетте тұрған сиырға жабыса кетіп, малдар өкіріп, қора іші азан-қазан болғаны. Ойым­да ештеңе жоқ, мен сол сәтте қо­лымдағы айырмен әлгі иттің басынан бар күшімді сала ұра бердім, ұра бердім. Жа­ңағы ит сылқ етіп құлап түскен соң, ауланың сыртына сүйреп шы­ғара салдым.

Кешқұрым қонақтан оралған атам мен өлтірген мақұлықты көре сала «Ойбай, мынауың қас­қыр ғой, мына пәлемен қалай алысқансың шырағым?» – деп менің батылдығыма қайран қал­ғаны бар, – дейді сол кезді есіне алған Бәтима апа.

Иә, 20 жасында қасқыр соқ­қан келіншек Бәтима сол өлтір­ген қасқырының терісін Орал қаласындағы тиісті мекемеге тап­сырып, терінің құны мен сый­ақысын алып келген соң ауыл ішінде «Қасқыр соққан келіншек» аталып жүре бергені бар. Сол жылдары кеңшардың бас зоотехнигі Хамит Қаржауов қас­қыр соққан келіншек Бәтима жө­нінде аудандық газетке мақала да жариялаған екен.

Сонымен қасқырмен алыс­қан Б.Бисекенова – ұзақ жылдар аудандық прокуратурада тазалықшы болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан ота­ғасы Зинеддинмен бірге 4 қыз, 3 ұл тәрбиелеп өсіріп, 6 немере, 10 жиен, 5 жиеншардың қы­зығын көріп отырған батыр да бақытты ана.

Ал қолындағы айырымен қасқырды жер жастандырған жас келіншектің бұл батыл­дығын, қайсарлығын бұл күнде біреу білсе, біреу білмесі анық. Біздің басты мақсатымыз да Бәтима Бисе­кенованың батыл­дық қасиетін көпке жария ету болатын.

Мүсірбек АЙТАШЕВ

Батыс Қазақстан облысы,

Сырым ауданы