Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2018

Әлеуметтік төлемдер мөлшері бойынша атқарылған жұмыстар нәтижесі жарияланды

780 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

 Алматы қаласы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының» басшысы Алтынбекова Гүлсара Асылбекқызының  қатысуымен  баспасөз конференциясы өтті.

Әлеуметтік төлемдер мөлшері бойынша атқарылған жұмыстар нәтижесі жарияланды

2005 жылдан бастап енгізілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейі болып табылады.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер:

- еңбек ету қабілетінен айырылу,

- асыраушысынан айырылу,

- жұмысынан айырылу,

- жүктілігіне және босануына байланысты,

- жаңа туған баланы асырап алу,

- бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда тағайындалады.

Әлеуметтік төлемдердің мөлшері әлеуметтік аударымдар төленген ай сайынғы табысқа байланысты. Әлеуметтік аударымдардың мөлшерлемесі алатын табыстың 3,5 % құрайды. Әлеуметтік аударымдар төленетін ең жоғарғы табыс – ай сайын   10 ЕТЖ (ең төменгі жалақы), ал ең төмен табыс – 1 ЕТЖ.

Алматы қаласында 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша әлеуметтік аударымдар 1 млн жуық адамға төленді. Әлеуметтік сақтандыру жүйесі пайда болғаннан бері Алматы қаласында әлеуметтік төлемдер жалпы сомасы 145 млрд теңге көлемінде 390 мың азаматқа төленген.

Құнсыздану үрдістеріне байланысты әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан айырылуына байланысты артып отырады. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап осы әлеуметтік төлемдердің мөлшері 16 % артқан.

Алматы қаласы бойынша еңбек ету қабілетінен айырылған 4 796, асыраушысынан айырылған  2 372 адамға төлемдер ге арттыру жүргізілді. Арттыру нәтижесінде осы төлемді алушылардың жыл сайынғы мөлшері 20,6 млн.теңгеге артады.

Сонымен қатар, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) өсуіне байланысты, бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдердің ең төменгі мөлшері артты.

  Жалпы алғанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілгеннен бастап Қазақстанда 4 млн аса адам қордан жалпы сомасы 1 трлн теңгеден аса сомаға әлеуметтік төлемдер алды.  

Алматы қаласында 390 мың жанға 145 млрд теңгеден аса сомаға  әлеуметтік төлемдер төленген.

Бірнеше жылдар бойы төленетін әлеуметтік төлемдердің ұзақ мерзімді екі түрі бар. Мысалы, еңбек ету қабілетінен айырылуы жағдайына әлеуметтік төлемдер адам еңбек ету қабілетін қалпына келтіргенше, не зейнеттік жасқа жеткенше төленеді. Ал асыраушысынан айырылуы жағдайына төлемдер – асырауындағы балалар кәмелеттік жасқа толғанша немесе күндізгі бөлімде оқитын студенттерге 23 жасқа дейін төленеді.

 

 

Әлеуметтік төлемдердің мөлшері ай сайынғы түсетін әлеуметтік аударымдар сомасы мен нақты адамның жүйеге қатысу өтіліне тікелей байланысты. Аударымдарды уақытында және толық көлемде төлеудің де маңызы зор. Сондықтан, әр бір жұмыскер өзі үшін төленген әлеуметтік аударымдарды қадағалап отыруы керек, жұмыс берушіден аударымдарды уақтылы және толық көлемде төленуін талап етуі қажет.

Өмір сүрудің жоғарғы стандарттарына бағытталған әлеуметтік мемлекет құру балалы отбасыларды қолдауда да өз көрінісін табуда.

Қазақстанда туу санын арттыру және балалы отбасылардың жағдайын жақсарту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында бала тууына және бір жасқа дейінгі бала күтіміне мемлекеттік жәрдемақылар төленеді.

Бір, екі және үш балаға бір реттік жәрдемақының мөлшері 38 айлық есептік көрсеткішті (бұдан әрі – АЕК), ал төрт және одан да көп балаға 63 АЕК құрайды.

2018 жылы 1 жасқа дейінгі бала күтімі үшін берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері:

- 1 балаға 13 853 теңге (5,76 АЕК);

- 2 балаға 16 379 теңге (6,81 АЕК);

- 3 балаға 18 880 теңге (7,85 АЕК);

- 4 және одан да көп балаға 21 405 теңге (8,90 АЕК) құрайды.

Жыл сайын АЕК артуымен осы төлемдердің мөлшері де артып отырады (2018 жылы АЕК – 2 405 теңге).

 

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ