TRT Haber агенттігі Н.Назарбаевты Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған өзінің ордасында салтанатпен қарсы алғанын жазады. «Ердоған Мемлекет басшысының «Күлиесі» алдында Н.Назарбаевты күтіп алды. Президенттер арнайы орынға келгенде екі елдің әнұраны ойнап, 21 рет зеңбірек оғы атылды. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев құрметті қарауылдарға түрікше «Сәлем, әскер» деп амандасты. Сондай-ақ алаңда тарихта құрылған 16 түрік мемлекеті мен олардың туын ұстаған арнайы әскер де болды», дейді TRT Haber.
Агенттіктің мәліметіне сүйенсек, Түркия Сыртқы істер министрі Мевлут Чавушоғлу, Ұлттық қорғаныс министрі Улуси Акар, Энергектика және табиғи ресурстар министрі Фатих Дөнмез, Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Эрсой, Транспорт және инфраструктура министрі Мехмет Жахит Турхан да Елбасыны қарсы алған делегацияның құрамында болған.
Агенттік екі ел басшыларының баспасөз жиынында бірқатар маңызды мәселелер талқылағанын, Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасын нығайта түсу үшін әлі де атқаратын шаралардың мол екеніне кеңінен тоқталып өткен.
«Мемлекет басшысы Ердоған Бештепеде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жеке кездесуден кейін Жоғары деңгейлі стратегиялық әріптестік жиынына қатысып, төрағалық етті. Ердоған Назарбаевпен өткен екі жақты кездесулерде бірқатар мәселелерді талқылады», деп хабарлайды Hurriet.
Басылым бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылғанын, тараптар экономика, сауда салаларын дамыта түсуге келіскенін, сондай-ақ жалпы сомасы шамамен 2 миллиард доллардан асатын 20-дан астам құжатқа екі елдің жауапты мекемелері мен жекеменшік секторы өкілдері қол қойғанын жеткізді.
Yeni Akit газеті Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға ресми сапары барысында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесіп, 2 миллиард долларлық келісімге келгенін хабарлады.
«Баспасөз жиынында «Мәртебелі, Мемлекет басшысы», «Құрметті, ақсақалым» деген Ердоған Қазақстанда бастау алған Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің үшінші жиынына қатысып отырғаны және Н.Назарбаев бастаған делегацияны өз ордасында күтіп алғанына қуанышты екенін жеткізді», дейді Yeni Akit.
Басылымның хабарлауынша, Р.Ердоған Елбасы Н.Назарбаевпен Түркі кеңесінің VI саммитінде жолыққанын еске салып өтіп, күн тәртібінде тұрған ең маңызды мәселелерді талқылағанын атап өткен. Сондай-ақ Түркия Президенті екі ел арасында 5 маңызды құжатқа қол қойылғанын да айтқан.
«Мемлекет басшысы Ердоған атажұрт Қазақстаннан Назарбаев бастаған делегацияның келуі өздерін қуантқанын мәлімдеп, «Тамыры терең тарихымыздан бастау алған Түркия-Қазақстан қарым-қатынастарының келешегі одан әрі дами түсетініне сенім білдіремін», деді. Сондай-ақ екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстар бұдан кейін де жалғаса беретініне сенім білдірді», деп хабарлайды Yeni Akit.
Дайындаған
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»