Қазақстан • 17 Қыркүйек, 2018

Жақсылардың жалғасы еді

453 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Жақсылардың жалғасы еді

Көктемнің жайма-шуақ күн­дерінің бірінде кабинетіме бас редак­тордың бірінші орынбасары Ержұман Смайыл кіріп келді де:

– Әдеке, іссапарға шығып қай­туға қалай қарайсыз? – деді.

Қапелімде сасып қалған мен:

– Біз әрқашанда даярмыз ғой. Қашан? Қайда? – деген сұрақтарды бірінен соң бірін қойып үлгердім.

– Осы маң. Ертең, – деді Ере­кең езу тартып. Бұрылып бара жат­қанда айтқан тағы бір сөзін құла­ғым шалып қалды:

– Бірге шығамыз.

Аң-таң болып мен қалдым. Бі­ріншіден, бірінші басшы қыз­меткерлеріне тапсырма бергісі келсе кабинетіне шақырып алып, айтпас па еді. Екіншіден, «бірге шығамызы» несі? Не, сонда өзі де бармақшы ма? Тағы бір таң­ғалғаным «осы маңы» болды: оны­сы қала іші ме әлде сырты ма?

Ертеңіне Алматы облысындағы меншікті тілші Саясат Бейісбайдың көлігінде келе жатып, кешегі жайтты тағы да еске алып, еріксіз мырс ете қалдым.

– Ол не? – деді алдыңғы жақ­тағы орындықта отырған Ерекең біз жаққа бұрылып.

– Оу, Ереке, айтпайсыз ба, енді қайда бара жатқанымызды? – дедім күліп.

– Саясат айтпады ма, – деді ол артқы жақта менімен қатар жай­ғасқан меншікті тілшімізге қарап.

– Мен де жаңа ғана естідім ғой, – деді ол.

– Ә, солай ма, – деп бізге қарай бар денесімен бұрылып отырған бас­шымыз сапар сырын баяндап берді.

Күрті ауданының әкімі Серік Үмбетов шақыртқан көрінеді. Ақшиде аурухана ашылған ба, әлде Желтораңғы жақта Ілеге қосымша көпір салынған ба, қазір нақты есімде жоқ, әйтеуір бір жақсы жаңа­лықтың басы-қасында болып, халық қуаныштарын бірге бөліс­се­ңіздер екен деген тілек айтса керек.

– Арнайы материал жазудың қажеті жоқ, – деді Ерекең едәуір уақыт өткен соң тағы да біз жаққа басын бұрып. – Секең басшылыққа жаңадан келіп жатыр ғой. Даңғаза дабыраны онша ұната бермейді. Ел, жер көріп қайтсын деген ниет­пен шақырған шығар. Бәрін бара көрерміз.

Ақшиге әңгімелесіп отырып қалай жеткенімізді байқамай қалдық. Серік Әбікенұлы бізді әкімшілік үйінде күтіп алды.

– Жаңа ғана облыс басшысы хабарласты, – деді ол аман-сау­лықтан соң асығыс орнынан кө­теріліп. – Ақылдасатын мәселе бар, тез жет дейді. Сіздермен бірге бола алмайтыныма кешірім сұраймын. Жігіттерге тапсырып кетемін, қал­ған шаруаны солар реттей жатар. Іштеріңізді пыстырмайтын болады.

 Секең табыстап кеткен аудан әкімі орынбасарының (кейін ол да көрші ауданға әкім болды) басшылығымен біраз жерді араладық. Ауылда да болдық, далаға да шықтық. Іленің төменгі жағындағы табиғаты көркем, аң-құсы жыртып айрылатын аймаққа келгенде, Секеңнің «іштеріңізді пыстырмайтын боладының» біраз бағдарламасын бастан өткердік...

Осы сапардан соң Ержұман екеу­міздің арамыздағы қарым-қатынаста басқалар байқай бер­мейтін бір жылылық орнағандай болды. «Адам бір-бірін жете білу үшін іссапарға бірлесіп шығып тұру керек екен ғой» деп қайтып келе жатып көлік ішінде айтқан сөзінің жақсы мағынасын кейін ол редакциямыз Астанаға көшіп келген соң да нақты ісімен дәлелдей түсті. Сол кездегі ақмолалық мен­шікті тілшіміз Мағжан Садыхан үшеуміз облыс өңірін түгел аралап шықтық.

Ерекең басшылыққа араласа бастаған (алғаш ол редактордың орынбасары, сонан соң бас редактор болды) тоқсаныншы жылдары елімізде дағдарыс дендеп бой алып, халықтың тұрмыс жағдайы нашарлай бастаған тұс еді. «ЦК-ның органы «СҚ»-ның өзі жалақы ала алмай отыр екен» деген сөз шыққан осы кез болатын. Жасыратыны жоқ, ақша орнына тауар да таратылған.

 Тауар демекші, бірде Қоғалы жақтағы бір шаруашылыққа ақша төлеп, картоп алдырғанымыз бар. Әр отбасына 200 килодан беріледі деген осы шараның басы-қасында Ержұманның жүруі алғаш сөлекеттеу, тіпті ерсілеу көрінгені рас.

«Басшы басымен месткомның жұмысына араласқаны несі, бе­делін түсіріп» деп бетін бас­қан­дар да болды. Бірақ оларды Ере­кең елең қылмады. Картопты өзі қаптасып, өзі өлшеп тұрды. Оның нәтижесін кейін білдік. Түстен кейін біраз картоп артылып қалып, оларды бастық кезінде ақша төлеуге жағдайы болмай қалған техникалық қызметкерлерге тегін үлестіріп беріпті деп естідік. Аза­маттық па? Азаматтық! Кісілік пе? Кісілік! Ұжым мүшелері бас­тықты бұрынғыдан да жақсы көріп кетті.

Бәріміз де шығармашылық адамымыз ғой. Мен Ерекеңнің жазу-сызу жағына келгенде ерін­бей-жалықпай, алған тақырыбын жеріне жеткізіп, толық аш­пайынша ұсынбайтын ұқып­тылығына тәнті болушы едім. Ұйымдастырушылық қабілеті өз алдына. Орыс тілінде түскен материалдарды көбіне өзі аударып, өзі диктовка жасап жатушы еді. Компьютерді техникалық қыз­­меткерлермен бірге отырып меңгерді.

Қарапайымдылығына қайран қалатынмын. Кішімен де, үлкен­мен де тіл табыса білетін. Соған сай адамгершілігі де жоғары еді. Әсіресе достарына деген адал­ды­ғы, дүниеге қызықпайтын қа­сие­ті ерек­шеленіп тұрушы еді.

Бірде Қызылорда облысындағы атақты бір ауданның іс-тәжірибесі орталық комитетте қаралатын бо­лып, алдын ала мақтау материалын жазу Бекболат Әдетов басқаратын үгіт-насихат бөліміне тапсырылғаны бар. Оған Бекең өзі баптап, тәрбиелеп жүрген Ержұманды (ол кезде сол бөлімде істейтін) жұмсады. Тапсырманы тастай етіп орындап келген ол кейін бізге, Бекең екеумізге, бір жайтты оңашалап айтқаны бар. «Пойызға шығар кезде басшы үйіне шайға шақырды, – деді күліп. – Іштік. Жедік. Содан көлікке отырар ке­зімде үй иесі қойныма қомақты бір конвертті сүңгітіп жебергені. «Ол не?» десем, «Жолда жүресің, керек болады», деп күлді де қойды. Біле қойдым. Блат. Машинадан секіріп түстім де, «су ішіп келемін» деп үйге қарай тұра жүгірдім. Ауызғы бөлмеде үй иесінің зайы­бы тұр екен. «Мынаны отағасы сізге беріп жіберді», деп конвертті қолына ұстаттым да қайтадан атып шықтым.

– Қап, ыңғайсыз болған екен-ау! – деп Бекең еңк-еңк күлді. Оған қосылып біз де езу тарттық. Ере­кеңе деген құрметім одан әрі арта түсті.

Ерағаңның елеулі еңбектерінің бірі – «Егеменді» Алматыдан Астанаға көшіруі деп білуіміз керек. Бұл шынында да тарихи оқиға еді. Ұлы көштен (біз үшін, әрине ұлы болып есептеледі) техникалық жас қызметкерлер де тыс қалған жоқ. Кейін солардың бәрі дерлік өз бақыттарын Астанадан тапты. Тұрмысқа шықты, жар сүйді. Үйлі-баранды болды.

«Келемін деп тілек білдіру­шілердің бір де біреуінің кеудесінен қақпаңдар, солтүстікке қазақтар керек», деп ескертуден жалыққан емес Ерағаң. Бұл идеяны кейін газетке де ашық жаздырды. Сол кездері жарық көрген: «Астананы қайтсек қазақыландырамыз?» (есімде қалған тақырыптардың ат­­тарын еркін алып отырмын, қателесіп кетсем кешірім сұ­раймын), «Қазақтарды қайта қо­ныс­тандыру керек», «Қазақшаң қалай, Астана?», «Қазақ қайтсе қалады қазақ болып?», «Қазақша сұрақ қоймауды талап еткен кім?», «Билік табалдырығында сүрінген тіл», «Қазақ мектептерін көбейте беруіміз керек», «Пар­ла­мент пен үкімет қазақша сөйлемей, іс алға баспайды» деген сияқты проблемалық мақалалар оқырмандар тарапынан қолдау тауып, тиісті мекемелер мен ми­нистрліктер жұмыстарын одан әрі жетілдіре түсуге себін тигізгені сөзсіз.

Біздің редакция орналасқан үй (Ломоносов көшесі) бұрынғы Це­линоград аудандық партия коми­тетінің ғимараты екен. Екі қабатты кірпіш үй. Жып-жы­лы. Маған жоғары жақтан бас ре­дак­тордың кабинетінен кейінгі екінші бөлме бұйырды. Менен кейін коммерциялық бөлімнің меңгерушісі (акционерлік қоғамға енді-енді көшіп жатқанбыз) Рысбек Сәрсенбайұлы мен бас редактордың орынбасары Еркін Қыдыр орналасты.

Ерекеңмен емін-еркін араласа бастадым. Дәлізге кіріп-шығып жүріп, жүздесе қалсақ, әйтеуір бір мәселені сөз етіп қалатын басшым: «Әдеке, осы көшемізді өз атымызға көшіріп алуға болмас па екен», деп қалғаны. «Көтеріп көрейік мәселені», дедім.

Алғашқы айларда мен меншікті тілшілер бөлімімен бірге хат бө­ліміне де жетекшілік еттім. Газетке Ломоносов көшесін «Егемен Қазақстан» газеті атындағы көше деп атау жөніндегі оқушылар хатын ұйымдастырдық. Мәселеге жергілікті ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері белсене атсалысты. Жоғары жақтың назарына іліккен бұл дабыл ақыры оң шешімін тауып, көшеге газе­тіміздің аты берілгені белгілі.

Бізді бірінші болып қонаққа шақырып, ерулік берген көршілес Қарағанды облысы Нұра ауда­нының басшысы Дауылбай Құ­сайынов деген азамат болды. Оқырмандар конференциясына ұласып үлкен мәдени ша­раға айналған бұл кездесуді газе­тімізде жарияладық. Сол-ақ екен Ақмола облысының аудандарынан да шақырулар келе бастады. Кейін естідік, оларға қозғау салып, себепші болған Жәнібек Кәрібжанов мырзаның өзі екен. Бұл кісімен біз бұрыннан таныс едік. Ауыл шаруашылығы минис­трлігінде істеп, кейін Ақмола облысын басқаруға жіберілген Жәнібек Сәлімұлы жалпы біздің газетіміз үшін ерекше еңбек сіңіргенін айта кетудің артықтығы жоқ. Сондай-ақ облысты басқаруға 2000-шы жылдары келген Сергей Кулагин мырзаның да «Егемен Қазақстан» газеті тиражының өсуіне көп үлес қосқанын ұмытпауымыз керек. Ерекең екеуіне де тікелей шығып, телефонмен кез келген уақытта сөйлесе беретін.

Аудандарды аралап жүріп бірде «Степняк», «Степногорск», «Романов», «Романовка», «Ең­бек­ші», «Еңбекшілдер» деген сияқты егіз елді мекендерді жиі кездес­тірдік. «Осыларды зерттеп көріңізші», деді Ерекең. Зерт­тедік. Білдік. Нәтижесінде Ақ­мола айналасындағы қаптап кеткен ауыл-село аттарын (көбісі орысша) ретке келтіру жөнінде проблемалық мақала шығып, бір-екі жылдың ішінде (ол кездері елді мекендер атауларын өзгертпеу жөніндегі мораторий күшінде еді) барлығы дерлік ретке келтірілді.

Менің «Біржан сал аты сұранып тұр емес пе?» деген шағын мақалам 1-бетке шығып, оған артынша Қ.Тәукенов, Б.Әлімжанов сияқты облыстың белгілі азаматтары үн қосып, үлкен қозғалыс туғызды. Нәтижесінде, Еңбекшілдер ауданы Біржан сал ауданы деп өзгертілді.

Облыс өңірін аралай жүріп, екі-үш-ақ дана (онда да әкімшілік пен кітапхана үшін) «Егемен» алатын аудандарды көріп, жағамызды ұстағанымыз бар. Сол жерлерде жиналыс өткізіп, жергілікті тұр­ғындардың намысын жанып, қолма-қол газетке жаздыртып, түбіртегін Ерекеңнің өзі толтырған еді десем, қазір біреу сеніп, біреу сенбес.

«Көрмеген жердің ой шұқыры көп» дегендей, облыс аудандарын аралап, газетімізді насихаттауда осы өңірдің тумасы, журналист Мағжан Садыхан көп көмек көрсетті. Келген жеріміздің басшысына бас редакторымыз бірден мынадай талап қоятын: «Біз Арқаға таяуда қоныс аудардық. Жалпы санымыз 50-60-қа же­теді. Қазақы дәстүрмен ерулік бе­реміз десеңіздер газетімізге жа­зы­лыңыздар. Әрқайсысымызды шақырып қонақ етіп жүргеннен гөрі 50-60 дана «Егеменге» жазылу жеңілдеу болар? Әзілдеп айтса да, жетесіне жететіндей жүйелі сөз демеске әддіміз жоқ. Сол әр ауданнан басталған 50-60 дана кейін 100-ге жетіп, одан да асып түсіп жатты.

Ерекеңнің адалдығын дәлел­дейтін тағы бір жайтты айтқым келеді. Бұрыннан таныс-біліс, бір жағы туыс болып келетін Саят Қамзебаев деген бауырым Це­линоград ауданын басқарып тұр­ған кезде (қазір ол басқа ауданда әкім) бастығым екеумізді қонаққа шақырып, ас үстінде: «Әдеке, ана жолғы сіз айтқан фер­мердің мәселесін дұрыстап шешіп бердім», деп айтып қалды. «Ол не еді?» дегендей, Ерекең елең ете түсті.

– Жер мәселесі ғой, – деді әкім, сөйтті де біраз ойланып отырып:

– Жалпы, болашақта біз­дің ауданның біраз аумағы қала­ға қосылатын болады. Үй салғыла­рыңыз келсе, екі-үш учаске (телім) босатуға болады, – деді.

– Одан көбірек алуға мүмкіндік бар ма?

– Жоқ, – деді Саят өзінің орыс мінезіне басып. – Бәрі жоғары жақтың есебінде тұр.

– Онда рахмет! – деп Ерекең де торс ете қалды. – Біз Әдекең екеу­­міз ғана алып, ұжымның басқа мү­шелері қалыс қалса, ыңғайсыз болар.

 Кейін сол Қамзебаев айтқан жер телімдері алтынға бағаланып, бағасы бірнеше есе өсіп кеткені мәлім. Осындайда Ерекеңнің асыл жары Жақан келініміздің «қолыңнан келіп тұрғанда бір бизнес те ашып бермедің ғой» деп наз айтыпты дегені еске түседі екен.

Иә, оның қолынан көп нәрсе келетін еді. Бірақ ұсақ-тү­йек дүниелерді көзге ілмейтін. Жағым­паздықты жаны сүймейтін. Түрі сұстылау болғанымен, жүрегі жылы еді. Өзін өзгелерден жоғары санап көрген емес. Керісінше, бұйығы, қарапайым болуға тырысатын. Өмір бақи галстук тақпай өтуін де осындай қасиетімен байланыстырған жөн шығар.

...Тағы бір іссапардан қайтып келе жаттық. Қорғалжын қоры­ғының директоры Мұрат Айтжанов деген азамат арнайы шақырып, өзі басқаратын мекеменің аума­ғын армансыз-ақ аралатты. Аң-құсын көрдік, балығын ауладық. Хал­қымыздың ардақты ұлы Ди­мекең (Қонаев) демалатын үйден дәм татып, аруағына тәу еттік.

Қалаға кіре берген кезде «алдымен Әдекеңді жеткізіп салайық» деген бастықтың айтуымен жүр­гізуші бірінші болып біздің үйдің жанына келіп тоқтады. Сыртқа шықтық. «Балық бар» деді бастық. Баяғы Алматыдағы күріш есіме түсіп, «жоқ, алмаймын» дегендей басымды шайқадым. «Ашшы жүк салғышыңды, көрейік», деді Ерекең шопырына. Үш темір жә­шікке салынған үш түрлі ба­лық екен. Бастық баяғы картоп бөл­гендей әрқайсысына екі данадан алып пакетке салды да: «Біреуі сізге, екіншісі маған, қалғаны шопырдікі», деп шорт кесті.

Енді бәлсінудің реті жоқ еді. Ерекең ұсынған дорбаны ұс­тап, машина ұзап кеткенше арт жа­ғынан состиып қарадым да тұрдым...

Әділ ДҮЙСЕНБЕК