27 Желтоқсан, 2011

Сайлау-2012

460 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Еліміздің басты байлығы – адам «Нұр Отан» партиясының XIV съе­зін­де алдағы Мәжіліс сайлауында тұ­ғыр­нама ретінде «Қазақстан. 2017 мақ­саттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» жария етілген болатын. Партия Прези­дент­тің «Қазақстан-2020» Стратегия­лық жоспарын жүзеге асырудың саяси кепілі болып табылады. Құжатта «Біз еліміздің басты байлығы – адам, оның білімі, мүмкіндіктері, денсаулығы мен игілігі екендігіне толық сенімдіміз», – деп атап көрсетілген. Кеше Қостанайда өткен кездесуде экономика, әлеуметтік қамтамасыз ету, еңбекпен қамту және білім беру мәсе­ле­ле­рі сөз болды. Қазақстандағы ірі кондитерлік фабрика – «Баян сұлуда» Пре­зи­дентіміздің индустрияландыру бағ­дарламасы бойынша жаңа жоба іске қо­сылды. Өндірісті жаңарту және дамыту – болашақтағы табысты жұмыс­тың кепілі. Сондықтан біздің ұжым Елбасын және ол басқарып отырған партияның саясатын бірауыздан қол­дайды, деді кондитерліктер. Өзінің сайлауалды бағдарламасын нұротандықтар сондай-ақ Рудный қала­сын­дағы қарттар үйі мен мүгедектер үйінде тұрып жатқандарға таныстырды. Мүмкіндігі шектеулі жандар – қоғамның толыққанды мүшелері. Олар да еңбек етіп, лайықты өмір сүріп, тиісті емдік шараларды алуға тиіс, деп санайды кездесуге қатысушылар. Ал әлеуметтік мәселелер – «Нұр Отан» партиясының басым бағыттарының бірі. – «Нұр Отан» – бізге, мүгедектерге кө­мектесіп отырған жалғыз партия. Сон­дықтан біз «Нұр Отанның» жеңісі үшін дауыс береміз! – деді «ДОС» тәуелсіз өмір» орталығы» мүгедектер қо­ғамының төрайымы Дина Ерділдінова. Соколов-Сарыбай тау-кен байыту ком­бинатының ұжымы 15 қаңтарда өте­тін сайлауда «Нұр Отанды», ел Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған саясатты қол­дайтынын жария етті. Соколов-Сарыбай тау-кен байыту ұйымының өндірісін сақтап қалу, жаңғырту және одан әрі дамыту тек қана мемлекеттің көрсетіп отырған қолдауы мен экономикадағы үлкен реформалардың арқасында мүмкін болғанын комбинат ұжымы жақсы түсінеді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы.   Патриоттар жастарға сенім артады Бұл жолы патриоттықтар футболдан жарыс өткізді. Аталған шараны партия белсенділері жастар арасында сала­матты өмір салтын қалыптастыру мақ­сатында ұйымдастырғандықтарын ай­та­ды. Партияның сайлауалды тұғырна­масында жастарға ерекше маңыз берілген. Жастар – еліміздің болашағы, сондықтан да жастардың да келешегін ойлау баршамыз үшін парыз, дейді олар. Ал аталған жарыс додасына Л.­Н.Гу­ми­лев атындағы Еуразия ұлттық университетінің командасы, С.Сейфуллин атындағы Аграрлық университет шәкірттері, Астана қалалық футбол клубының теңбіл доп шеберлері және өзгелер де қатысыпты. Бірінші орынды Астана қалалық футбол командасы иеленсе, екінші орын «Шығыс» аула футбол клубы теңбіл доп шеберлеріне бұйырған. Үшінші орынды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­си­тетінің жас командасы қанжығаларына байлаған. Ойын қорытындысы бойынша Астана футбол клубының ойыншысы Ержан Мұхамедин ең үздік футболшы деп танылыпты. Қазақстан Патриоттары партиясы сайлауалды штабы басшысының орын­басары Жанмұрат Сыражиденнің сөзіне қарағанда, егер партия сайлауда жеңіске жететін болса, онда ең алдымен жастар саясатын қайта қарау бастамасын көтереді. Яғни, жастар еліміздің қо­ғам­дық, спорттық және әлеуметтік өміріне белсене араласа бастайтын болады. Сондықтан да партия жастардың ара­сын­дағы талантты дегендерін қолдап, барынша қолдау көрсетуге әзір. Өйт­кені, әсерлі өткен ойын барысы көр­сет­кендей, жастарымыз жеңіске деген ұмтылыстарымен де ертеңге деген сенімді ұялатып отыр. Оның үстіне жастар тек өздерінің шеберліктерін ғана көрсетіп қоймай, ұйымшыл екендіктерін, бір-біріне қолдау болатын ұжым­шыл екендіктерін де таныта білген. – Мен жақсы әсер алдым, – дей келіп, Ж.Сыражиден жастардың белсенділігін арттыру үшін аулаішілік клуб­тардың жұмысын жандандырған жөн дегенді де ерекше айтып кетті. Егер аулалық клубтарға жан-жақты қолдау көрсетілсе, онда жастардың жаман істерден аулақ болуына игі ықпалы тиер еді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.   Жүргеновтегі жүздесу Алматы қаласында, Т.Жүргенов атын­дағы өнер академиясының мәс­лихат залында «Руханият» партиясы оқу орнының студенттерімен және оқыту­шы­лар құрамымен кездеcті. Кездесуге «Руханият» партиясының аты­нан Парламент Мәжілісінің депутат­тығынан үміт­­кер Еркін Рақышев пен Мереке Құлкенов келді. Жиын ба­рысында «Руханият» партиясының алға қойған мақ­саттары айтылып, егер үміткерлер депу­таттыққа өтетін болса, онда қарапайым халықтың мүддесі үшін, яғни тұрмысы нашар отбасы­ларға көмек беру, студенттер мен жастарға қолдау көрсету, мү­ге­дек адамдарға жәрдем беру және бас­қа да игі істер бағытында жұмыс іс­тейтіндіктерін жеткізді. Партия өкіл­дері ең алдымен жазылған заң­дар­дың тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде іске асуын қадаға­лайтын­да­рын айтты. Бұдан өзге, алдағы сайлауда бақ сынайтын үміткерлер елдегі барлық этностық топ өкілдерінің тең құқығын сақтай отырып, еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігіне қауіп төндіретін кез келген үдерістерге тосқауыл болу және мемлекеттік тіл мен рухани бірлікті сақтай отырып, мығым мемлекет қа­лып­тастыру міндетіне әрбір қазақ­стан­дық­тың үлес қосуы, сол жолда еңбектенуі қажеттігін атап көрсетті. Руханияттықтар білім беру, соның ішінде жоғары білім беру жүйесінде әлі де реформалар жасауды, Ұлттық ғылым академиясын қалпына келтіріп, Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдар­ла­ма­ны қайта қарау арқылы орта және жоғары білімнің, ғылымның мемлекет пен қоғам өмірінде қарыш­ты дамуына жол ашу, ғылым жетістіктерін өндіріске енгізу ісінде шын мәнінде әлемдегі озық тәжірибені толық ескерген жаңа бағ­дарлама қа­былдау секілді партия бағ­дарла­ма­сында көрсетілген бірқатар мәсе­лелер турасында жастармен ой бөлісті. Ел ертеңін сауатты маманмен қамтамасыз ету үшін бүгінгі студент жастарды жатақхана-пәтермен қамтамасыз ету арқылы олар­дың толыққанды білім алуын, отбасын құрып, жұмысқа ор­наласуын және өсіп-өнуін қамтамасыз ететін арнайы мемлекеттік «Жастар» бағдарламасын қабылдау қажеттігін де тілге тиек етті. Сондай-ақ, студенттер тарапынан сұрақтар қойылып, әр сұрақ өз жауабын тапты деуге болады. Қанат ЕСКЕНДІР, Алматы.   Ақжолдықтар Алтайда болды Дүйсенбі күні партия төрағасы Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» ҚДП-ның үгіт-насихат тобы Өскемен қаласына келді. Өр Алтайдың төріне аяқ басқан партия белсенділері мемлекеттік сая­сат­тың басты мақсаты тұрғындардың әл-ауқатын үздіксіз арттырып отыру екенін атап көрсетті. Кеше үгіт-насихат тобы еліміздің тұңғыш автокөлік өндірісі – «Азияавто» көлік құрастыру зауытына келіп, ұжым жұмысшыларымен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті. Зауыттың конвейеріндегі шығарылып жатқан автокө­лік­тер­дің сапасына жете назар аударды. «Азияавтоның» президенті Ержан Мәндиев «Ақ жол» партиясы атынан Парламент Мә­жілісінің депутаттығына үміткер болып тіркелген. Азат Перуашев зауыт жұмыс­шыларымен кездесуде пар­тия­ның бағ­дар­ламасымен таныс­тыр­ды. – Соңғы кезде «Ақ жол» партиясына кіргендердің көпшілігі жастар. Жастар – болашағымыз, тірегіміз. Шырайлы Шығыста да партия қатарына жастар көптеп өтіп жатыр. Оған қуанамыз. «Ақ жолдың» кәсіпкерлікті дамыту туралы ұсыныстары, тұтастай алғанда, ел экономикасы дамуының жаһандық жетістіктеріне жастардың өз үлестерін қосу бойынша ынталандыру болып табылады. Ендеше, зауыт жұмыс­шылары сайлау күні бізді қолдайды деген ниеттемін, – деді партия төрағасы. Сол күні түстен кейін партия белсенділері «Шайне Ривер» қонақ үйінің конференц залында жергілікті кәсіп­кер­лермен дөңгелек үстел жиынын өт­кіз­ді. Жиынды ашқан партия төр­ағасы ал­да­ғы тұрған міндеттерге тоқ­та­лып, Ел­ба­сының Қазақстан тәу­елсіздігінің 20 жыл­дығы мерекесінде сөйлеген сөз­де­рі­нен үзінді келтіре келіп, кәсіпкерлікті дамыту мә­селелерін ортаға салды. «Шырайлы Шығыста кәсіпкерлік дамып келеді, бірақ ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік баяу алға жылжуда», деді А.Перуашев. Кешкісін Металлургтердің мәде­ниет үйінде көңілді тапқыштар клу­бы­ның бәсекесі өтті. Оған партия белсенділері қатысып, Мәжіліс депутат­тығына кандидат күміс көмей әнші Кенжеғали Мыржықбай әннен шашу шашты. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен.   Үздік үштіктің қатарында тұр Астана қалалық «Медиа Астана» қоғамдық бірлестігінің тапсырысымен «InfoSystem» зерттеу орталығы Парламент сайлауы қарсаңындағы элек­то­рат­тың белсенділігін анықтау мақса­ты­мен сауалдама жүргізді. 4 жел­тоқ­сан мен 23 желтоқсан аралығында ұй­ымдастырылған сауалдамаға Астана мен Алматы қалалары және 14 облыс орталықтары мен елді мекендеріндегі 1597 адам қатысқан. Қазақстандықтар өздерінің сайлауға белсенді түрде қатысатынын бұл жолы да көрсеткен. Сұралғандардың 75 пайызы өздерінің сайлауға баратынын және дауыс беруге белсене қатысқысы келетінін айт­қан. Олар өздерінің дауыс беру нә­ти­жесінен ел болашағының қандай бол­мақ­тығы шешілетініне сенімді. Мұ­ның өзі халықтың басым көпшілігі Қа­зақстанда болып жатқан демо­кра­тия­лық реформалардың оң нәтиже беретініне сенім артатынын да көр­се­теді. «InfoSystem» зерттеу орталығының директоры Салтанат Ахметова үгіт-насихат науқанының әлі өз күшіне ене қоймағанына қарамастан, элек­то­рат­тың осыншалықты белсенді көңіл-күйде екендігін жақсылыққа балайды. Мұндай мерзімде осыншалықты көр­сеткіш бола бермейді, дейді ол. Сай­лауға сауалдама берілген халықтың 9,5 пайызы ғана оған қатысудан бас тартыпты. Ал енді сайлаушылардың қай партияға бүйрегі бұратындығына келсек, Жалпыұлттық социал-демокра­тия­лық партияға дауыс бергісі келетіндер сұрау салынғандардың 2,1 пайызына жетіп отыр екен. Осының өзі ЖСДП белсен­ді­лері­нің халықпен тығыз байланыста екенін айғақтаса керек. Осы орайда Жа­ңа­өзендегі оқиғаны аттап кете ал­май­сың. Кезінде ереуілдеген мұнайшы­лар­дың арасына ЖСДП-ның белсенділері барып, қолдан келер көмектерін ұсынғаны белгілі. Халық осы бір іл­типатты, әсіресе, бүгінгі таңда лайық­ты бағалайтын секілді. Бүгін партияның Алматыдағы белсенділері «Шаңырақ-2» шағын ауда­нындағы мектепте жұртшылықпен кездессе, Талдықорған қаласы мен Ас­танадағы бөлімшелері де тұрғы­лықты жерлерінде бірнеше кездесуден өткізетін болады. Жақсыбай САМРАТ.   Таңдауынан таймаған қарт коммунист “Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының” Оңтүстік Қазақстан об­лысы филиалының құрметті төрағасы, жасы жетпістің үстіндегі Әли Сабыров халықшыл коммунистердің атынан Парламент Мәжілісіне депутат болып бар­мақ. Бармақ дегеніміз артықтау болар, дәл қазір ниет үстінде. Барар-бармасын сайлаушылар шешеді. Көп жыл партиялық қызметте бас­шылық жасаған Әли Арықбайұлы Оң­түстікте сыйлы. Көп шал-шауқандардай шапан кигізген, ат жетектеткендердің сойылын соғып кетпейді. Өзіндік ойы бар, айтарын бет-жүзге қарамай тіке ай­тады. Дербес зейнеткер. Баласы табысы жақсы қызметте. Батыс Қазақстан облы­сын­да талай елді мекендерді су шай­ған­да осы Әли Арықбайұлы жи­наған жеке қаржысынан 1 млн. теңге аударған. Елбасымыз да Оралға барып, зардап шеккендерге жаңа үйлердің кілтін тап­сыр­ғанда: “Сіздерге халық болып кө­мек­тесті. Соны бағалаңыздар, біліңіз­дер. Оңтүстіктің бір ардагер ақсақалы өз қаражатынан 1 млн. теңге аударды”, дегенде осы Әли ағамызды айтқан бо­латын. Әли қария Сарыағаш ауданын­дағы бірнеше елді мекенді қарғын су алғанда да арнайы есеп-шотқа қаржы аударған. – Ақшасы көп адам емеспін. Атақ шы­ғару да ойымда жоқ. Бірақ, ел қи­налып жатқанда үйде тыныш жата ал­маймын, – дейді ақсақал ағынан жа­рылып. Біреулер Қазақстанның байлығын теспей сорып борсықтай семіреді. Ұрлық ақшасын шетелдік есеп-шоттарына жа­сырады. Әли ағамыз да осыған аң-таң. “Олар ұлттың патриоты емес. Кез келген күні сатып кетеді. Сондықтан, кеткендері абзал”, дейді қарт халықшыл коммунист. Әсілінде, бұл кісі партияның Оңтүс­тік­тегі басшылығын Нұрлан Қадырқұлов деген азаматқа өз еркімен өткізген. Бірақ, Алматыдағы орталық “дем алсам” дегеніне көнбейді. Құрметті төр­аға, әрі Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстары бойынша кураторлық қызметі және бар. – Оңтүстіктен Мәжіліске партия атынан менің кандидатурам ұсынылды, – дейді Әли Сабыров. – Дәм жазып, сайлаушылар дауыс беріп жатса, Парламентте біз көтеретін мәселелер жоқ емес... Бақтияр ТАЙЖАН, Шымкент.   Ауылдықтар жер-жерді аралап жүр Қазақстан социал-демократиялық «Ауыл» партиясының сайлауалды жұ­мыс­тары еліміздің барлық өңірлері бой­ынша өріс ала бастады. Жуықта осындай кездесулердің бірі Ақмола облысының Жарқайың ауданы­ның жұртшылығымен болып өтті. Мұнда сайлаушылармен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық уни­вер­ситетінің профессоры Қуаныш Әбуов кездесіп, жиналғандарды «Ауыл» пар­тия­сының бағдарламасы және сайлау­алды тұғырнамасымен таныстырды. «Ауыл» партиясы қызметінің негізіне сан ғасырлық революциялық даму нәти­же­сін­де тұжырымдалған және қазіргі кезде неғұрлым дамыған демо­кратиялық елдерде басымдыққа ие болып отырған осы заманғы социал демократияның түбегейлі қағидаттары алынғандығын айта келе, бұл партия­ның мақсаттары адамдарға жақын және түсінікті екендігін жеткізді. Сондай-ақ, Талдықорған қала­сын­дағы «Айсері» қонақ үйінде орна­ласқан «Ауыл» партиясының қалалық штабындағы жұртшылықпен кездесуге Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Сәрсенғали Әжібаев, «Зоология инс­титуты» РМК бас директоры Әлихан Меделбеков, Қазақ ауыл ша­руашы­лығын механикаландыру және электр­лендіру ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Сейітқазы Кешеуов келді. Мұнда кандидаттар облыстық, қалалық штабтардың жүргізіп жатқан жұмыстарымен танысып, жиналған­дарға партияның сайлауалды тұғыр­на­масында қарастырылған мәселелер туралы әңгімеледі. Павлодар облысының Ақсу ауда­нында Білім және ғылым министр­лігінің Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Ләззат Құсайынова, Аты­­рау облысының аудандарында партия­ның орталық штабының жетекшісі, ауыл шаруашылығы ғылым­дары­ның докторы, академик Көп­ма­ғамбет Елемесовпен болған кездесулер ба­рысында да партияның бағ­дар­ламасы туралы әңгіме қозғалып, жұрт­шы­лық­тан көп­теген сұрақтар түсті. Жина­лыс­қа қа­тысқандардың барлығы «Ауыл» пар­тиясының сай­лауалды тұғыр­на­ма­сын қолдай­тын­дықтарын білдірді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.   Жұртшылық тілегі ескеріледі «Әділет» демократиялық пар­тия­сының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев 15 қаңтарда өтетін Мәжіліс сайлауы нау­қаны алдындағы үгіт-насихат науқа­ны­на орай, Оңтүстік Қазақстан өңірі­не са­па­рын аяқтады. Бұл өңірге сапа­ры бары­сында партия жетекшісі сай­лау­шы­лар­мен жүздесіп, олардың кө­кейінде жүр­ген мәселелеріне құлақ түрді. Оңтүс­тік­ке сапарының үш күні ішінде М.Нә­рік­баев бірқатар кездесулер өткізсе, Қазы­ғұрт ауданында да бо­лып, жұртшы­лық­пен жүздесті. Оңтүстік Қазақстанда жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарының соңғы кү­нін­де М.Нәрікбаев қаладағы Жұрт­шы­лыққа қызмет көрсету орталы­ғын­да болып, жергілікті халықпен кездесті. Әртүрлі мәселелер бойынша пікір ал­ма­сылып, әдемі әңгіме өріс алды. Қала халқы жеке идентификациялық нөмірді алу үшін тым қысқа мерзім берілгеніне өздерінің наразы­лық­тарын білдіріп те үлгерді. Бұл күні партия төрағасы өз кезегінде көкөніс пен жеміс бағасының ша­рық­тап кеткеніне назар аударды. Оның пікірінше, оңтүстік өңірі көк­өніс пен жеміс өсіру өндірісінің негізгі ошағы сана­ла­ты­нына қарамастан, мұндағы баға Аста­надағы бағамен бір деңгейде қойылып отыр. «Әділет» демократиялық партиясы төрағасының еліміздің Оңтүстік Қа­зақстан өңіріне сапары ЕҚЫҰ байқау­шы­ларымен өткен кездесумен аяқ­талды.

*  *  *

Өткен жексенбі күні «Әділет» де­мо­кратиялық партиясы «Алматы об­лы­сы Қаскелең ауданының «Шұғыла» шағын ауданында, «Апорт» сауда ой­ын-сауық кешенінің жанында тұр­ғын­дармен кездесу өткізді. Бұл кездесуге партия төр­аға­сының бірінші орын­ба­сары, Парламент Мәжілісі депутат­ты­ғына «Әділет» пар­тия­сынан үміткер Т.Сыдық, партия аппара­ты­ның заңгері Е.Хасенов, сондай-ақ, Парламент Мәжілісі депутаттығына және Ал­маты қаласы мәслихаты депутаттығына партия атынан үміткерлер қатысты. Ал кеше «Әділет» демократиялық партиясы өкілдері Алматыда «2012-2014 жылдарға арналған респуб­ли­ка­лық бюджет туралы» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізді. Баспасөз мәслихаты кезінде әділеттіктер атал­ған мәселе төңірегінде журна­лис­тер­дің қойған сауалдарына жауап берді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.