Қазақстан • 17 Қыркүйек, 2018

Газбен жүретін автокөлік: Үнемді. Тиімді. Таза. 

1080 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Ұлы дала қуаты» атты табиғи газбен жүретін техникалардың ең ұзақ халықаралық шеруіне қатысушылар «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы орталығына келіп жетті. Қытайдың Жудун қаласынан басталған шеру 3000 шақырым жолды артқа тастап Қазақстан жеріне ат басын тіреп отыр.

Газбен жүретін автокөлік: Үнемді. Тиімді. Таза. 

Халықаралық шерудің негізгі ұйымдастырушылары Қазақстан, Қытай және Ресейдің «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ,  «CNPC» және «Газпром» ААҚ сияқты ірі энергетикалық компаниялар. Табиғи газбен жүретін автокеруеннің айтарлықтай бөлігі Қазақстанның аумағы арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жаңа халықаралық көлік дәлізі арқылы өтеді. Қазақстанның Алматы, Тараз, Түркістан, Қызылорда, Арал, Ақтөбе елді мекендері бойынша бағыт алып, Ресейдің Орынбор, Альметьевск, Қазан, Нижний Новгород, Владимир, Торжок нысандары арқылы қозғала отырып, Санкт-Петербург қаласына табан тірейді.

4 қазанға жоспарланған ҮІІІ Санкт-Петербург халықаралық газ форумын ашу аясында автошеруге қатысушылар да мәреге жетеді. Маршруттың жалпы  ұзындығы 9 881 шақырымды құрайды. Автошерудің қазақстандық бөлігінде көліктерге газ құюды, қызмет көрсетуді «ҚазТрансГаз» АҚ – Ұлттық газ операторы қамтамасыз етіп отыр. Автошеру керуені сұйытылған және сығымдалған табиғи газбен жүретін 17 жүк таситын және жеңіл автомобиль мен автобустардан тұрады.

Еліміздің экономикалық және экологиялық ахуалын оңалтуда өзіне маңызды міндет белгілеп жолға шыққан табиғи газбен қозғалатын техникалар керуенінің еліміздің аумағынан жүріп өтіп, Алматыда аялдауына байланысты «ҚазТрансГаз» компаниясы «Жасыл экономика жолындағы автоөнеркәсіп: кедергілері мен келешегі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Халықаралық мәні зор басқосуда Қазақстан, Ресей, Қытай, Корея және Германияның газ саласының кәсіпорындары мен автомобиль өндірісі, экологиялық ұйымдар, орталық және жергілікті атқарушы орындардың өкілдері сұйытылған және сығымдалған табиғи газдың тиімділігін бірлесе отырып талқылады. Жиынға жетекшілік еткен «ҚазТрансГаз Өнімдері» ЖШС бас директорының орынбасары Алик Аширов ортақ мүдде жолында әр елде жан-жақты ізденіп жүрген әріптестерді бір алаңға жинаудағы мақсат – табиғи газды экологиялық таза және экономикалық үнемді мотор отыны ретінде пайдалануды насихаттау. Модератор бүгінгі таңда Қазақстанда көлік секторын жаңғырту және оны дизель отынынан табиғи газға ауыстыру мәселесі қатаң пысықталып жатқанын атап өтті. 2022 жылға қарай көлік секторының табиғи газды тұтынуын он есеге дейін ұлғайту көзделіп отыр. Бұл үшін автоматты және криогенді газ толтыру стансалары желісін кеңейту жобалары іске асырылады. Осы көрсеткіштерге қол жеткізу зиянды заттар қалдығының төмендеуіне, жұмыс орындарын көбейтуге және отын шығындарын неғұрлым үнемдеуге айтарлықтай әсер етеді.

Дөңгелек үстел басында Қытай делегациясының өкілі Ли Вай мен Ресейлік газ маманы В.Косковецкий сөз алып, көлік құралдары үшін табиғи газды мотор отыны ретінде пайдаланудың өндірістік инфрақұрылымы мен пайдасына тоқталды. Меймандар дамыған елдер табиғи газ тиімділігін ертерек сезініп, экологиялық және экономикалық шығынды азайтуға айтарлықтай қол жеткізгенін атап өтті. Сондай-ақ «Газпром» тобында мотор отыны ретінде табиғи газды қолдануға байланысты жобаларды дамыту туралы» тақырыбында баяндама жасаған Татьяна Егель де өндірісте газды көліктерге сұраныстың артып келе жатқанын түрлі мысалдармен тарқатты.

«Ресей нарығындағы газмоторлы отын: кедергілер мен қолдау шаралары» төңірегінде мәселе қозғаған Александр Долгов Алматы әужайынан қонқүйге жеткенше көше қозғалысына көз салып келе жатып газбен жүретін көліктерді көп кездестіргенін қуанышпен жеткізіп, мұны жақсылыққа балады. Ол Ресей Федерациясындағы «Энерготиімділік және энергетиканы дамыту» секілді мемлекеттік бағдарламаларының нәтижесімен және осы нарықтың даму көрсеткішімен таныстырды. Германиядан келген Весслинг Детлеф Еуроодаққа кіретін елдердің бұл саладағы тәжірибесін алға тарта отырып, күрделі мәселелерді жеңу, кедергілерді еңсеруге байланысты өз ойымен бөлісті.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша экономикалық жағынан да экология тұрғысынан да әлдеқайда тиімді табиғи газды мотор отыны ретінде пайдалануды жан жақты қолдау туралы қарар қабылдады. Бұл құжатқа 21 қыркүйек күні автошеру колоннасы Ақтөбе қаласына жеткен сәтте қол қою жоспарланып отыр.

Форумның қатысушылары мемлекеттердің заманауи қажеттіліктеріне жауап беретіндігін ескере отырып, трансшекаралық аумақтарда автокөлікті табиғи газға ауыстыру, тұрақты энергетиканы дамыту және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында көлік секторын жаңғырту бағдарламаларына басымдық беруге бірауыздан келісімге келді. Әр мемлекеттен келген газ мамандары нарықтық даму бағдарламаларын қалыптастыру кезінде кешенді тәсіл тұжырымдамасын қолдайтындықтарын білдірді. Жоспарланған коммуналдық жол, жүк көлігі, автопарк, такси, өртке қарсы қызмет, жедел жәрдем көлігі қызметі инфрақұрылымын қажетінше жаңарту, жаңа сала үшін мамандар даярлау, нормативтік базаны жаңарту, экономикалық ынталандыруды енгізу, жеңілдікті қаржыландыру – бұл дамып келе жатқан газмоторлы нарықтың барлық қатысушыларының күш-жігерін біріктіру арқылы ғана жүзеге асады. Осыған байланысты форумға қатысушылар мынандай міндеттерді шешуге назар аудартты: Үкіметтің заңдарды реттеуде көлік саласындағы табиғи газды пайдалануды, жаңа немесе қосымша құқықтық актілерді қабылдауды жеделдету, газмоторлы көліктерді шығаратын, жұмыс істейтін және ұстайтын ұйымдар үшін жеңілдіктер, артықшылықтар немесе субсидиялар жүйесін құру, ғылыми-тәжірибелік және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу.

Қазақстан, Ресей және Қытай  жетекші газ компанияларының арасындағы тығыз ынтымақтастықты қамтамасыз ету, шетелдік өндірушілер арасындағы табиғи газ отынын пайдалануды арттыру бойынша бірлескен жобаларды әзірлеу халықаралық автомобиль шеруіне қатысушы елдердің газ-техникалық бірлестіктеріне тәжірибе алмасуға кең мүмкіндік беріп отырғанын да атап өткен орынды.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ