Қазақстан • 17 Қыркүйек, 2018

Алматыда түркі әлемі зерттеулеріне арналған халықаралық жиын өтеді

52 реткөрсетілді

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде 2018 жылдың 11-13 қазан күндері Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумы өтеді.

Жандар Асанның айтуынша, бесінші рет ұйымдастырылып отырған алқалы жиынға Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Ресейден 200-ге жуық ғалым, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатыспақ.

Симпозиумның басты мақсаты – әлемдегі ғылым, білім саласында түркі әлеміне қатысты зерттеу жасап жүрген ғалымдардың басын қосып, ғылыми бағытта пікір алмасуды қамтамасыз ету, жаңа ғылыми зерттеулерге жол ашып, түркі әлемі әдебиеті мен мәдениетінің кеңеюіне ықпал жасау.

– Басқосуда ғалымдар педагогика, тіл, әдебиет, тарих, мәдениет, өнер, халықаралық қатынастар, экономика, философия, әлеуметтану, гендерлік т.б. мәселелер және жаратылыстану ғылымдары саласында пікір алмасып, болашақта түркі әлемінде ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру турасында уағдаласпақ. Симпозиум түбі бір түркі халықтарының бір-бірімен бас қосуына, қарым-қатынастарының нығаюына сеп болып, әлемде бейбітшілік пен тыныштықтың қамтамасыз етілуін мақсат етеді, – деп атап өтті Жандар Асан.

Симпозиум «Жаһандық бәсекеге қабілетті филолог маман даярлаудың қазақстандық және әлемдік тәжірибесі», «Рухани жаңғыру: әдебиет арқылы ұлттық сананы кемелдендіру», «Жаһандық білім беру жүйесі: әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді жаңаша оқыту әдістемесі», «Латын графикасы: тарихы, теориясы және оқыту әдістемесі», «Түркі қауымы: тарихы мен мәдениеті», «Қазіргі замандағы білім беру үрдісінің ұлттық және халықаралық даму тенденциясы» және «Түркі тілдес мемлекеттердегі гендерлік білім берудің өзекті мәселелері» бағыттары бойынша өткізілмек. Симпозиумның ресми тілдері – түркі тілдері.

Айта кетейік, Омер Халисдемир университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті және М. Акмулла Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университеті ұйымдастырған Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумы алғаш рет Түркияның Омер Халисдемир университетінде 2014 жылдың 18-21 наурыз күндері аралығында өткен болатын. Сонымен қатар, шара аясында аталған жоғары оқу орындарының студенттерінің ұйытқы болуымен «Түбіміз бір Түрікпіз» фестивалі да тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар