Жалпы, ел аузында «БАКАД» аталып кеткен, мегаполис үшін ғана емес, тұтас еліміздегі жол қатынасы үшін маңызы зор жобаны жүзеге асыру жұмыстары 2019 жылдың көктеміне қарай толық қуатына қосылып, алғашқы легі 4 жыл ішінде пайдалануға беріледі. Ал жолдың толық дайын болуы 2036 жылға дейін созылмақ. Бұл кезеңде «БАКАД» ақылы қызмет көрсететін әлемдік талапқа сай трассаға айналады деп күтілуде.
Қазіргі күні айналма жол құрылысы мемлекет-жекеменшік әріптестігі арасындағы қол жеткен үлкен табысты жоба болып отыр. Құрылысқа қажетті қаржының қомақты бөлігі жеке инвестиция ретінде құйылмақ. Жобаның құны 180 млрд теңге шамасында. Бұл жобаның жүзеге асуы ел экономикасына орасан пайда әкеледі деп күтілуде. Он бес жылға негізделген инвестициялық жоба толық іске қосылғаннан кейін қаражаттың қайтарымы 208 млрд теңге мөлшерінде деп болжанған болатын.
Айналма жолдың қолданысқа берілуі Алматы қаласы мен мегаполис маңындағы көлік қозғалысын жаңа сатыға көтереді деген үміт бар. Қазіргі жоспар бойынша қаланың орталығына жалғасқан 6 көше айналма жолға қосылып, көлік дәліздері ұзаратыны жобаланған. Оның қатарында Абай даңғылы, Рысқұлов көшесі, ақын Сара көшесі, Тілендиев көшесі және Солтүстік айналма жарты шеңбері тікелей осы үлкен айналма жолға қосылады. Карта бойынша айналма жол Алматы облысының Қарасай ауданы аумағындағы жоғары трасса аталатын жолдан басталып, осы ауданның Шамалған стансасы мен Іле ауданының Комсомол елді мекенін басып өтеді де, Талғар ауданы аумағы арқылы қазіргі әл-Фараби даңғылына барып қосылады. Жолдың жалпы ұзақтығы 66 шақырым екен. Құрылыс жүргізу барысында айналма жолмен іргелес жатқан ауылдардың қатынас жолдары да қайта жаңғыртылмақшы.
Инвестициялар және даму министрлігінің құзырындағы осы құрылыстың ауқымды бөлігі Алматы облысының аумағында жүргізіледі. Қазір жол құрылысы Қарасай, Іле, Талғар аудандарындағы жер телімдерінде басталып та кетті. Әуелгіде мегаполис маңындағы елді мекен тұрғындары үшін аздаған қолайсыздық туғызған жол құрылысына қатысты мәселелер қазір толық шешімін тапқан. Оның ішіндегі ең маңыздысы, жол құрылысы жүргізілетін аумақтағы жер учаскелерінің жайы болатын. Осы мақсатта 722 жер телімі құрылыс жүргізу мақсатында мемлекет меншігіне қайтарылыпты.
– Бұл алып құрылысқа қатысты кедергілер толықтай жойылды. Жобалау барысында жол табанында қалатын жерде жеке тұрғын үйлер, өндіріс орындары орналасқаны анықталды. Қазіргі күні облыс тарапы бұл мәселені 100 процентке шешті. Адамдар тиісті өтемақыларын алды, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов бұл мәселеге қатысты білдірген пікірінде.
Ал Алматы қаласы маңындағы үлкен айналма жолдың салынуы мегаполистің көлік құрылымын жақсартуымен қатар, қала экологиясының сауығуына себеп болмақ. Бұл жайында жақында Парламент Мәжілісінде өткен жиында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жан-жақты айтқан болатын.
– Биыл елімізде алғашқы ірі концессиялық жоба – «Үлкен Алматы айналма көлік жолын» салу жұмысы басталды. Бұл аймақтағы транзит ағынының Алматы қаласының сыртымен айналып өтуіне және қаланың экологиялық ахуалына оң әсерін тигізетін болады, – деген еді министр.
Сондай-ақ бұл құрылыс өңірдегі бірқатар өндіріс орындары үшін де пайдалы бола бастады. Мысалға, қиыршық тас, құм, цемент, бетон, көпір тіреулері мен басқа да құрылысқа қажетті заттар толықтай жергілікті жерде өндіріледі. Бұл – осы салада қызмет ететін шағын және орта бизнес өкілдерінен бастап ірі өндіріс ошақтарына дейін тұрақты тапсырыс ала бастайды деген сөз. Мұның сыртында жол құрылысын жүргізетін жұмысшылардың 90 проценті жергілікті жерден тартылатын болады. Қазірдің өзінде Жамбыл ауданындағы Қарғалы кентінде және Есік қаласы маңында жол құрылысына қажетті қиыршық тас пен құм дайындайтын зауыттар ашылды. Жалпы, айналма жолдың құрылысы барысында 7 негізгі реттегіш көпір, 38 шақты қосымша көлік өткізу көпірі, суағарлар мен басқа да құрылымдар салынады. Ал айналма жолдың өзі әлемдік талап бойынша
«1 А» стандартына лайықталып, 6 жолақты болады әрі бетоннан құйылмақшы. Демек, отандық өндіріс үшін алдағы 4 жыл бойы қомақты тапсырыспен жұмыс істеу мүмкіндігі туып отыр.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы