Конгресс жастары Ақпарат және коммуникациялар, сондай-ақ Қоғамдық даму министрліктерімен бірлесе отырып жариялаған жаңа жоба «7 jalyn» атауымен жүзеге асады. Оның мақсаты – Қазақстан бойынша табысты, бәсекеге қабілетті, білім культін насихаттап жүрген 18 бен 29 жас аралығындағы 7 жасты іріктеп, олардың қоғам дамуына қосқан үлесін үлгі ету. Іріктеу 17 қыркүйек пен 15 қазан аралығында өткізіледі.
Брифингке Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских, Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Асхат Оралов, «Қазақстан жастары конгресі» атқарушы директоры Тоқтар Болысов, қоғам қайраткері Бақыт Сыздықова, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының былтырғы жеңімпазы Ернұр Рысмағанбетов, «Qazaqstan» телеарнасының жүргізушісі Ирина Тен және республикалық жастар ұйымдарының басшылары қатысты.
«7 jalyn» бес кезеңнен тұрады. Жоба 17 қыркүйек күні басталып, оған 30 қыркүйекке дейін өтінім қабылданады. Өтінішті жастар ұйымдары, жастар ресурстық орталықтары, үкіметтік емес ұйымдар және өз атынан белсенді жастар жібере алады. Олар 1-5 қазан аралығында қарастырылып, 15 қазанда жеңімпаздар ресми түрде жарияланады. Іріктелген 7 жалынды жеңімпаз «Қазақстан жастарының конгресі» атынан «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына ұсынылмақ.
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»