«ЖЭК бойынша есеп айырысу қаржы орталығы» ЖШС Бас директорының орынбасары Жеңіс Дүйсеновтің айтуынша, орталық 5 жыл ішінде ұзақмерзімді кепілдендірілген келісімдер жасап, инвесторлармен қоян-қолтық жұмыс атқарып келеді.
Бүгінде елімізде жаңғырмалы энергия өндіретін 25 станса іске қосылған. Республика бойынша «жасыл энергияның» көлемі 430 МВт. Бұл жалпы көрсеткіштің
1 процентін құрайды. 2020 жылға қарай жаңғырмалы энергияның үлесін 3 процентке жеткізу көзделіп отыр.
Энергетика министрлігінің Жаңғырмалы энергия көздері бойынша департаментінің директоры Айнұр Соспанованың айтуынша, 2013 жылға дейін инвесторлар үшін нақты кіммен келісімшарт жасасу, оның талаптарын анықтау күрделене түскен еді. Осы мәселені шешу үшін заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, ЖЭК бойынша есеп айырысу орталығы құрылды.
− Мемлекет пен инвестор арасындағы түйткілдер заң аясында нақтыланып, екіжақты байланыс айқындала түсті. Екіншіден, инвесторлар салған қаражатын кім арқылы және қалай қайтаратындарын түсінді. Бұл өз кезегінде жұмыстың ілгерілеуіне ықпал етіп отыр. 5 жыл ішінде орталықтың атқарған жұмыстары нәтижелі болды деп айтуға толық негіз бар, – деді департамент директоры.
Бүгінде елімізде Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай, Еуропа елдерінен келетін инвесторлар күн энергиясынан қуат алатын ірі стансалар салуға ниет білдірген.
Баламалы энергия көздерін өндіру үшін арнайы технологиялар қолданылады. Оның нарықтағы бағасы да аса қымбат болып отыр. Сол себепті бұл саладағы жобалардың, оған салынатын инвестицияның да бағасы жоғары болатыны түсінікті. Тариф құны тым аспандап кетпеуі үшін мемлекет аукцион өткізуді қолға алған.
− Жаңғырмалы энергия көздерінен түсетін табысты ел экономикасына бағыттау шаралары қолға алынды. Бұл ретте алдымен инвесторларды аукцион арқылы анықтау тәжірибесі енгізіліп отыр. Бұл әлемнің озық елдерінде тиімділігін көрсеткен бастама деп айта аламыз. Көктемде өткен аукционда 250 МВт электр энергиясын өндіру белгіленсе, аукцион арқылы ондағы тарифтердің бағасын 20-25 процентке арзандатуға мүмкіндік алдық. Аукционның екінші толқыны 3-18 қазан аралығында өткізіледі. Күзгі маусымда бұл салада бәсекелестік орта қалыптасып, ірі инвесторлар келеді деген ойдамыз, – деді Энергетика министрлігі ЖЭК департаментінің директоры Айнұр Соспанова.
Бүгінде Қазақстанда жасыл энергияны дамытуға бағытталған 63 жоба іске қосылған. Бұл жобаларға 50-ге жуық инвестордың 500 млн долларға тарта қаражаты салынған. Айта кетерлігі, теңгенің долларға шаққандағы бағамының тұрақты болмауы инвесторлар үшін күдік тудырады. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет тарифтерге индексация жасап отыр. Яғни, 70 процент теңгенің долларға шаққандағы бағамы есепке алынатын болса, қалған 30 процент инфляцияға тәуелді болмақ. Бұл келісімге инвесторлар да қанағаттанып отыр.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»