Әжібай аулында өсіп-өнген, бүгінгі күнде облыс орталығында құрылыс жұмыстарымен айналысатын ағайынды жігіттер өз қаражаттарынан 15 млн теңге жұмсап, нысанның құрылыс жұмыстарын екі айдың ішінде бітірді.
Нысанның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков Әжібай ауылының тұрғындарын фельдшерлік пункттің ашылуымен құттықтап, жомарт азаматтарға ел атынан алғысын білдірді.
Салтанатты шарада Асқар Сыралиев фельдшерлік-акушерлік пункттің кілтін аудандық орталық аурухананың директоры Қайырбай Алтаевқа табыс етті. Айтулы шараға арнайы келген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнара Абдрахманова жомарт жігіттерге Алғыс хат пен естелік сыйлықты тарту етті. Ал осындай игі іске ризашылықтарын білдірген әжібайлықтар ағайынды жігіттерге шапан жауып, сәйгүлік мінгізді.
Салтанатты шарада жаңадан салынған нысанның лентасы қиылып, жиналған көпшілік фельдшерлік-акушерлік пункттің ішін аралап көрді. Бүгінгі заманға сай салынған нысанға қажетті коммуникациялар жүйесі тартылған, фельдшерлік кабинет, екпе бөлмесі, акушерлік кабинет, күндізгі емхана бөлмесі де бар. Кабинеттердің бәрі де толықтай жаңа қондырғылармен жабдықталып, білікті мамандар ауыл тұрғындарының барлығына қажетті медициналық көмек көрсетуге әзір.
Асқар Сыралиев, кәсіпкер: – Біз осы жерде оқып, білім алдық. Еңбекке араластық. Өзіміздің туған аулымызға көмек жасап, осындай бір игі істі бастауды көптен бері жоспарлап жүрген едік. Сол жоспарымызды орындауда қолдау көрсеткен және кеңестерін берген аудан, округ әкімі және ауыл азаматтарына ризашылығымыз зор. Елге көмек көрсету әрбір азаматтың борышы деп білемін.
Меңсұлу Батырханова, зейнеткер: – Мен бұл азаматтардың ата-анасымен жақсы араластым. Елге сыйлы отбасы еді. Енді, міне, олардан тараған ұрпақтары туған ауылдарына үлкен тарту жасап жатқанына куә болып отырмыз. Ел атынан аналық алғысымды білдіріп, ақ батамды бердім.
Гүлзира Төлегенова, Әжібай ауылдық фельдшерлік-акушерлік пунктінің фельдшері: – Ауылымызда орналасқан бұрынғы ФАП-тың тозығы жетіп, ескіріп тұрған еді. Бұл мәселенің шешімін тауып, өз қаражаттарына осындай тамаша ғимарат салып берген ағайынды жігіттерге ризамыз. Жаңа ғимарат ауыл халқының денсаулығының жақсаруына үлкен үлес қосады деген сенімдеміз.
Қайрат ЖАҚЫП
Батыс Қазақстан облысы,
Қазталов ауданы