Ашық жариялауды талап етеді
Агенттік төрағасының орынбасары білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған ағымдағы жұмыс туралы әңгімеледі, сондай-ақ білім беру ұйымдарында кез келген алым-салымға жол бермеу туралы ескертті.
«Ата-аналар білім беру ұйымдарындағы жөндеу немесе іс-шараларды өткізу жұмыстарына шығындануға міндетті емес. Біз мұндай фактілерді жемқорлық ретінде қарастырамыз, өйткені осы мақсатқа бюджеттен жеткілікті қаражат бөлінеді», деді О.Бектенов. Ол білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңестерінің ағымдағы қызметіне егжей-тегжейлі тоқталып, ерікті жарналар мәжбүрлі сипат алып келу фактілерінің алдын алу қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ бүгінде мемлекеттік аппарат қоғаммен қарым-қатынастарды ашық және есеп берушілік қағидаттарын да қалыптастыруда екендігін атап өтті. Қазақстанда «Ашық үкімет» порталы жұмыс атқарады, онда кез келген адам онлайн режімде мемлекеттік органдардың кең көлемді дерекқорына, соның ішінде бюджеттік есептілікке қол жеткізе алады. Бұл бюджет қаражатын жұмсауға қоғамдық бақылау арқылы белсенді азаматтық позициялардың дамуына ықпал етеді. О.Бектенов мектептер мен балабақшаларда алым-салым мәселесін шешу үшін толық қаржы есебін міндетті түрде жариялауды ұсынды. Өйткені бұл қаржы ресурстарын дұрыс пайдаланбау және сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерін жүзеге асыру мүмкіндігін жоққа шығарады. «Білім беру мекемелерінде қамқоршылық кеңестерінің есептері ресми түрде ашылуға тиіс, бұл қайырымдылық көмектің ашықтығын қамтамасыз етеді. Уәкілетті орган осы мәселені бақылауға және шот ашуға мониторинг жүргізуге тиіс», деді ол.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарының бюджеті туралы ақпарат мектептердің, балабақшалардың, білім беру бөлімдерінің веб-сайттарына кез келген адам үшін түсінікті, қолжетімді нысанда орналастырылуы керектігін атап өтті. Тек қана осындай жолмен қоғамның айқындығы мен бақылау арқылы «тұрмыстық жемқорлықты» жоюға болады деп қорытындылады.
Оқушыларды ақылы тестілеу заңсыз
Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәлімдеуінше, білім беру жүйесіндегі мәселелердің бірі – мектеп оқушылары арасында ақылы тестілеу өткізу фактілері. Мәселен, Алматы облысында білім бөлімдерінің нұсқауы бойынша оқушыларды тестілеу тұрақты түрде өткізіліп келген. Мұндай тестілеудің бағасы әр оқушы үшін 300-500 теңгеге дейінгі қаражатты құраған. Алқалы жиын барысында Білім және ғылым министрлігіне мектептердің қабырғасында ақылы тестілеудің «мәжбүрлі» жүргізілу фактілерін болдырмау бойынша шаралар қабылдау ұсынылды.
«Агенттіктің жұмысы адалдық принциптерін нығайтуға, білім беру жүйесінде «адал ортаны» құруға бағытталған», деп атап өтті О.Бектенов. Сондай-ақ кездесу барысында білім саласындағы сыбайлас жемқорлық себептерінің бірі ретінде қаралатын сала қызметкерлері еңбекақысының төмен деңгейде болуы қозғалды. Агенттік мұғалімдерге төленетін еңбекақының көтерілуі әрқашан қосымша қаражат бөлуді талап етпейтінін атап өтті. Бұл ретте мысалға Астана қаласы балалар үйінің оң тәжірибесі келтірілді, онда басшылықтың принципті позициясы және жұмысты дұрыс ұйымдастыру жағдайды түбегейлі жақсартуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Балалар үйінің директоры Динара Закиеваның айтуынша, басқару тиімділігінің артуы, процестерді оңтайландыру есебінен 90 млн теңгеге жуық сомадағы бюджет қаражатының үнемделуі қамтамасыз етілген. Бұл жұмысшылардың жалақысын 3-4 есеге көтеруге мүмкіндік берді. Бұрын 30 мың теңге алып отырған жұмысшы, бүгінде 120 мың теңге алады. Балалар үйінің материалдық-техникалық базасы да елеулі түрде жақсарған. Мұның бәріне бюджеттен қосымша қаражат бөлінуін талап етпей, үнемдеу есебінен қол жеткізілді.
Мектепке ақша жинаудан бас тартуға үндейді
Кездесу барысында республика бойынша мектептерде заңсыз ақша жинау, «Астана – адалдық алаңы» жобасының осы бағытта жүргізген жұмысының қорытындылары туралы мәселелер қарастырылды. Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға, сондай-ақ елорданың мемлекеттік мекемелерінде азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған «Астана – адалдық алаңы» жоба кеңсесі №54 мектеп-лицейін жаңғырту бойынша жұмыс жүргізді. Мектептің қаржылық қызметінің ішкі аудитінің қорытындысы бойынша бюджет қаражатын үнемдеу 60 млн теңгені құрап, оның ішінде қызметкерлерге 10 млн теңге үстемеақы және материалдық-техникалық базаны нығайтуға 50 млн теңге бөлінген. Жаңа стандарттар бойынша бес жаңа кабинет ашылған. Бұл «GardenHub» көпфункционалды кабинеті, коворкинг алаңы, жаңа мұғалімдер бөлмесі, студенттер үшін рекреациялық аймақ, «Intellectum» бөлмесі және «STEM» зертханасы. Астана қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин «Астана – адалдық алаңы» жоба кеңсесімен бірлесіп білім беру ұйымдарында қаржы жинау мәселелерін жою үшін #НЕТ_ПОБОРАМ акциясын іске қосқанын, бүгінде ата-аналар үшін инфографика әзірленгенін, бұл білім беру ұйымдарының барлық басшыларына жіберілетінін жеткізді.
«Аптаның соңына дейін бұл инфографика ұйымдардың ресми интернет-ресурстарына, сондай-ақ оқу орнының кіреберісінде орналастырылады. Биыл мектептер үшін Ата-ана кодексі әзірленді, бұл кодекс іске асырылатын болады», деді Ә.Жанғозин. Жоба кеңсесі Астана қаласының білім басқармасымен бірлесе отырып, оқу орындары басшыларының жеке жауапкершілігін арттыру туралы құжат әзірлеген. Жаңа құжат заңдылық, ашықтық, қолжетімділік және кәсіптік қызметтің жариялылығы принциптерін сақтау үшін бірінші басшылардың жауапкершілігін анықтауды білдіреді. Бағыныштылар үшін заңсыз әрекеттерде жеке жауапкершілік анықталады. Оқушылар мен ата-аналардан қаражат жинауды ұйымдастыруға қатаң тыйым салынады, құжат – бюджеттен бөлінген қаржы ресурстарын ұтымды, ашық және заңды іске асыру үшін жауапкершілікті күшейтуді міндеттейді.
Естеріңізге сала кетейік, Агенттікте 1424 call-орталығы жұмыс істейді, онда азаматтар шағымдар мен ұсыныстарын, оның ішінде сыбайлас жемқорлық деректері бойынша хабарласа алады. Сондай-ақ азаматтар Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының әлеуметтік желідегі парақшасына, жеке блогына («Ашық диалог» интернет-порталы) және [email protected] электронды пошталарына өтініш жасай алады.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»