Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2018

Бурса қаласының делегациясы Қапшағай қаласына жұмыс сапарымен келді

37 реткөрсетілді

Жетісудағы Қапшағай мен Түркиядағы Бурсаның бауырлас қала болғанына аз ғана уақыт болды. Қазір екіжақты байланыс нығайып, іскерлік бағыттарға келісім жасау жұмыстары жолға қойылған.

Жақында Бурса қаласының делегациясы Қапшағай қаласына жұмыс сапарымен келіп, іскер әйелдермен кездесті. Делегация құрамында Бурса қаласының әйелдер конфедерациясының президенті Дилек Дурак, Бурса қаласының әйел кәсіпкерлері ұйымының жетекшісі Сельвиназ Ирман, Түркі халықтарының қорының президенті Ахмед Дагдуран және де басқа құрметті қонақтар болды. Бурсалықтар жасанды теңіз жағасындағы қаладағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты. Кездесуде Алматы облысы Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, Іле ауданы шағын кәсіпкерлері қауымдастығының президенті Жанна Телпекбаева өңірдегі әйел кәсіпкерлігінің дамуы жөнінде әңгімеледі.

Ал Қапшағай қаласындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжан Исканованың айтуынша, қалада тіркелген 3,4 мың шағын және орта бизнес субъектілерінің жартысы нәзік жандылардың үлесінде. Қаладағы әйелдер бизнесі негізінен сауда, қоғамдық тамақтандыру мен қызмет көрсе саласында шоғырланған. Өткен жылы іскер әйелдердің бастамасымен «Бәрі де рахмет үшін» әлеуметтік дүкені ашылған екен.

Ал түрік делегациясы туризм, ауыл шаруашылығы, сүт өңдеу, тігін-тоқыма өндірісі, сонымен бірге әлеуметтік сала, қолөнер саласындағы жобаларға инвестиция құйып, бірге жұмыс жасауға дайын екендерін жеткізді. Кездесу нәтижесінде Қапшағай қаласының Іскер әйелдер кеңесі мен Түркі халықтарының қоры арасындағы әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылмақ.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар