Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2018

Әулиеата аймағында туризмді дамытудың нақты жоспары жасалды

1232 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жамбыл өңірі еліміздегі туризм саласын дамытуға сұранып тұрған аймақтың бірі. Көне ғасырлардың куәсі болған Айша бибі, Қарахан кесенелері, Ақыртас, Өрнек, Құлан, Баласағұн қалашығы сияқты ұлттық құндылықтар қазақ тарихының тым тереңде жатқанын айғақтайды. Жыл сайын бұл жерлерге келіп тәу етіп, бір жағынан тарихымен танысып жатқан азаматтар баршылық. Бүгінгі таңда Әулиеата аймағында туризмді дамытудың нақты жоспары жасалып, бірқатар жұмыстар жүзеге асырыла бастады.

Әулиеата аймағында туризмді дамытудың нақты жоспары жасалды

Жамбыл ауданына қарасты Айша бибі ауылынан солтүстік-батысқа қарай үш шақырым жерде Әулиебастау көлі бар. Табиғаты тамылжыған өлкенің құпиясы мен ғажабы кімді де болса таңдандырмай қоймайды. Алайда осы уақытқа дейін сол Әулиебастау көліне баратын жолдың сын көтермейтіндігі талай рет айтылған болатын. Сонымен қатар, көлге баратын жолдың қолайсыздығы өңірге келген туристер үшін де үлкен мәселе еді.

Енді міне, жамбылдықтар талай жыл бойы күрделі мәселе болып келген Әулиебастау көліне апаратын жолдың жөнделгені туралы ақжолтай хабарға куә болып отыр. Нақты айтсақ, жуырда «ЖамбылДорМостСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Әулиебастау көліне апаратын 1,7 шақырым жолды жөндеп бітірді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 33 миллион теңге бөлініп, мақсатты игерілген.

Тарихи деректер бойынша, Әулиебастау әуелі көне қала орны болған екен. Бұл жерге алғаш рет  Е.Агеева және Г.Пациевич сияқты танымал археологтар зерттеу жұмыстарын жүргізген. Дәл қазіргі уақытта қаланың сақталған орны тік төртбұрышты болып келеді. Ал қала орнының ұзындығы батыстан шығысқа қарай 400 метр болса, ені солтүстіктен оңтүстікке қарай 140, ал биіктігі 9 метр. Үстінде екі төбе бар. Оның бірінші төбесі батыс жағында, яғни 105х87 метр болса, екінші төбесі шығыс жағында, көлемі 100х120 метрді құрайды. Құрылыс сырты дуалмен қоршалып, оның ортасында үйдің орны сақталған. Ал шығыс жағында ірі тастардан қаланған орталық қорған бар. Сондықтан бұл қала орнының көне замандардан бері келе жатқанын көруге болады. Тіпті қала жұртынан жинастырылған қыш ыдыстарға қарап, ғалымдар бұл қаланы Х-ХІІ ғасырларда өмір сүрген Қарахан әулеті заманына жатқызып келеді.

Жамбыл жұртшылығына Әулиебастау тек көне қаланың орны ретінде ғана белгілі емес. Қаланың оңтүстік-батыс жағында жарылған жартас бар. Сол жартастың астынан бұлақ ағып жатыр. Бұлақ суынан көне қала түбінде аумағы 100 шаршы метр болатын көлшік пайда болған. Атақты Ақсу өзені осы көлден бастау алады. Ал жергілікті халық бұл бұлақты Әулиебастау деп атап кеткен. Бұлақтағы су жылдың төрт мезгілінде де +16 градус температураны ұстап тұрады. Ал су құрамын адам өміріне өте қажетті магний, калий, йод сияқты 17 микроэлементтер құрайды.

– Әулиебастау бұлағы өңіріміздегі айтарлықтай нысандардың бірі. Бұл туристер үшін де қолайлы аймақ бола алады. Мұнда адамдардың жылдың төрт мезгілінде де келіп демалуына мүмкіндігі бар. Мәселен кейбір азаматтар бұл жердің тамылжыған табиғатына қызығып келсе, енді бірі тарихымен таныспақ ниетте атбасын бұрады. Сонымен қатар, бұл жер көне қаланың орыны болып саналғандықтан да мемлекеттің қорғауына алынған. Ал Әулиебастау көл суының да емдік қасиеті мол. Бүгінгі таңда бұл аймаққа жол төселіп, ең үлкен мәселесі шешілді. Келешекте бұл жердің еліміздің туризм саласын дамытуға қосатын үлесі мол болатынына сенімдімін. Алдағы уақыттарда мұнда келген азаматтар тарихымызды танып, оған лайықты құрмет көрсетіп жатса, тіпті жақсы болар еді, – дейді Жамбыл облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова.

Табиғаттың өзі сыйға тартқан тамаша мекен Әулиебастаудың бүгінде әлеуеті артып келеді. Тарихы мен аңызы бір бөлек, дертке дауа суы бір бөлек Әулиебастау жерінің жұлдызы жарқырайтын күн алыс емес. Ал ежелден Әулиеата атанған өлкеде «Әулиебастау», «Әулиешоқы» атауларының көп кездесетіні де кездейсоқтық емес болар...

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы