Өнер • 19 Қыркүйек, 2018

Қостанайда қуыршақ театры өрт сөндірушілердің жобасы бойынша спекталь қойды

542 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанайдағы орыс куыршақ театры биылғы маусымын Төтенше жағдайлар департаменті мен театрдың бірлескен шығармашылық жобасы бойынша жазылған «Пожар Тушилычтың тарихы» атты спектакльмен ашты. Қойылым төменгі және орта сыныптардағы көрермендерге арналған. Спекталь премьерасын балалармен бірге өрт сөндірушілердің өздері де келіп тамашалады. Департамент бастығының орынбасары, азаматтық қорғаныс подполковнигі Азамат.Орынбаев кішкентай көрермендерді құттықтап, ертегі кейіпкерлерінің тарихы балаларға өмірде сабақ болуы тиіс екенін айтты.

Қостанайда қуыршақ театры өрт сөндірушілердің жобасы бойынша спекталь қойды

Қойылымда басты кейіпкер – Пожар Тушилыч. Спектакльде белгілі ертегілердегі Жалмауыз кемпір, Айдаһар және басқалары төтенше, қиын жағдайларға тап болады. Өйткені олар өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған еді. Бұл спектакльдің жазылуы кездейсоқ емес еді. Соңғы бес жылда елімізде тілсіз жау 275 баланың өмірін жалмады. Олардың 70 пайызы 7 жасқа дейінгі бүлдіршіндер болатын. Үйдегі өрттің көпшілігі балалардың тентектік, ойлаусыз әрекетінен, бақылаусыздығынан шығады.  

«Спектакль балалар үшін өте қызықты болды деп ойлаймын. Олар Пожар Тушилычтың сұрақтарына жауап беріп, қойылымға қатысып отырды. Балалардың есінде қалады, мұндай шаралар өрт қауіпсіздігінің сақталуына сәл де болса ықпалы тиеді» дейді Азамат Орынбаев.

Спектакльге келген кішкентай көрермендерге театр ауласында өрт сөндіретін техникалар мен құралдар көрсетілді. Алдағы уақытта куыршақ театры спектакльді облыс аудандары мен қалаларында қоятын болады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай