Аударма • 19 Қыркүйек, 2018

АҚШ қор нарығының шыңы

1222 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлемнің көп бөлігі он жыл бұрынғы қаржылық дағдарыстан ес жиып келеді, бірақ бір нарық басқаларға қарағанда әлдеқайда қарыштап дамыды. 

Ол – АҚШ-тың қор нарығы.

АҚШ қор нарығының шыңы

Джефф СОММЕР, «Нью-Йорк Таймс»

Америкалық нарықтың АҚШ экономикасының дамуынан асып түскені соншалық, оны өз биігіне шықты деп айтуға болады. АҚШ экономикасындағы теңсіздікті күшейткен толқынның жалғаса беру мүмкіндігі, сонымен қатар оның ішкі жә­не халықаралық сал­дары туын­дайтыны әлі шешіл­меген мәселе. 

Осы айда «Брукингз институшн» қызметкері Эсуар Пра­сад­тың авторлығымен жарияланған дағдарыстан кейінгі нарық және экономика жөніндегі халық­аралық сауалдамада америкалық нарықтағы ерекше қарқын анық байқалады. 

«Әлемде қор нарығы мен эко­но­мика арасында алшақтық бар. Бірақ АҚШ ерекше көзге түсе­ді», дейді профессор Прасад. Оның айтуынша, әдетте мұндай ал­шақ­тықты ұзақ уақыт бақылай бермейсіз. 

«Брукингз» сауалдамасының деректеріне сай, әлемнің қар­қын­ды дамушы нарықтық экономикалары – Қытай мен Үндістан америкалық нарыққа қарағанда тез өсе түссе де, аталған мемле­кет­тердегі қор нарығы америкалық нұсқа секілді жетістік көрсете ал­ма­ды. Үндістанның қоры жергі­лікті валюта – рупиймен күшейе түскенімен, долларға айырбас­тағанда арзанға түседі. Қытай қор нарығы өзінің құнын жоғалтты. 

Сауалдамаға сүйенсек, 2007 жыл­дың соңынан биыл­ғы мау­сымға дейін АҚШ-тағы ішкі жалпы өнім көлемі инфля­цияға бейімделгеннен кейін 18 процентке ұлғайған. Ал инфля­ция­лық түзетусіз АҚШ-тың ІЖӨ көлемі одан да көп – 38 процент. Бірақ Standard & Poor’s 500 қар­жы индексі 2007 жылғы жел­тоқсанға қарағанда 2018 жылғы тамызда екі есеге жуық өскен. Америкалық қор нарығының қар­қынды дамуы ішкі эконо­ми­ка­да­ғы корпоративтік пайданың үлесі артуымен және жаһандық дең­гейдегі америкалық қаржы әлеу­етінің күшеюімен байланыс­ты. 

Жаһандық дағдарыс АҚШ-тан басталғанымен, онда тұрақ­тылық байқалып, әлемнің түкпір-түк­пірінен инвестиция тартылды. Профессор Прасадтың айтуын­ша, доллардың сол кездегі көпте­ген валютаға қарағанда құны артып, әлемдік қаржы жүйесіндегі орталық нысанға айналды. 

2007 жылдың соңынан бері доллармен салыстырғанда валю­та­сының құны артқан санаулы мем­лекеттің бірі – Қытай. Алайда бұл Шанхай қор нарығының «рен­минбиге» (Юань – редакция) шаққанда 48 процентке, доллар­мен есептегенде 45 процентке тө­мен­деуінің орнын басуға жет­кіліксіз. Сондай-ақ қытайлық нарық Қытай экономикасы секілді басқа нарықтарға байланған. 

Америкалық қор нарығы алдағы уақытта өсе беруі мүм­кін. Бірақ бұл ішкі саяси келіс­пеу­шілікті арттыруы да ықтимал. Жа­һандық көзқараспен қарағанда, америкалық қор нарығы басқа нарық пен экономиканы кө­теруі мүм­кін капиталдарды тарта­тын сы­ңайлы. АҚШ нарығы инвес­тор­ларды байыта түсті. Бі­рақ қар­қынды он жылдың құны арзанға түскен жоқ.

Жаһандық тұрақтылықтың көзі жаһандық тұрақсыздықты туындатуы мүмкін.

© 2018 The New York Times News Service

Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»