Джиджи пресс, Agence France-Presse
Хироко ТАБУЧИ, «Нью-Йорк Таймс»
Сондай-ақ олар әлемнің түкпір-түкпіріндегі ойпаңда орналасқан әуежайлардың болашағына мұның қаншалықты қауіпті болатынын, теңіз деңгейінің көтерілуі және климаттың өзгеруінен туындаған долы дауылдар алдында олардың дәрменсіз екенін байқады. Халықаралық әуежайлар кеңесі мен OpenFlights-тың деректеріне сүйенсек, әлемдегі ең көп қолданылатын 100 әуежайдың жиырма бесінің теңіз деңгейінен биіктігі 10 метрге де жетпейді.
Солардың 12-сі, оның ішінде Шанхай, Рим, Сан-Франциско және Нью-Йорк хабтары бар, теңіз деңгейінен 5 метр ғана биікте орын тепкен.
«Біз қамалып қалдық», дейді веб-кәсіпкер Такаюки Кобата. Ол Осакаға таяу маңдағы жасанды аралға салынған Кансайдың үлкен әуежайынан Гонолулуға баратын ұшаққа мінуді жоспарлаған екен. «Біз дауылдың басылғанын күтуіміз қажет», дейді Т.Кобата.
Су басқан аралдан шығудың жолын іздеуге ол 36 сағат жұмсапты. Белдеме арқанын үзіп кетіп, әуежай мен Осака арасын жалғап тұрған көпірге соғылып, жолды қатты зақымдаған кеме жағдайды тіпті күрделендіріп жіберген.
Су деңгейінің артуынан туындаған қауіп климат өзгеруіне әсер етіп отырған басты индустриялардың жазасы секілді. Әлемдегі парниктік газ шығарындыларының 3 проценті әуе тасымалына тиесілі. Бұл – көмірқышқыл газын қолдану бойынша қарқын алып келе жатқан саланың бірі. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының болжамына сай, қазіргі үдерістерді ескерсек, әуе тасымалына тиесілі бұл көрсеткіш 2050 жылға қарай үш есе өспек.
Авиация индустриясы өзі туындатқан көмірқышқыл зардаптарымен күресе жүріп, жаһандық жылынудың салдарын да сезіне бастады. Ыстықтың әсерінен ауаның тарылуы себепті көтерілу қиындайтындықтан, жоғары температура ұшақтардың ұшуына кедергі келтіреді. Климаттың өзгеруі сондай-ақ турбуленттік аймақтарды көбейтеді.
Көптен бері су жағасында, ойпаңда орналасқан алқаптар терминалдар мен ұшу жолағын салу үшін қолайлы мекен ретінде есептеліп келген. Өйткені онда ұшу және қону кезінде ұшақтарға кедергі азырақ. Ал жағалаулар тасқын мен қатты желдерге қарсы қалқан бола қоймайды.
Қысқасы, айрықша ауа райы мен теңіз деңгейінің артуы жаһандық жылынуды ескермей салған әлемнің ең көп қолданылатын әуежайларына үлкен қауіп төндіріп отыр.
«Сэнди» дауылы салдарынан 2012 жылы Нью-Йоркте қызмет ететін үш әуежайды су басып, бірнеше күн бойы әуе тасымалы кедергіге тап болды. «Гони» тайфуны 2015 жылы Шанхайдың сыртындағы Хунцяо халықаралық әуежайының ұшу жолақтарын істен шығарды. Таяуда Үндістандағы Кералада болған осы ғасырдағы ең жойқын тасқын салдарынан 400-ден астам адам қаза тауып, өңірлік хаб саналатын Кочин әуежайы екі аптаға дейін жұмысын тоқтатты.
Кансай жағалаудан бес шақырым қашықтықтағы аралда орналасқан. Ол он жылға жуық мерзім ішінде екі таудың қиыршық тастары мен құмнан салынды. 1994 жылы ашылған әуежай бір жағынан шу мәселелерін азайту, сондай-ақ Токиоға қызмет ететін Нарита секілді Жапониядағы ескі әуежайларға қатысты туындаған жер құқығына қарсы наразылықтардан қашу мақсатында Осака мүйісінде салынған болатын.
Қауіптің белгілері ерте байқалған. Инженерлер құрылыс басталғаннан кейін 50 жыл бойы әуежайдың салмағынан теңіз табанына күш түсіп, арал әр жыл сайын суға орташа есеппен 30 сантиметрдей батады деп болжаған еді. Бірақ арал алғашқы 7 жылда 9 метрге дейін түсіп кетіп, бату үдерісі әлі де жалғасып, жалпы 13 метрі су астына кетті.
Мұндай қарқынмен әуежайдағы екі ұшу жолағының кемінде біреуі 2058 жылы толық суға батып кетеді. Мұндай жан-жақты болжамды 2015 жылы Урбан-Шампейндегі Иллинойс университетінің азаматтық инженерия профессоры Голамреза Месри мен геотехникалық инженер Дж.Р.Фанк жасаған болатын. Профессор Месри теңіз деңгейінің көтерілуі әсерінен әуежайдың одан да жақын уақытта су астына кету ықтималдығы бар екенін айтты. «Әуежайдың орнына көл пайда болады», дейді ол.
Толқындардан, судың көтерілу қаупінен қорғану үшін Кансай әуежайы арал астындағы теңіз табанынан суды айдап отырады. Негізгі терминал алып «аяқтарға» орналасқан. Ол іргетастың деңгейін көтеріп ұстап тұрады. Сонымен қатар нөсер жаңбырдан кейін әуе жолақтарын судан тазалау үшін алып сорғылар қолданылады және аралдың ұзына бойына бірнеше теңіз қабырғалары орнатылған.
Инженерлер қабырғалардың 1961 жылы теңіз суын 3 метрге дейін көтерген тайфун секілді дауылдарға төтеп беретінін айтып мақтанған болатын. Бірақ «Жеби» тайфуны осы айда 11 адамның өмірін қиып, Жапонияның батысын қиратып, Осака мүйісіндегі су деңгейін рекордтық 3 метрден асырып жіберді. Толқындар әуежайдың теңіз қабырғасын қиратып, сорғыларды бітеп тастады.
6 қыркүйекте болған баспасөз жиынында әуежай операторының президенті Йошиюки Яамайа: «Біз тайфунға әзір едік, бірақ бұл жолғы тайфунның күші күткенімізден асып түсті. Жағдайды дұрыс бағамдай алмадық», деді.
Тайфун ойпаңда орналасқан ұшу алаңдарының кемшілігін көрсетіп берді.
© 2018 The New York Times News Service
Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»