27 Желтоқсан, 2011

Жұмысымызда ешқандай ұсақ-түйек болмауы тиіс

311 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың төрағалы­ғы­мен Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің бас­шылығымен кеңес болып өтті, деп хабарлады Қазақстан Рес­публикасы Президентінің баспасөз қызметі. Кеңес жұмысына Премьер-Министр Кә­рім Мәсімов, Сенат Төр­ағасы Қай­рат Мәми, Президент Әкімшілігінің Ба­с­шы­сы Аслан Мусин, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Кеңесті ашқан Мемлекет басшысы бү­гінде 2011 жылы атқарылған жұмыс­тар­дың алдын ала қорытындысы шығарылып жатқанын атап өтті. Биылғы жыл өте ма­ңыз­ды, ерекше және табысты болды. Қа­зақ­стан ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын жақсы көрсеткіштермен аяқтайды. Ішкі жалпы өнімнің нақты өсімі жылдың қо­ры­тындысы бойынша 7,3 пайызды құрайды, халықтың жан басына шаққандағы қайта есеп 11 мың АҚШ долларына жетеді. Халықаралық резервтер жиынтығы 75 миллиард АҚШ долларынан асады. Жыл ауыл шаруашылығы үшін табысты болды – өнім өсімінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 25,5 пайызды, ал құрылыс саласында – 3 пайызға дерлік, өнеркә­сіпте 4 пайызға жуық көрсеткішті құрады, ал сауда мен көлік салаларында да өсім бар. Президент қазіргі уақытта Индус­трия­ландыру картасына 9,6 триллион теңгені құрайтын 609 жоба енгізілгенін атап көр­сетті. Екі жылдың ішінде нысандарды іске қосудың есебінен 90 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Мыңдаған адамдар тиісінше табыс пен жоғары білікті жұмысқа ие болды. Бұрын Қазақстанда ешқашан өнім шығарып көрмеген 106 өндіріс игерілді. Мем­лекет басшысының тапсырмасы бой­ынша тұрғын үй құрылысы бағдарламасы іске асырыла бастады. 389 нысан бойынша 53 мың үлескердің проблемасы шешімін тапты. Бұл зор мәні бар мемлекеттік шешім болды. 2010 жылдан бастап «Биз­нес­тің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру барысында жалпы сомасы 240 миллиард теңге болатын 750 жоба мақұл­дан­ды. Бұл тағы жаңа жұмыс орындарының ашылуы, экономиканың жандануы. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ әлеу­мет­тік салада оң нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтті. Жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайызға дейін төмендеді. 2011-2015 жылдарға арналған «Са­ла­матты Қазақ­стан» денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасы жү­зеге асырыла бастады. Бұл бағдар­ла­мада ана мен бала өлімін, ауру деңгейін төмендету жөнінде нақты индикаторлар қамтылған. Президент мерейтойлық жыл – эконо­ми­ка­ның одан әрі жылдам өсімі мен халық­тың өмір сүру деңгейінің арту жылы бол­ғанын атап өтті. Қазақстандықтар 2012 жылды қанағаттанушылық және бо­ры­шы­ның орындалғандық сезімімен қарсы алуы мүмкін. – Дегенмен, біз шешілмеген мәселелер барын айтуға тиіспіз. Маңғыстау облы­сын­дағы оқиға күллі Қазақстан үшін айтарлықтай сынақ болды. Мерейтойлық жылы бізге қатер төнді. Мақсаты біздің қоғамда әлеуметтік, ұлтаралық, дінаралық және басқа да алауыздықты тудыру болды. Қазір тек оның шығу себептерін ғана емес, сондай-ақ осы оқиғаларды ұйымдастыру­шыларды табу үшін тергеу жүргізілуде. Біздің алдын ала білуімізше, мұның ар­тын­да ұйымдасқан қылмыстық топтар тұр­ған, олар ақшаны бөліскен, оларға өзде­рі­нің «іздерін» жасыру қажет болған, соған байланысты өрт қойылған. Біз мұның барлығын жан-жақты анықтаймыз. Біз мұның артында кім тұрғанын, ол «із» шет елден келгенін, елдің ішінде қандай бүл­діру әрекеттерін жүргізгенін білеміз. Бар­лық осы фактілер бойынша Бас прокуратура тиісті органдармен бірігіп, барынша егжей-тегжейлі тергеу жүргізуі тиіс. Басты себеп, үкіметтік шенеуніктер, «Самұрық-Қазына» басшылығы және осы еңбек кикілжіңін тікелей шешуге қатысы барлар жауапсыздық көрсетті, іс жүзінде нақты адасушылыққа жол берді. Сондықтан қазір барлығы осы оқиғалардан сабақ алулары тиіс. Бас прокуратура назарын қылмыстық істерді ашық, адал жүргізуді және осы тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен арандатушылардың барлығын қатал заң бойынша жауапкершілікке тартуды қам­тама­сыз ету қажеттігіне тағы да аудара­мын. Сонымен қатар, осы оқиғалар бойын­ша түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөнін­дегі жауапкершілікті Президент Әкімші­лі­гі мен Мемлекеттік хатшыға тапсырамын және жүктеймін, – деді Президент. Мемлекет басшысы жергілікті жерлердегі әкімдердің әлеуметтік маңызды мәні бар проблемалық мәселелерді жедел шешу қажеттігіне тоқталды. Мереке келе жатыр, бірақ жергілікті жерлердегі шенеуніктер босаңсымай, жұмыс жүргізулері қажет. Жұмыста ешқандай да ұсақ-түйектік бол­мауы тиіс. Осы кезеңде барлық деңгейдегі әкімдіктер алдында тұрғын үйлерді жылу­мен, сумен, газбен үздіксіз қамтамасыз ету, әлеуметтік мәні бар бағыттар бойынша басқа да мәселелерді шешу міндеті тұр. Қыс биыл суық болады. Сондай жағдайда барлық облыста, қалалар мен ауылдарда барлық коммуналдық қызметтердің мінсіз жұмысы қамтамасыз етілуі тиіс. Жылыту маусымында бұл мәселе әкімдердің қатаң бақылауында болуы керек. Көлік қызметі, сауда-саттық нақты қамтамасыз етілуі тиіс. Әрбір әкім ешқандай да әуре-сарсаң бол­мауы үшін азаматтардың шағымына на­зар аударып, олардың өтініштері бойын­ша барлық мәселені жедел шешуі қажет. Жергілікті БАҚ проблемалар туралы және оларды шешу жөнінде атқарылған жұ­мыстар бойынша ақпараттарды көптеп беруі қажет. Президент келесі жылы бәрі де әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың жаңа толқынының басталуын күтіп отырғанын атап өтті. Қазақстан бұған бұрыннан дай­ын­далуда. Алайда, егер дағдарыс баста­лып кетсе, онда бұл жәйт ешкім үшін де, орталық деңгейде де, жергілікті деңгейде де, аңдаусызда үстінен түскендей болмауы тиіс. Үкімет әлемдік экономикадағы жағ­дай­дың даму үрдістеріне мониторинг жасау жөніндегі жұмыстарды айтарлықтай күшейтуі қажет. Бұл сондай-ақ Президент Әкімшілігі мен өзге де органдарға қа­тыс­ты. Дағдарыс және оны еңсерудің әртүрлі сценарийлерін пысықтау қажет. – Дағдарыс жағдайында бізге ерекше ыждағатты болу керек, ең алдымен, бұл мемлекеттік органдар мен ұлттық ком­па­ниялардың шығысына қатысты. Олар қымбат тұратын шулы іс-шараларды, та­ныс­тырылымдарды, халықаралық конфе­рен­цияларды өткізуден бас тар­ту­ла­ры тиіс. Ондайдың барлығын тоқтату қажет, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Президент қаңтардан бастап Қазақстан Ресей мен Беларусьтің қатысуымен Бір­тұ­тас экономикалық кеңістік (БЭК) аясында жұ­мыс істей бастайтынын атап өтті. Ол қазақстандық кәсіпорындар алдында жаңа мүмкіндіктер туғызып, өнім өткізуде жаңа рыноктар ашады. Сонымен бірге, отандық кәсіпорындар біздің серіктестерімізбен бірге жаңа бәсекелестік алаңға енеді. Қа­зақ­стандық өндірушілер мұндай бәсек­е­лес­тікке дайын болып, одан мықты әрі ны­ғайып шығып, Бүкіләлемдік сауда ұйымы аумағындағы бәсекелестікке даяр болу­ла­ры тиіс. Үкімет БЭК жұмысындағы ережелер, барлық артықшылықтар мен тәуе­кел­дер жайлы нақты түсіндіру жұмыстарын ұй­ымдастыруы қажет. Ешқандай бүгіп қа­лу­шылық болмауы керек. Еліміз үшін пай­дасы бар мәселенің мәнін түсінбей сынау­шы­лық жөн емес. Бұл жұмыс, әсіресе, ша­ғын және орта бизнес өкілдеріне бағыт­та­луы керек. Үкімет, Президент Әкімшілігі және ведомстволар осы бойынша жұмыс жүргізуге тиіс. Президент индустрияландыру бағдар­ламасы қазір қолға алып отырғандай, басты назарда бола беретінін атап өтті. Барлық жерде, Үкіметте де, жергілікті атқарушы органдарда да жылына екі рет баяндама жүзеге асырылатын болады. Мұны негізгі міндет деп санау қажет. Мемлекет басшысы әрбір министр осы кезеңде өз саласының жай-күйі мен жұмысы үшін дербес жауапкершілікте болатынын атап көрсетті. Авиарейстер, пойыздардың тоқтап қалуы Көлік және коммуникациялар министрінен сұралады. Жылу жүйесіндегі апат үшін әкімдік жауапты болады. Президент Премьер-Министрге әр министрлік пен ведомствоның барлық жұ­мы­сын жеке бақылауына алуды тапсырды. Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің, министрліктер мен ведомстволардың барлық басшы қызметкерлері, барлық әкімдіктер үшін жаңажылдық және өзге де мемлекеттік мерекелерде демалысқа шетелдік сапарға шығуға тыйым салды. – Мерекені елде, өз халқыңмен атап өту керек. Бұл алдағы жаңа жылға ғана емес, сондай-ақ барлық ұлттық және мемлекеттік мерекелерге де қатысты, – деп атап өтті Президент. Мемлекет басшысы сайлауалды кезең­де әкімдер Орталық сайлау комис­сия­сымен бірге ашық, әділ және таза сайлау өткізу үшін барлық жағдайды жасау керек екенін атап өтті. Олар сайлау комис­сия­лары­ның мінсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етулері тиіс. Қазақстан азаматтары парламенттік сайлаудың және оған өздерінің қатысуларының мән-мағынасын түсінулері керек. Қазақстандықтарды сайлау учаскесіне келіп, өздерінің азаматтық парыз­да­рын орындауға шақыру өте маңызды. – Халықтың игілігі жолындағы біздің барлық бағдарламамыздың одан әрі жүзеге асуы және тыныштығымыз біздің қандай Парламентті таңдайтынымызға байла­ныс­ты болады. Дағдарыс пен тұрақсыздықтың болуы мүмкін жағдайында, біз өз хал­қымыздың бірлігін сақтап, одан әрі ны­ғай­туымыз қажет. Бұл тақырып ұдайы көңіл аударуды және белсенді жұмыс жүргізуді талап етеді, – деді Президент. Мемлекет басшысы сайлауалды кезең­де ұлттық және діни картаны ойнағысы келетіндер әрдайым табылып қалатынын атап өтті. Мұндай әрекетке батыл тойта­рыс беру қажет. Бұл біздің қағидаттарға қарама-қайшы келетінін, тұрақтылыққа, мемлекеттің дамуына, біздің Тәуелсіз­ді­гімізге қарама-қайшы келетінін ұғындыру қажет. Күллі еліміз бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының активі жігерлі жұмыс жүргізулері тиіс. – Сайлау қоғамды біздің басты құн­ды­лығымыз – тұрақтылық, бірлік, келісімнің айналасына топтастыру факторы болуы тиіс. Тек соның нәтижесінде ғана біз алға жылжимыз. Мен бұл туралы ел Тәуелсіз­ді­гінің 20 жылдық мерейтойына орай жасаған баяндамамда толық айттым. Қазір адамдарға, олардың мүддесіне жақын болу үшін, халқымыз мерекені жақсы атап өтуі және біз сайлауалды кезеңнен жақсы өтуі­міз үшін, елдің әр күнгі тыныс-тіршілігі үзіліп қалмауы үшін жұмыла жұмыс істеуіміз қажет, – деді Президент. Кеңестің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсыр­малар берді. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.