Университет ректоры Ерлан Сыдықов: «Шәрбану Бейсенова – қазақ әдебиетіне үлкен үлес қосқан, жазушы, журналист. Ұзақ жылдар «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері» журналдарында жемісті қызмет етіп, төл мәдениетіміз бен әдебиетімізге айрықша еңбек сіңірді. Бүгінгі кездесу студенттер үшін айрықша күн, ерекше кездесу ретінде естерінде қалады деп ойлаймын. Шәрбану Қонақбайқызының еңбек жолы мен өнер жолын бағалап, университетіміздің ең жоғары наградасы «Күлтегін» медалімен марапаттаймыз. Шығармашылық жолына табыс тілейміз», деді.
Шәрбану Бейсеноваға студенттер тарапынан мол, қызықты сұрақтар қойылды. Өнер жолын әңгіме жазудан бастаған жазушы, Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оныншы сыныпты бітіре салып, аудандық газеттің жолдамасымен бірден қабылданған. Қазақ тарихындағы батыр аналар, ержүрек арулар туралы шығармалар сериясын жазып, өнімді еңбек етіп жүрген қаламгер, осы тақырыбын әлі де індетіп, тереңдетіп жазатынын айтты.
Өмірлік серігі, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, сыншы Сағат Әшімбаевпен бірге кешкен сәулелі ғұмыры туралы да сырт шерткен жазушы студенттердің барлық сұрағына риясыз жауап беріп, кездесуді ұйымдастырушылар мен тыңдаушыларға алғысын айтты.
Кеш барысында Шәрбану Бейсенованың шығармашылығы туралы филология ғылымдарының докторы Жанат Әскербекқызы ой-пікірін білдіріп, Серік Тұрғынбекұлы арнау жырын тарту етті.
Тіршілігін қалыбында, өмір мен өнер жолында көргені мол, түйгені көп қазына кеуде үлкендерімізбен сұхбаттасу жастарға қашанда қызық, қашанда азық болып қала береді.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»