Үш күнге созылған оқу-әдістемелік жиын Ұлттық ұлан бас қолбасшысының арнайы бұйрығы негізінде осы жылды Ұлттық ұлан құрамында «2018 жыл – кәсіби біліктілік жылы» деп жариялануымен ұштастырылып, кең көлемде алғаш рет ұйымдастырылды. Мұндағы көзделген негізгі басымдық әскердің алдыңғы буын офицерлерінің кәсіби біліктілігін жоғарылатуға бағытталған. Яғни, арнайы мақсаттағы әскери бөлімдері, түзеу мекемелері мен аса маңызды нысандарды күзету жөніндегі әскери бөлімдері және төтенше жағдайлар бойынша әскери бөлім командирлері теориялық және тәжірибелік сынақтар тапсырды. Нақтылай түссек, қатысушылар жауынгерлік дайындықтың негізгі түрлерінен: ату қаруымен, дене дайындығы, әдістемелік, мемлекеттік-құқықтық дайындық пен жалпы әскери жарғыдан, тактика мен жедел шешім қабылдаудың шеберлігінен және әскерді басқару өнерінен сынақтар тапсырды.
Шараның алғашқы күні командирлер психологиялық тестен өтіп, арнайы құрылғылар арқылы оларды психологиялық және психофизиологиялық диагностикадан өткізу жұмыстары да жоспарға сай жүргізілді. Осы орайда айта кетерлік жайт, бүгінгі таңда уақыт талабымен үндесетін заманауи диагностикадан өткізуге арналған мұндай құрылғылармен Ұлттық ұланның үш өңірлік қолбасшылығы толық дерлік қамтылған.
Сонымен қатар жиынға қатысушылар жетекші құжаттар мен бұйрықтарды білу жөнінен арнайы тестілеуден өтті. Жиынға жетекшілік еткен Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Альберт Маткаримовтің айтуынша, оқу-әдістемелік жиынның сабақтары негізінен тәжірибелік тұрғыда машықтандыруға арналған. Соның аясында ұйымдастырушылар оқу-әдістемелік жиынға қатысушы офицерлердің қару түрлерін күндіз бен түнде пайдалануын, арнайы жаттығу құрылғыларында жауынгерлік техникаларды тізгіндеу қабілетін таныта отырып, өз шеберліктерін көрсетуіне басымдық берілді. Бөлім командирлері жауынгерлік ұрыс жағдайына бейімделген түрлі сипаттағы дабыл бойынша өз шеберліктерін шыңдады.
Сондай-ақ жиын барысында командирлерге әскерге жаңадан келіп жатқан соңғы үлгідегі көздеу құралдары мен жаттығу құрылғылары, нақтылап айтсақ, лазермен иммитацияланған мультимедиялық ату тирінің және басқа да құрылғылардың қыр-сыры таныстырылды.
Шеберлікті шыңдауға бағытталған оқу-әдістемелік жиынды Ұлттық ұлан бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов қорытындылап, Ішкі істер министрі мен бас қолбасшының әскери бөлімдердің жауынгерлік даярлығын жетілдіруге қатысты алдағы уақытқа нақтыланған тапсырмалары берілді.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығы 2016 жылы Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған болатын. Халықаралық талапқа сай келетін аталған орталықта ІІМ мен Ұлттық ұланның әскерилері және өзге де күш құрылымдарының мамандары кәсіби біліктіліктерін шыңдап келеді.
«Егемен-ақпарат»