Қазақстан • 20 Қыркүйек, 2018

Ұрпақ сабақтастығының үлгісі

98 реткөрсетілді

Кеше ел газеті «Егеменнің» қара шаңырағында белгілі қаламгер, байырғы журналист, ұжым үшін өнеге тұтар аға буын өкілі Әділ Дүйсенбекпен басылым қызметкерлері ұрпақ сабақтастығының үлгісіндей әңгіме-кездесу өткізді.  

Басқосудың маңызы туралы барша қауымды хабардар еткен басылым басшысы Дархан Қыдырәлі байырғы қаламгердің негізгі ерекшелігі – аға­мыздың кіндігі әрқашан ел газеті «Еге­менге» байлаулы, келер жылы 100 жыл­дық мерейтойы атап өткізілгелі отыр­ған бас басылым тарихындағы елеулі тұлғалардың бірі дегенді ізгі ілтипатын жеткізе отырып, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың құттықтау хатын оқып берді. 

Расында 1960 жылдардың соңында университеттің соңғы курсында оқып жүріп «Социалистік Қазақстан» газетіне кіші әдеби қызметкер болып орналасқан қаламгер осында табан аудармай 40 жылға жуық қызмет атқарып, бір ізбен зейнетке шыққан екен. 

Әділ аға осы аралықта газеттің күн­делікті құж-құж қайнап жатқан шаруа­сын атқара жүріп, көркем әдебиетке де қалам тартқан. Атап айтқанда, «Ақ күмбез», «Көкжиек», « Жүрек жылуы», «Тергеу әлі біткен жоқ»,  «Қара шаңырақ», «Шерағамның шеруі» және «Менің Шерағам» атты эссе-әңгіме, новеллалар жинағы еңбекқор журналистің қалам қуатының айғағы іспеттес.

Кездесу барысында Әділ аға басылым қызметкерлеріне журналист кәсібі өте қадірлі мамандық екенін, сондықтан мына отырған сіздер оның қадір-қасиетін біліп, адалдық таныту басты қажеттілік дегенді басып айтты. Сонымен бірге көпті көрген көшелі аға ұжымның берекесін ұстап тұратын татулық пен береке-бірлік, сол себепті әркез бір-бірлеріңізді сыйлап, құрметтеп жүріңіздер, өзің жақсы болсаң өмірің де мәнді болады деген өнеге-өсиетін жеткізді.

Өз кезегінде Әдекеннің әріптестері Жанат Елшібек, Сүлеймен Мәмет, Сейфолла Шайынғазы қатарлы алдың­ғы буын өкілдері және ізін басқан Самат Мұса, Ғабит Мүсіреп, Талғат Ба­тыр­хан, Жақсыбай Самрат секілді інілері жүрекжарды лебіздерін білдіріп, тілектестік танытты.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»
 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Жаңғырық жайлы хикая

Руханият • Кеше

Қаламның қарагері

Руханият • Кеше

Дәстүр білген адаспас

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар