Қазақстан • 20 Қыркүйек, 2018

Мемлекеттік органдардың бірыңғай платформасы құрылады

601 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Қуаныш Сұлтановтың төрағалығымен ҚР Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысы өтті. 

Мемлекеттік органдардың бірыңғай платформасы құрылады

Алқалы жиынға заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының өкілдері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, адвокатураның және БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды ашқан  Қ. Сұлтанов комиссияның қатарына Қоғамдық даму министрі Дархан Калетаевтың қосылғанын жариялады.

Іс-шара барысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етудегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың рөлі» тақырыбында баяндама жасады.

 «Мемлекеттік басқаруды реформалау, азаматтық қоғамды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес процесінде ақпараттың ашықтығы және қол жетімділігі маңызды рөл атқарады. Ақпаратқа қол жеткізу құқығының әлеуметтік маңыздылығы да айқын. Мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы олардың тарапынан теріс пайдалану мүмкіндігін азайтады, яғни адам құқықтарының қорғалу деңгейін арттырады», деді ведомство басшысы.  

Министр ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін арнайы құрылған «Ашық Үкімет» порталдарының қызметіне тоқталды.

Бүгінде «Ашық деректер» порталында орналастырылған деректер жиынтығының саны – 3179. Порталдың деректері негізінде 23 қосымша әзірленген.

«Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталында ашық түрде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын қоса алғанда, нормативтік құқықтық актілердің жобалары жария талқыланады. Портал жұмыс істеген кезең ішінде 29 143 НҚА жобасы жарияланды, оларға 14 000-нан астам пікірлер қалдырылды», деді Д. Абаев.

Министрдің айтуынша, ақпаратпен қамтамасыз етудегі барлық проблемаларды шешу үшін кешенді тәсіл қажет. Осы мақсатта Ұлыбританияның тәжірибесіне сүйене отырып, мемлекеттік органдардың бірыңғай сайтын құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл ретте, бірыңғай сайтты құру жыл сайын ақпараттық ресурстарды әзірлеу мен сүйемелдеуге бөлінетін шығыстарды екі еседей қысқартуға мүмкіндік береді. Баяндама соңында министр «Ашық Үкімет» қағидаттарын ілгерілету бойынша алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға тоқталды.  2019 жылы мемлекеттік орталық органдардың, 2020 жылы жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарын біріңғай платформаға көшіру жоспарланған.

 «Ашық үкімет» порталдарында және ресми интернет-ресурста жүргізетін жұмысын Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жыл сайын бағалау шеңберінде бақылайды. 2017 жылы «Мемлекеттік органның ашықтығы» бағыты бойынша Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі алдыңғы қатардан көрінді.

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»