Қазақстан • 21 Қыркүйек, 2018

Саялы төрім – Сарқаным!

196 реткөрсетілді

Алматы облысына қарасты Сарқан ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай сол өңірдің Жоңғар Алатауы етігінде орналасқан табиғаты тамаша, ауасы саф, көркі көз сүйісіндертін Аманбөктер мен Екіаша ауылдарында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.    

Құрметті меймандарды Сарқан қаласының кіре берісінде қарсы алған әкімшілік қызметкерлері мен жергілікті мекеме басшылары Алаштың ардақты ұлы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, тарихшы, ағартушы, тұңғыш темір жол инженері Мұхаметжан Тынышбаев пен Ұлы Отан соғысы және Жапониямен болған жауынгерлік қақтығысқа қатысқан запастағы генерал-майор Әбдіқадыр Болсамбековтың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Ұлы тұлғаға тағзым жасаған қонақтар тау бөктерін жағалап, Екіаша ауылына қарай жол тартты. Ол жерде мерекелік ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Осы жиын барысында ауданның тарихы, қазіргі тыныс-тіршілігі, экономикалық әлеуеті, түрлі салада қол жеткізген табыстары және де бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер туралы кеңінен әңгіме қозғалып, келелі ойлар айтылды.

Расында да Сарқан топырағынан елдің қошеметіне бөленген азаматтар көптеп шыққан. Олардың көш басында қазақтың шежіресін тізбектеген  Мұхаметжан Тынышпаевтан бастап, мемлекет қайраткері Кәкімжан Қазыбаев, музыка өнерінің саңлақтары Мұқан Төлеубаев пен Еркеғали Рахмадиев, кино өнерінің майталманы Құман Тастанбеков, даңқты балуандар Әбілсейіт Айханов пен Аманжол Бұғыбаев және басқа да ірі тұлғалардың өмір жолынан қысқаша деректер келтірілді.

Түс бел ортадан ауғанан соң ақындар айтысы ұйымдастырылды. Төрт сағатқа созылған жыр додасында бірінші орынды Айдана Қасабек жеңіп алса, екінші орын Қазыбек Жеңісханға бұйырды. Үшінші орынды ақсулық Қанат Боқан алды. Кеш бата жергілікті өнерпаздар және осы шараға арнайы шақырылған өнер және эстрада жұлдыздарының қатысуымен Аманбөктер ауылында мерекелік концерт өтті.

Келесі күні таң ата қонақтар Сарқан ауданының қол жеткізген жетістіктеріне арналған көрмені аралады. Содан кейін салтанатты жиын ұйымдастырылды. Бірінші болып ортаға шыққан Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов сөз сөйлеп, Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласына байланысты ауданда көптеген істің атқарылғанын да айта келе, облыс әкімі Амандық Баталовтың құттықтауын жеткізді. Одан кейін сөз алған аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков айтулы өңірде Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмалары қалай жүзеге асып жатқаны жайында баяндама жасады.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын, алдағы күндерге межелеген мақсаттар мен міндеттерді іске асыру бағытында біз бүгін де жұмыла жұмыс жүргізіп келеміз. Аудан бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің деңгейі артты, салықтар мен бюджеттің түсімі өсті. Әлеуметтік, денсаулық сақтау, білім беру салаларында ауыз толтырып айтарлық жетістіктеріміз жұртшылықтың көз алдында. Жетісу өңірінде ұранға айналған тәтті түбір көлемін бұрынғы деңгейге жеткізу мақсатында қол жеткен жетістіктеріміз аграрлық сала еңбеккерлерінің ерен еңбегінің нәтижесі екені анық. Осы жұмыстардың дәлелі ретінде әнші-сазгерлеріміз бен қолөнер шеберлері бүгінгі мерекеге ұлттық дәстүріміздің алуан түрлі бояуларын әкелсе, берекелі күздің кеусеніндей ауылшаруашылық мамандарымыз өздері өндірген өнімдерін, өсірген төрт түлігін жергілікті жұртшылыққа ұсынып отыр. Иә, аудан құрылғаннан бастап, осы уақыт аралығында талай өзгерістердің болғаны өздеріңізге де мәлім.

Тек тұрғындардың туған жер мен Отанға деген сүйіспеншілігі ғана еш өзгерген жоқ. Осыдан 90 жыл бұрын негізі қаланған ауданымыз бүгінгі таңда да дұрыс бағытпен даму үстінде. Қадірменді қауым! Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Меркелік күндерге жеткізген берекелі тірлігіміз баянды болсын» деп барша жұртты ынтымаққа шақырғандай, біздің күшіміз бен сеніміміз халықтың бірлігі мен ынтымақтастығында қала бермек», – дейді Сарқан ауданыны әкімі Ерғазы Қошанбеков.   

Осы шара барысында еліміздің және сол өңірдің өркендеуіне, көркеюіне үлес қосқан ғалым-академик Аманкелді Бекбаев, өнер қайраткері Саят Мерекеұлы, медицина саласының ардагері Төкен Блескелдинов, ардагер ұстаз Мырзахан Қабасов, ауылшаруашылық саласының қарт маманы Жангелді Заманбеков, генерал Аманкелді Құрманғалиев сынды бір топ тұлғаларға «Сарқан ауданының Құрметті азаматы» атағы  берілді.

90 жылдық мерейтойға орай өткізілген осы іс-шараның ресми бөлігі одан кейін мерекелік концерт пен театрландырылған қойылымға ұласып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.  

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы

Сарқан ауданы         

Суретті түсірген Руслан Қадыров

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Багаев көрмесі Қостанайға келді

Руханият • Бүгін, 18:01

Әрбір донор – батыр

Медицина • Бүгін, 17:07

Дарынды түлек Дарина

Қазақстан • Бүгін, 15:36

Арыста медициналық штаб құрылды

Аймақтар • Бүгін, 13:23

Дзюдошылар үш жүлде алды

Спорт • Бүгін, 12:43

Көкке қол созған саңлақ

Қоғам • Бүгін, 10:18

Қараша қазға қамқорлық

Қазақстан • Бүгін, 10:16

Қаламгерлер арасындағы турнир

Қазақстан • Бүгін, 10:14

Айбынды жастар анықталды

Қазақстан • Бүгін, 10:10

«Ақбас» тұқымынан артығы жоқ

Аймақтар • Бүгін, 10:04

Электронды сауда қызып келеді

Қазақстан • Бүгін, 10:01

Тіл – ортақ, тілек – бір

Қоғам • Бүгін, 09:55

Серт пен сенім

Президент • Бүгін, 09:35

Ұқсас жаңалықтар