Елбасы. Елорда. ЭКСПО

Еліміздің тәуелсіздіктен бергі айтулы жетістік­терінің дені биыл жиырмасыншы белестен асып отырған елордамыздың тарихымен тығыз байланысты екені белгілі. Иә, Елбасы идеясы бо­йынша Есілдің жағасында жаңа елорданың бой көтеруімен еліміздің жаңа дәуірі басталды десек, артық айтқандық емес. Бүгінгі күні Астана көптеген маңызды геосаяси әрі халықаралық маңызды шешімдер қабылданатын орталықтардың біріне айналды. Астананы көшіру Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде орнықтыру тұрғысынан қажет едi. Жаңа байтағынан бастау алған экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобалардың, ауқымды саяси бастамалардың арқасында еліміз қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды. Елорда осы уақыт ішінде әлемдік деңгейдегі талай іс-шараның өтуіне ұйытқы болды. Солардың бірі де бірегейі – ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі.

Егемен Қазақстан
21.09.2018 2772
2

Еліміз абыроймен өткерген ЭКСПО Қазақстанның танымалдылығын арттырып қана қоймай, ел экономикасына оң әсерін тигізді. Шағын және орта бизнес миллиардтаған теңгеге тапсырыс алды. Туроператорлардың қызметіне деген сұраныс екі есеге жуық ұлғайды. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 проценттен аса көбейді. Ең бастысы, еліміздің Еуразия өңіріндегі қауіпсіз әрі қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретіндегі оң имиджін нығайта түсті.

Тағы бір атап айтатын мәселе, Мемлекет басшысының әу бастағы стратегиялық жоспарының арқасында халықаралық көрме бір сәттік, науқандық шара болып қалмай, Астананың, тұтас еліміздің дамуына серпін беретін ұзақ мерзімді жоба ретінде жүзеге асты. ЭКСПО елорданың екінші тынысын ашты десек те болады. «Салынған нысандар көрмеден кейін тиімді пайдаланылуы тиіс» деген болатын Елбасы. Сондықтан құрылыс та осы мақсатқа орайластырыла салынып, қазіргі күні халықтың игілігіне жұмыс істеп тұр. Музейге айналған «Нұр Әлем» павильоны бүгінде елорда қонақтары ат басын тірейтін негізгі орындардың бірі болса, өзге павильондарда ұлттық IT-орталық, «Астана» халықаралық қаржы орталығы сияқты мекемелер орналасып, ел экономикасын дамытуға еселі үлес қосып жатыр. 

Тоқсан үш күн бойы Қазақстан мен қазақстандықтарды әлем назарында ұстаған айтулы оқиғаның тарих қойнауына енгеніне де бір жыл өтті. Оның жабылу салтанатын «Егемен» толық жазған болатын. Бүгін біз осы көрменің өткізілу тарихына шолу жасап өткенді жөн көрдік. 
Қазақстан ЭКСПО-2017-ні Астана қаласында өткізу туралы өтінішін Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) штаб-пәтерінде болатын конкурсқа 2011 жылдың 10 маусымында тапсырғаны белгілі. Шешім 2012 жылдың қараша айындағы 152-ші отырыста анықталды. Осы уақыт аралығында Қазақстан көрмені қандай тақырыпта өткізетінін анықтап, 2012 жылдың наурыз айында Астанаға келген ХКБ сарапшыларына таныстырған болатын. 

Көңіл күпті. Мұндай көрмені өткізуге Қазақстан түгіл кешегі жарты әлемді жалпағынан басып өткен КСРО да бірнеше рет талпынғанымен қол жеткізе алмаған. Тұтас Азияда Үндістан, Пәкстан, Түркия, Иран, Тайланд және бірнеше бақуатты ел болғанымен, осы уақытқа дейін Жапония, Қытай және Оңтүстік Корея секілді үш мемлекеттің ғана жолы болып, көрмені өздерінде өткізе алған еді. Ресей Федерациясы 2002 жылы ЭКСПО-2010-ды Мәскеуде өткізуге талпынып, қаланың сол кездегі мэрі Юрий Лужков көп еңбектенгенімен көрмеге қол жеткізе алмады. Одан кейін де 2020-шы жылғы көрмені Екатеринбург қаласында өткізбек болып, көп әрекеттенді. Бірақ бұл жолы да конкурста жеңе алмай, Дубай қаласына жол берді. Енді бұл ел ЭКСПО-2025-ті өткізбекке әрекеттеніп жатыр. 

Осындай тартысты додаға қатысуға жас Қазақстанның 2011 жылы тәуекел етуі – ерекше оқиға болғаны хақ. Бірақ әлемдік додаға батыл араласуға еліміздің беделі мен жетістіктері жеткілікті еді. Ең алдымен Қазақстан дүние дүрбелеңге толы тұста ішкі һәм сыртқы қақтығыстарға жол бермей, аз уақыттың ішінде тәуелсіздігін нығайтып, саяси тұрақты ел ретінде танылып үлгерген-ді. Аумағындағы табиғи ресурстардың мол қорын да тиімді пайдаланып, Орталық Азияда экономикалық тұрғыдан жоғары қарқынмен дамып келе жатқан ел екенін көрсетті. Сонымен қатар көптеген халықаралық маңызды құжаттарға қол қойып, ашық ел ретінде демократиялық жолмен дамитынына барлық әлемнің назарын аудара білді. 

Қазақстан осындай даму бағытынан таймай, ғаламдық бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақталуын да белсенді түрде жақтайтынына дүние жүзін сендірді. Бұл – біздің елдің сыртқы саясаттағы табысты позициясы болғаны да шындық. Әлемдегі ең үлкен ядролық сынақ полигонын КСРО әлі құламай тұрған кездің өзінде жауып, одан әрі өз аумағындағы әлемде 4-ші орын алатын ядролық арсеналдан бас тартуы да Қазақстанның бейбітсүйгіштік имиджін арттыра түсті. Ал ядролық қарудың жасалуын тежеу, таратпау, жою туралы бастамалары осы бағыттағы халықаралық күрестің көшбасшылығына дейін көтерді. Сонымен бірге түрлі конфессияларға төзімді болып, бейбіт өмір сүруге шақырған үндеулер де біздің елде тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерінен дүние жүзіне тарап тұр. Бұған қоса Қазақстан ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымның төрағалығына сайланып, тіпті оның 11 жыл бойы өтпеген саммитін өткізді. Міне, осының бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының, халықаралық беделінің арқасында жүзеге асқан бірегей жобалардың жемісі еді. Енді сол бедел ЭКСПО-2017 өткізуді кімге сеніп береміз, кімнің кандидатурасына дауыс береміз деген ХКБ 152-ші отырысында таразыға түсті. 

2012 жылдың 22 қарашасында ХКБ-ның 152-ші отырысына қатысу үшін Елбасымен бірге Қазақстаннан сол кездегі Үкімет басшысының орынбасары, ЭКСПО-2017 жобасына жауапты Қайрат Келімбетов пен Астананың сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетов Парижге барған. Журналистер арасында осы жолдардың авторы да болған еді. Отырысқа әрбір елдің өкілдері ғана қатысып, Мемлекет басшылары оған кірмейді екен. Сондықтан қаты­сушыларға Президент Н.Назарбаевтың бейнеүндеуі ғана көрсетілді. Онда Елбасы Қазақстанның көтеріп отырған тақырыбының аса өзекті екенін жеткізе келіп, Астана жеңіп шыққан жағдайда ЭКСПО-2017-нің табысты өтуіне кепілдік беретінін айтқан болатын. 

Сонымен ХКБ-ға қазір 161 мемлекет мүше болғанымен ол кезде да­уыс беруге 147-сі қатысты. Астана мен оның қарсыласы Бельгияның Льеж қаласының қайсысы көп дауыс алатыны мүлде белгісіз еді. Бұрын ЭКСПО-ны 2 рет өткізген тәжірибесі бар Льеж қаласының мэрі Вилли Демеймер мырза да өз елі таңдаған тақырып пен мүмкін­діктерін мақтауын жеткізе таныстырды. Қазақстанмен бәсекеге түскен бұл еуропалық қала дүние жүзіне қару-жарақ ойлап табатын конструкторлардың ота­ны болуымен де аты шыққан. Атақты браунингті ойлап тапқан конструктор да осы қаланың тұрғыны. 

Президент тоқтаған қонақүйдің фойе­сінде бір орында байыз тауып отыра алмай жүрген қазақстандық журна­­лис­тердің де жүрегі күпті. Көрме өткі­зудің негізгі отаны әрі белсенді ұйымдас­ты­рушылары – еуропалық мемлекеттерге алыстағы Азияға барғанша өздері­нің көршілері, салиқалы, салмақты ел Бель­гияны қолдап шығу оңайырақ секілді. 

Сонымен 3-4 сағат өткенде Қай­рат Келімбетов пен Иманғали Тасма­ғам­бетов қонақүйге жүгіре басып кірді. Олар ешкіммен сөйлеспей, бірден Президентке кірген. Әрине нәтижені хабарлауға асыққаны көрініп тұр. Ұзамай Нұрсұлтан Әбішұлы журналистерге шығып, Қазақстанның жеңіске жеткенін жариялады. Дауыс беруге қатысқан 147 мемлекет өкілдерінің 103-і өз дауыстарын Қазақстанға, тек 44-і ғана Бельгияға беріпті... Бұл үлкен жеңіс еді. Президенттің өзі де қуанышты екенін көрсетіп, емен-жарқын отырып, журналистермен еркін сөйлесті. «Өзіңіз қат­ты толғандыңыз ба?» деп сұраған осы жолдардың авторына ол: «Әрине толғанбасам осында келер ме едім» деп жауап берген еді. 

Қазақстандық журналистер екі топ болып барғанбыз. Бір тобы біз болғанда екінші топта «Егеменнің» тағы бір тілшісі Динара Бітік қарындасымыз болған. Ол ХКБ 152-отырысына қатысқан Қазақстан өкілдері Қайрат Келімбетов пен Иманғали Тасмағамбетовтің жеңіске дейін әлемдік журналистерге берген баспасөз мәслихаты туралы ма­йын тамызып жазған. 

Міне, осыдан кейін аса ауқымды жұмыстар басталды. 2012 жылдың 26 қарашасында Президент «Халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесін дайындау және өткізу жөнін­дегі комиссия» құрды. Ал Үкімет 2013 жылдың 15 қаңтарында «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» акцио­нерлік қоғамын құрып, оның төрағасын бекітті. Жыл бойы көрменің архитектурасына, құрылысын жүргізуге, коммерциялық қызмет көрсетуге және т.б. конкурстар жарияланып, оның қорытындылары шығарылды. Ал 2014 жылдың сәуір айында Елбасы ЭКСПО-2017 көрмесінің құрылысына кірісуге бұйрық берді. 

Тарихтың қалың қатпары арасынан Қазақстанның бір айрықша ерлігі ретінде үнемі жарқырап шыға келетін ЭКСПО-2017 осылай болған еді. «Тау алыстаған сайын биіктейді» демекші оның маңызы да жыл өткен сайын арта түсері сөзсіз. 

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»
 

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

16.10.2018

Зылиха апай (әңгіме)

16.10.2018

Зиялы қауым өкілдері Жолдауға пікір білдірді

16.10.2018

Жерге жаңаша көзқарас пен қатаң бақылау қажет

16.10.2018

Қостанай облысында өнімді өңдеу секторы 53 поценттен асты

16.10.2018

Қазақстандық қамту: отандық өнімнің өрісі неге тар?

16.10.2018

Юлия Путинцева жарысты жеңіспен бастады

16.10.2018

Павлодар облысында отырғызылған ағаштардың 70 пайызы өспей қалған

16.10.2018

Съезд – нақты іске көшудің мысалы

16.10.2018

Түркістан еңбек күші бар, бірқатар салаларды дамытуға қолайлы облыс

16.10.2018

Бүгін Елбасының Финляндияға ресми сапары басталады

16.10.2018

Түркістан облысында бюджеттік мекемелерге жылу берілуде

16.10.2018

Қызылша шаруашылығы қарқынды дамып келеді

16.10.2018

Грузиядағы президент сайлауына Қазақстаннан жіберілетін байқаушылар тізімі бекітілді

16.10.2018

Қостанайда ұрланған малдың 60 проценті иесіне қайтпайды

16.10.2018

Ресейдің Челябі облысында өткен көркемсөз оқу байқауында қандастарымыз лауреат атанды

16.10.2018

Іскер жастарға арналған жаңа жоба басталады

16.10.2018

Кедергісіз орта – келешек кепілі

16.10.2018

Арман Сейітмамыт: Кино әлеміне «Ел Арнаны» барынша етене жақындастыру керек

16.10.2018

Орнықты дамудың бағдары - Тадеуш Шозда

16.10.2018

«Хат қоржын» (16.10.2018)

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Megapolıster múmkindigi

Elbasy «Qazaqstandyqtardyń ál-aýqatynyń ósýi: tabys pen turmys sapasyn arttyrý» atty jańa Joldaýynda elimizdiń aýmaqtyq damýyna jańa tásilder engizýdi qamtamasyz etý qajet ekendigin aıta kele: «Búginde jetekshi elderdiń ekonomıkasy kóbine jahandyq qalalar nemese megapolıster arqyly tanylady.

Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»

Izgilikke shaqyrý iriliktiń belgisi

Bıylǵy 10-11 qazan kúnderi Astanada ótken Álemdik jáne dástúrli dinder kóshbasshylarynyń dástúrli siezi óziniń halyqaralyq aýqymdaǵy asa mańyzdy únqatysý alańy ekenin taǵy bir ret dáleldedi.

Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»

Jer emgender oza ma, toza ma?

Jalpy, bizdiń halyqtyń arman-maqsatynyń bir ushyǵy qashan da jermen baılanysty sıaqty. Jerdi keńeıtý, jerdi qorǵaý, jerdi óńdeý, jerdi qurmetteý... Mentalıtetimiz jerge jaqyn. Bul basqa halyqtarda olaı emes degen sózimiz emes, biraq bizdiń halyq úshin tym erekshe sıaqty. 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Qatygezdik vırýsy

О́tken ǵasyrdyń 80-jyldary rejısser R.Bykovtyń «Chýchelo» atty fılmi Odaq kólemindegi búkil eldi shýlatqan bolatyn. Kishkentaı ǵana 6 oqıtyn balalardyń boıynan sonshalyqty qatygezdikti kórgen qazaq qaýymy, bálesinen aýlaq, qalada ósken ózge ulttyń qatybastary ábden buzylyp ba­rady eken, bizdiń balalarymyzdan, keleshegimizden aýlaq dep shoshyǵan. Ol kezde mundaı zulymdyq qazaq balasynda kezdespeıtin jat qylyq sanalatyn. 

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

О́mir kúzetindegi meıirim

Otbasylyq jáne jeke basynyń jaǵdaıyna baılanysty Germanıadaǵy oqýynan eriksiz qol úzip, týǵan jerge oralǵan Ǵabıt Nurhanuly esimdi azamattyń feısbýktegi jazbasy kóńilge túrli oı saldy. Elimizdegi densaýlyq saqtaý salasyndaǵy kóptegen túıtkildi synaǵan avtor nemis halqynan kóp nárseni úırenýimiz kerek deıdi.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу