Спорт • 21 Қыркүйек, 2018

Дзюдошы Ерлан Серікжанов жартылай финалға шықты

420 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дзюдодан Бакуде өтіп жатқан әлем чемпионатының алғашқы күні Қазақстанның ұлттық құрама командасы үшін табысты болып, аса жеңіл салмақта белдескен Отгонцецег Галбадрахтың қола медальді мойнына ілген белгілі.

Дзюдошы Ерлан Серікжанов жартылай финалға шықты

Бүгін тағы екі салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынады. 52 кило салмақ дәрежесінде біздің қыздар күрескен жоқ. Сол себепті де әйелдер сайысында өзге мемлекет өкілдерінің өнерін тамашалаумен шектелдік. Ал ерлер арасында Ерлан Серікжанов татамиге шықты. 66 кило салмақта бақ сынаған қандасымыз тұсаукесер кездесуде Мозамбиктің балуаны Артур Джуниор Карлоспен күресті. Әлемдік рейтингте 261 сатыға жайғасқан қара құрлық өкілін жеңу сол тізімде 36 орында тұрған қандасымызға еш қиындық туғызған жоқ.

Келесі бәсекені Барух Шмаиловқа қарсы өткізді. Әлемдік рейтингте төртінші орынды иеленіп отырған Израиль спортшысына Ерлан әуелі вазари әдісін қолданса, көп ұзамай оны иппонға түсірді. Үшінші кезеңде молдовалық Вадим Бунескудің осал тұсын оңай тапқан қазақ дзюдошысы ширек финалда Херлен Гандболдпен белдесті. Әлемдік рейтингте бесінші орынды иемденіп тұрған Моңғолияның балуаны да өте азулы еді. Негізгі уақытта екеуі тең түскенімен, қосымша уақытта қазақтың ұлы қарсыласын таза жеңді. Сөйтіп, Ерлан Серікжанов жартылай финалға жолдама алды. Сәтін салса, Айдар Қайырбаевтың шәкірті өз жерлестерін қуантады деген сенімдеміз. Енді ол әлем және Еуропа чемпионаттарының қола жүлдегері, израильдік Тал Фликкермен күш сынасады.    

Ертең 73 кило салмақта Жансай Смағұлов пен Бекәділ Шәймерденовтың өнерін тамашалаймыз. Екеуі де алғашқы айналымда бос. Одан кейін Бекәділ франциялық Бенжамин Аксуспен кездеседі. Оны жеңген жағдайда колумбиялық Лейдер Наварро, йорданиялық Салман Ейал Иеунис және швейцариялық Тимо Аллеманның бірімен күш сынасады. Жансай перулік Алонсо Вонг пен швейцариялық Нил Стамп арасындағы бәсекенің жеңімпазымен күш сынасады. Қандасымыз осы кезеңінен сүрінбей өтсе, марокколық Сафуан Боутит пен македониялық Никола Кардашевичпен айқасады.   

Ал әйелдер сайысында 57 кило салмақтағы Севара Нышанбаеваға жанкүйер боламыз. Оның алғашқы айналымдағы қарсыласы – болгариялық Ивелина Илиева.

  

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»