Шараға Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Виктор Божко, «Қазақстанның ет-сүт одағы» Басқарма төрағасы Иван Сауэр, «Атамекен-Агро» АҚ агрохолдингінің Басқарма төрағасы Кинталь Исламов және 150-ге жуық отандық, шетелдік агробизнес өкілдері қатысты. Форум барысында бәсекеге қабілетті, білікті маман дайындау мақсатын көздейтін жаңа бағдарламалар талқыланып, ауылға барған жас маманға жағдай жасау мәселесі көтерілді.
«Бүгінгі біз ұйымдастырып отырған форумның агроөнеркәсіп саласын дамыту жолындағы алар орны ерекше. Ұсынымызды қабыл алып, басқосуға келгендеріңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Бұл саладағы мәселелердің шешім табуы үшін ауылшаруашылық тауар өндірушілері мен кәсіпкерлер арасында тығыз байланыс орнауы қажет. Мемлекеттік білім беру гранттарының бағасын көтеру, кадрларды тек мамандандырылған оқу орындарында дайындау және олардың 3 жыл ауылда еңбек етуін міндеттеу мәселелері қолға алынуы керек», деді университет ректоры Ақылбек Күрішбаев.
Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары В.Божко өз сөзінде агротехникалық мамандықта білім алған жастардың еңбек ету үшін ауылға баратындарының саны тым аз екендігін айтты. Ал «Атамекен-Агро» АҚ агрохолдингінің Басқарма төрағасы Кинталь Исламов пен «Картоп өсіру және көкөніс дақылдары одағы» Президенті Қайрат Бистаев алдағы уақытта студенттерді одақпен бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Форум қатысушылары мен қонақтар студенттердің теориялық білімін тәжірибе жүзінде шыңдауына мүмкіндік беретін өндіріс алаңдарын аралап, студенттер дайындаған сүт, ет, нан өнімдерінен дәм татты.
Қарлығаш ҚҰРАМЫС