Қазақстан • 24 Қыркүйек, 2018

Жергілікті ерекшеліктер ескерілсе игі

336 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Парламентінің IV сессиясының ашылуындағы сөзінде Елбасы Н.Назарбаев бес әлуметтік бастаманың сапалы түрде іске асуының маңыздылығын атап өтті. Аталған бес бастаманың ішіндегі ең маңыздысы тұрғын үйге мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз ету, яғни 7 – 20 – 25 бағдарламасын жүзеге асыру екені анық.

Жергілікті ерекшеліктер ескерілсе игі

«Ақ жол» фракциясының депутаттары жазда аймақтарға сапары барысында осы бағдарламаның қалай орындалып жатқанымен танысып, облыс, қала тұрғындарымен, құрылысшы кәсіпкерлермен және банк өкілдерімен кездесулер өткізген еді.

Барлық жерде қарапайым азаматтар осы бағдарламаны қуанышпен және үлкен үмітпен қарсы алды. Ес­те­рі­ңізге сала кетейік, өткен жылы «Нұр­лы жер» бағдарламасын талқыла­ған­­да үйдің ресми кезегінде 1,5 млн адам тұрса, тағы 1 млн азамат үй салу үшін жер учас­кесін күтуде. Яғни, бас­панаға мұқ­та­ж­дардың саны 2,5 млн-нан асады. 

Алайда осы жылдың 29 тамызында Ұлттық банктің және «Баспана» ипоте­калық компаниясының ақпара­тына сүйенсек 7 – 20 – 25 бағдарламасы бойынша бүкіл елімізде, үй алуға небәрі 1803 өтініш тіркелсе, оның 1190-ні ғана мақұлданған. Бұл деген 1 про­цент те емес. Соның ішінде Түркі­стан, Маңғыстау облыстарында – 0, Солтүст­ік Қазақстан облысында – 1, Атырау облысында – 1, Павлодар облысында – 9, Жамбыл облысында  10 өтініш тіркелген. Әрине мұндай көрсеткіштерге көңіл толмайды.

«Ақ жол» фракциясының де­пу­таттары сайлаушылармен кездескен кез­де осы­н­шама мардымсыз нәтиже­лер­дің се­бе­­тері не екенін анықтауға тырысты.

Шындығында, оған жергілікті мем­лекеттік органдар мен бағдарлама­ның өзіндегі кейбір шарттары кінәлі. Ең алдымен жергілікті органдар қо­лын­­да мыңдаған баспанаға мүдделі адам­дардың тізімі бар екеніне қара­мас­тан, жұртшылыққа ақпарат беруге сал­ғырт қарауда. Тізімдегі азамат­тар­ға қоңырау шалып, шақырып бағдар­ламамен таныстыруға болмай ма? Кезектегі адамдардың барлығы емес бір проценті қатысқанның өзінде бүгін осы бағдарлама арқасында бүгінгі бір мың емес,кем дегенде 25 мың адамды үймен қамтитын едік.

Кейбір аймақтарда бағдарламаның шарттары жергілікті ерекшеліктерге сай келмейді. Мысалы, еліміздің халқы ең көп, ал орташа жалақысы ең төмен аймақтардың бірі – Түркістан облысы мен Шымкент қаласы. Мұнда бағдар­лама шарты бойынша үйдің бағасы 15 миллион теңгемен шектелген. Шым­кентте бұл сомаға бағдар­ламаға сәйкес келетін тек екі бөлмелі пәтер ғана. Осы аядай үйге 4-5 баламен қалай сыясыз?!.  

Біздің ойымызша бұл бағдарла­ма үш бағытқа арналған. Алдымен үй­сіз-күйсіз жүрген отандастарымызды бас­панамен қамту. Екіншіден, банктерді ипотекалық несиелендіруге қайта тарту. Үшіншіден, тұрғын үй құрылыс­ына жаңа серпін беру. Біздің байқауы­мызша, осы бағдарламаны дайындау ба­рысында Ұлттық банк нақты жағ­дайды толық ескермеген.

Озық ойлы, еліне жанашыр әкімдер шамалары келгенше бағдарламаның шарттарындағы осы кемшіліктердің орнын толтыруға тырысуда. Мысалы, дәл сол Шымкент қалалық әкімшілігі кей­бір әлеуметтік топтарға көмек қолын созып, алғашқы жарнаның жар­тысын өз мойындарына алуда. Бірақ бізді, осы бағдарламаға қатысып отыр­ған құрылыс компаниялардың жағдайы да алаңдатады. Қала салушы­лар ассоциациясының айтуынша, соңғы жарты жыл ішінде негізгі құрылыс мате­риал­дарының бағалары күрт өсуде. Мы­салы, цемент бағасы екі есе, метал­лпрокаты екі жарым есе өс­кен. Мұн­­дай жағдайда бағдарламада көрсе­тілг­ен бағамен үй салу өзін-өзі ақтамайды.

Осыған байланысты біз Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевке депутаттық сауал жолдап, төмендегі мәселелерді шешуді сұрадық: 

1. Шымкент қаласының республи­калық мәртебесін ескере отырып, 7 – 20 – 25 бағдарламасы бойынша ипотекалық қарыздың жоғарғы шектеуін 15 миллионнан 25 миллион теңгеге көтеру;

2. Алғашқы жарнаның жартысын субсидиялау тәжірибесін бүкіл елімізге таратуды қарастыру;

3. Бағдарламаға қатысатын құры­лыс компанияларды инфляция мен құры­лыс материалдарына өскен баға­лардан қорғау механизмдерін әзірлеп, немесе құрылыстың өзіндік құнын қайта есептеу.

Берік ДҮЙСЕНБИНОВ,

Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше