Тарих • 25 Қыркүйек, 2018

Сарқыншақ «салттың» салқыны

120 реткөрсетілді

Біздің ауылда Бектас деген қадірменді қария болды. Жарықтықты бүкіл ауыл болып қатты сыйлаушы еді. Онда мектеп жасындағы баламыз. Таңертең Бексұлу, Камила деген жеңешелерімізбен бірге құлдыраңдап мектепке бара жатамыз. Кенет жеңешеміз кілт тоқтайды.

– Тоқтаңдар, балалар. Ата келе жатыр екен ғой, – дейді.

Біз алдымызға көз жібереміз. Бектас ата үйінен шығып әлдеқайда жол жүрмекші болып тұрады. Содан Бектас ата қашан қасымыздан өтіп кеткенше көшенің бойында тікеден-тік тұрамыз. Бектас ата жақындай бергенде Камила жеңешем иіліп сәлем береді дейсіз бір. Сұңғақ бойлы оның иілгенінің өзі қандай әдемі. Барлық қимыл-қозғалысы өзіне сондай жарасып тұрады. Осындай жеңеше әкелгені үшін ағамызға іштей дән риза боламыз.

– Өркенің өссін! – дейді Бектас атамыз.

– Енді, жүре беруге болады, – дейді күлімсіреген Камила жеңешеміз.

Содан соң жол бойы тағы әңгіме айтады.

– Балалар, үлкендердің жолын кесіп өт­пең­дер. Сәл ғана шыдасаңдар, олар өтіп кетеді. Бұл – ізеттілік. Үлкенге деген құрмет, – дейді.
Осы тәрбиені, сірә, бесікте жатқанда аналарымыз құлағымызға сіңірді-ау деймін. Әкеміз де «үлкен тұрғанда бей­піл сөйлей берме» деуші еді.
Мектепке келеміз. Алдымыздан ағайларымыз шығады. Бас киімімізді қолы­мызға алып «сәлеметсіз бе?» деп сызылып өтеміз. Одан кейін бізде үн жоқ. Сабақ сұрағанда ғана жауап береміз. Аздап есейе бастағанымызда арамызда аздап тентектік жасағандар да болды, әрине. Мұндайда мұғалімдеріміз тақта алдына тұрғызып қояды. Қазір айтсақ, біреулерге ертегі сияқты көрі­нер, ағайлар мен апайлардан қарадай қысылып жүруші едік-ау.

Осыбір әдемі сыйластықтың алтын жібі кейінірек бырт-бырт үзілгендей болды. Әскери борышын өтеп келген көкелеріміз ата-бабаларынан қалған өші бардай арақ пен темекіге өршелене ұмтылды. Мас болып бүкіл ауылды қырып кете жаздайтын «атамандар» көбей­ді. Тіптен бір көкеміз араққа сыл­қия тойып алып, трактор руліне отыр­май ма? Сол көкеміз тракторын тырыл­датып көшедегі қаз-үйректі бақылдатып қу­ғаны­мен қоймай, бір-екі жеңгесін ба­сып кете жаздап зорға тоқтады. Мұн­дай сорақы көріністерге етіміз өле келе күн­делікті үйреншікті көрініске айналды... 

Осы сарқыншақ «салт» салқынынан өскелең ұрпақ әлі де сытылып шыға алмай келеді. Мәселен, бүгінде үлкеннің ал­дын кесіп өтпейтін келіндер мен жас­тар бар ма? «Жоқ» деп аузымызды құр шөп­пен сүртуден аулақпыз, алайда әлі де үл­кендердің алдын кесіп өтпеу былай тұр­сын, қағып-соғып өте шығатындар бар.

Қаладағы қоғамдық көліктерге мініп көріңізші, сабаққа бара жатқан немесе келе жатқан студенттер күндіз-түні оқып, шаршап-шалдығып жүретіндері соншама, кейде «ұйықтап» та қалады. Олардың санасын кім оятады? Жатақханалардың, ғимараттардың артында, саябақтарда темекі түтінін будақтатып отыратын сту­дент қыздарды шыққыр көзіміз күн сайын көріп жүр. Кәмелет жасқа толмай жүк­ті болып қалған қыздарымыздың көбеюі неліктен? Түні бойы тәнін саудалап жүрген «түнгі көбелектер» неге тыйыл­­майды? Оқушылар неге бір-біріне мыл­­тық кезенеді? Бүгінгі оқушылар мұ­ға­лім­деріне қандай құрмет көрсетіп жүр?

Ұлтымыздың рухани жан дүние­сіне сіркеше сіңісіп, ажырамай келе жат­қан кертартпа мінезден толық тазармайынша, іргесі бүтін елге айнала алмаймыз.

Мемлекет болып өз алдына шаңырақ көтерген елді өте аз мезгілде әлемдегі теңдесі жоқ қуатты республикаға жеткізген, Қазақ­станның әлемдік және ха­лық­аралық аренадағы орнын айшық­тап, таңбалап берген Қазақстан Респуб­ли­кас­ының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың теңдесі жоқ еңбегін айтып жеткізу мүмкін емес. Ұлт көшбасшысының ақыл-ой парасаты мен ерлік, жігері, даналығы, көрегендігі, кемеңгерлігі, аңсар-арманы Мәңгілік Ел идеясы арқылы айқын көрінді.

Енді, міне Ұлт Көшбасшысы «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық маңызы зор мақаласында бізді тағы да жігерлендіріп қана қоймай, жаңа қадамдарға бастап отыр. «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұл­жымайтын екі ережені түсініп, ба­йы­бына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» – деді Елбасы. 

Елбасы біздің осал тұсымызды тамыршыдай тап басып отыр. Әрине ел­жа­н­ды Елбасымыздың ет жүрегі елжі­регенде халқымыздың ғасырлар бойғы тамаша салт-дәстүрлерін, бойларындағы та­маша қасиеттерін саф алтындай таза қа­лы­пта сақтап қалуға ұмтылғанын та­нып, біздің де бойымыз шымырлады. Терең ой тұңғиығына баттық. Жан тебіренді. 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тағылымдық тұжырым­дамасы өте дер кезінде жазылған баға жет­пес құжат. Ұлттық құнды­лық­­­тар­дың алтын тамырынан ажырап қал­ған ұр­пақ­тың адасары сөзсіз. Сон­­дық­­тан Президент жадынамасы сананы жаң­ғыртты. Сілкіндірді. Біз бұл ең­­бек­ті әр­бірі­міздің төрімізге іліп қоюы­мыз керек. От­басы­мыздан бастап отандастары­мыз­дың барлығына стра­те­гиялық мәні орасан зор мақаланың түпкі идеясын үйретейік. «Сөз түзелді, ендеше, сен де түзел» деп Абай атамыз айтпақшы, болашағымызға бағдар айқындалды. 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ертегілік ес әлемінің өкілі

Руханият • Бүгін, 09:37

Қаламгер мен Қаһарман

Руханият • Бүгін, 09:31

Акварель әлемі

Руханият • Кеше

«Хат қоржын» (21.05.2019)

Қазақстан • Кеше

Ұқсас жаңалықтар