Үкімет • 25 Қыркүйек, 2018

Үкіметте өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының жобасы мақұлданды

1130 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының орындалуы қаралып, қолданыстағы үкіметтік бағдарламаны мақсатты көрсеткіштері мен міндеттерін өзектендіру арқылы мемлекеттік бағдарлама етіп қайта құру жолдары талқыланды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Үкіметте өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының жобасы мақұлданды

2014 жылы қолданыстағы салалық бағдарламаларды оңтайландыру мақсатында Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бірыңғай бағдарламасы қабылданған болатын. Бірыңғай бағдарламаға «Аймақтарды дамыту», «Моно-қалаларды дамыту», «Ақбұлақ», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту», «Қолжетімді баспана–2020», сондай-ақ шағын қалаларды дамыту бағдарламасының жобасы енгізілген еді.

Бағдарлама еліміздің ұтымды аумақтық ұйымын қалыптастыру жолымен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамыту үшін жағдай жасау, халық капиталын экономикалық өсімі жоғары орталықтарға шоғырландыруды көздейді. Бағдарлама аясында халықтың қай аймақта тұратынына қарамастан, инфрақұрылымды дамыту арқылы тқрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға баса мән берілді.

Өңірлерді дамыту бағдарламасы төрт міндетті шешуді көздейді:

  • әр макроөңірге арналған инвестициялық басымдықтар,
  • еліміздің аумақтық дамуын жетілдіру,
  • инженерлік инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту,
  • халықты ауыз сумен және су бұру қызметтерімен тиімді және ұтымды қамтамасыз ету.

Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов бағдарламаның барлық мақсатты индикаторлары жүзеге асырылып жатқандығын хабарлады.

«2017 жылдың қорытындысы бойынша төрт агломерация халқының жалпы саны 2015 жылмен салыстарғанда 460,1 мың адамға өсті және 6,2 млн адам болжамында 6,6 млн адамды құрады. Агломерациялар халқы санының қарқынды өсімі биыл да байқалады», — деді Т. Сүлейменов.

Екінші индикатор бойынша — жан басына шаққанда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі бойынша, ҚР ҰЭМ деректеріне сәйкес, жоспарлы мәндер орындалуда, олар бөлінген қаражат көлеміне байланысты жыл сайын түзетілуде. Үшінші индикатор бойынша — жылумен-, электрмен- және газбен жабдықтау желілерінің жаңғыртылған үлесі 2015 жылы республика бойынша орташа 4%, 2016 жылы – 2,1%, 2017 жылы – 2,8% құрады. 2017 жылы жылумен, электрмен, газбен, сумен жабдықтау және су бұрудың 11 581 км желілері жаңғыртылды және салынды.

Төртінші индикатор — сумен жабдықтаудың және су бұрудың орталықтандырылған желілеріне қолжетімділік. 2017 жылы қалаларда орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділік (90% жоспарында) 93,8%-ды құрады, ол 2015 жылғы мәннен 6,8%-ға жоғары. Бұл ретте ауылдарда 57,4%, ол 2015 жылғы мәннен 3,5%-ға жоғары. Сонымен қатар, ауыл халқының орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамтамасыз етілуі 2017 жылдың қорытындысы бойынша 80,7%-ды құрайды. Қалаларда орталықтандырылған су бұруға қолжетімділік 88%-ды құрады, ол 2015 жылғы мәннен 6%-ға жоғары. Ауылдарда – 11,5%, ол 2015 жылғы мәннен 0,5%-ға жоғары.

«Күрделі жөндеуді талап ететін кондоминиум объектілерінің үлесін азайту жұмыстары жүргізілуде. 2017 жылдың қорытындысы бойынша осы көрсеткіш республика бойынша орташа 2015 жылмен салыстырғанда 2% төмендеді және 25% құрады. ЖАО ақпараты негізінде сумен жабдықтау және су бұру желілерін реконструкциялау және салу нәтижесінде қалалық желілердегі сумен жабдықтаудың апаттылық коэффициенті 0,35-ке дейін, су бұруда – 0,16-ға дейін төмендеді. Қалаларда су тоғандарында нормативтік тазартылған ағынды сулардың үлесі республика бойынша орташа 91,1% құрайды, ол 2015 жылғы көрсеткіштен 10,1%-ға жоғары», — деді ұлттық экономика министрі.

Т. Сүлейменов қолданыстағы Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі үкіметтік бағдарламасының міндеттерін, нысаналы индикаторларын, нәтижелер көрсеткіштерін және іс-шараларын өзектілендірумен Мемлекеттік бағдарлама мәртебесінде бекіту бойынша жұмыстар жүргізілгенін айтты.

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында Мемлекет басшысы Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін барлық қаражат көздерінен жыл сайын кемінде 100 млрд теңге бөлуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша тапсырма берді. ҚР 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының ережелерінен шыға отырып, Мемлекеттік бағдарламаның мақсаты – басқарылатын кенттену және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту арқылы өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру деп анықталған», — деді ұлттық экономика министрі.

Өзектендірілген Мемлекеттік бағдарлама аясында бағыттар тұрғысынан функционалдық қалалық аудандарды дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын дамыту міндеттерін шешу ұсынылады.

«Қалаларда және ауылдарда халықты орталықтандырылған сумен жабдықтаумен одан әрі қамтамасыз ету жұмыстары одан әрі жалғастырылатын болады. Осылайша, 2019 жылдың қорытындысы бойынша қалаларда орталықтандырылған сумен жабдықтау 97%-ды, ал ауылдарда – 62%-ды құрайтын болады. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Мемлекеттік бағдарлама жобасында шығыстар ауылдық сумен жабдықтау жүйелерін дамытуға 100 млрд теңгеге дейін жеткізілген. Сондай-ақ халықты сумен қамтамасыз етудің ұтымды және тиімді жолдарына өтумен сумен жабдықтау жүйелерін дамытудың тетігі күшейтілді. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жұмыстары жалғастырылатын болады», — деп түйіндеді Т. Сүлейменов.