Спенсер ГРАНТ, Science Source
Карл ЗИММЕР, «Нью-Йорк Таймс»
Әдетте бұл өздігінен жүретін процесс. Бірақ кейбір адамдардың ағзасы мұндай қабілетке ие емес. Солар үшін бактериямен байытылған сусын таптырмас дәріге айналуы мүмкін.
Бұл сынақ – синтетикалық биология деп аталатын ғылым саласының жаңа белесі. Жиырма жыл бұрын инженерлер электроникаға ден қойғаны секілді, ғалымдар қазір тірі ағзалармен айналыса бастады.
Ағзада жасушалар жеке-дара әрекет етпейді. Керісінше, бірлесе жұмыс істеп, бір-бірін белсендіріп немесе жойып отырады. Синтетикалық биологтар осы ерекшелікті ұтымды пайдаланып, оларға гендік өзгеріс енгізуге талпынып жатыр.
Қазіргі таңда мұндай тәсіл өнеркәсіпте кеңінен қолданысқа ие. Көптеген компаниялар өзгертілген бактерияларды кішігірім зауыт секілді қолданып, антибиотиктер мен күрделі қоспаларды киім тігуде пайдаланып келеді. Ендігі меже – синтетикалық биология арқылы бактерияларды ішкі ағзаны емдеуге қолдану.
Жоғарыда айтып өткен, еріктілер ішкен сусын құрамындағы бактерияларға гендік өзгерістер жасалып, фенилкетонурия деп аталатын сирек кездесетін ауруды емдеуге арналған. Мұндай науқасқа шалдыққандар ет пен ірімшік секілді протеині мол тамақтар іше алмайды. Өйткені олардың ағзасы фенилаланин деп аталатын амин қышқылы секілді жанама өнімдерді жоюға қабілетсіз.
Қан құрамында фенилаланин пайда болса, ондай қышқылдар мидағы нейрондарға зиян тигізіп, дамудың тежелуіне, ақыл-ой кемістігі мен психологияның бұзылуына әкеліп соғады. Фенилкетонуриядан емделудің жолы – протеині аз тамақ жеп, тағамдық қоспалары бар коктейль ішу.
Тышқандар мен маймылдарға тәжірибе жасаған Synlogic компаниясы өзгертілген бактериялар арқылы фенилкетонуриямен ауыратын науқастарды емдеуге болатынын көрсетті. Биылғы 4 қыркүйекте компания зерттеушілері дені сау еріктілерге жүргізілген сынақ қорытындысы оң нәтиже бергенін мәлімдеді. Енді олар фенилкетонуриямен ауыратындарға тәжірибе жасап көрмекші.
Synlogic-тың негізін салушылардың бірі, Массачусетс технологиялық институтының синтетикалық биологы Джеймс Дж.Коллинс пен оның әріптестері ішек таяқшаларын өзгертіп, белгілі химикаттарды жоятындай етіп қайта жасап шыққан. «Бұл – гендердің шамын жаққан секілді әрекет», дейді Доктор Коллинс.
Бұған дейін ғалымдар бейімделген бактерияларды тағы бір мақсатта қолдануды жоспарлаған. Сол жобаға сәйкес, өзгертілген бактериялар ауаға тараған биологиялық шабуылды анықтап, оған жауап ретінде химиялық реакция беруі тиіс-тұғын. Бірақ кейіннен микробиома саласы пайда болды.
2000-жылдардың ортасында микробиологтар сау адамның ішкі ағзасында көптеген ағза түрлері, миллиондаған микробтар өмір сүретінін байқады. Микробиома деп аталатын осындай ортада тұрақты түрде химиялық реакциялар жасалып, адам ағзасына керекті процестер жүзеге асады. Ғалымдар мұндай әрекеттің адам ағзасын түрлі аурудан қорғайтынын анықтады.
Осыдан бастап синтетикалық биологтар өзгертілген бактерияларды ағзадағы ауруды анықтайтын құрал ретінде қаншалықты қолдануға болатынын зерттеуге кірісіп кетті.
«Микробиома жұмысының әсерін бағаламау мүмкін емес», дейді доктор Коллинстің бұрынғы студенті, Сан-Диего штатындағы Калифорния университетінде өз зертханасын ашқан Джефф Хасти. «Қысқасы, бұл жаңалық бәрін өзгертті», дейді ол.
Қазіргі таңда ғалымдар бактерияны ісікпен күресуге бейімдеп жатыр. Жоба сәтті шыққан жағдайда, олар иммундық жасушалардың молекулаларын тазалап, қатерлі ісікті жоюға болатынынан үміттенеді. Колумбия университетінің синтетикалық биологы Тал Данино: «Адам ағзасындағы бактерияларды өзгертіп, басқа мақсатта пайдалануға мүмкіндік бар екеніне сенемін», дейді.
Бұлар – бізді іштен емдеуге бейімделген микробтар.
© 2018 The New York Times News Service
Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»