Қазақстан • 27 Қыркүйек, 2018

«Kazakh Tourism»: маңызды миссия арқалаған компания

1058 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанда туризмді дамытуға ерекше маңыз беріп, осы бағытта Үкіметке нақты міндеттер жүктегені белгілі. Бұл орайда, Қазақстанның туристік орталық ретіндегі халықаралық аренадағы танымалдығын арттыру, ұлттық туристік брендті қалыптастыру және басқару, осы салаға инвес­тиция тарту арқылы отандық туризмді дамыту сынды маңызды миссияны табысты жүзеге асырып келе жатқан ұйым – «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ. 

«Kazakh Tourism»: маңызды миссия арқалаған компания

Жалпы, «Kazakh Tourism» атқарып отырған жұмыстар сан-салалы. Ыңғайлы туристік ин­фрақұрылым қалыптастыру, ин­вестиция тарту, өңірлердің туристік әлеуетін таныту, ірі жо­баларды жүзеге асыру, саланы цифрландыру сынды қыруар жұмыстың бәрі түптеп келгенде еліміздің тұтастай туристік әлеуетін көтеруге ықпал ететіні сөзсіз. 

Туризм саласы кез келген ел­дің әлеуметтік-экономикалық саласына зор ықпал ететін сала. Оның қаншалықты маңызды екенін мына бір деректерден анық аңғаруға болатындай: Туризмнің дүниежүзілік ІЖӨ-дегі үлесі – 10 %-ті, әлемдік инвестициядағы үлесі – 7 %-ті, дүниежүзілік қызмет түрлері экспортындағы үлесі – 30 %-ті, барлық салық түсімдеріндегі үлесі 5%-ті құ­райды. Әлем бойынша әрбір 10 жұмыс орнының біреуі осы салаға тиесілі. Олай болса, Қазақстан да осы ауқымды салада өз әлеуетін арт­тыруға тиіс. 

Жыл өткен сайын осы бағытта атқарылған жұмыстар өз жемісін беруде. 2017 жылы Дүниежүзілік экономикалық форумның туризмге бәсекеге қабілеттілігінің жаһандық рейтингінде Қазақстан 81-орынды иеленді. Өткен жылы елімізге кірмелік туризм, ішкі туризм және көшпелі туризм бо­йынша 7,7 млн, 5,5 млн және 10,2 млн адам аяқ басыпты. 

Бүгінгі таңда еліміздің іш­кі жалпы өніміндегі аталған сектордың үлесі 1 %-ті құрайды, 427 мың адамды жұмыспен қам­тып отырғаны тағы бар. Рес­публика бойынша 2175 ту­рис­тік оператор мен агенттік жұмыс істейтінін де айта кетейік. Өткен жылы туризм саласында 108 млрд теңге немесе 333 млн теңгенің қызметі көрсетілген. 

2017 жыл еліміздің туристік секторы үшін біршама табыс­ты болды десек артық айтпаймыз. Мемлекеттің тапсырмасы аясында «Kazakh Tourism» 14 шара өткізсе, өз бастамасы бойынша тағы 10 ауқымды ша­раны өткізуге мұрындық бол­ды. Мемлекеттік және ква­зимемлекеттік ұйымдармен ара­да – 7 меморандумға, жеке ұйым­дармен – 9 меморандумға, шетелдік ұйымдармен 10 ме­морандумға қол қойылды. «Kazakh Tourism» компаниясы мемлекеттің тапсырмасы бойынша 13 маркетингтік және анали­тикалық зерттеулер жүргізді. 

Компанияның жұмысын насихаттау жағы да назардан тыс қалған жоқ. Бір жыл ішінде интернет-ресурстарда 632 мате­риал, отандық және шетелдік телеарналарда 70 бейнесюжет пен репортаж жарық көрді. Аталған материалдар Қазақстанда 3 млн-нан астам адамды, шет мемлекеттерде 100 млн-нан астам адамды қамтыған. 

Компания ұсынған мәлімет­тер бойынша, эко және этнотуризм қазақстандық туристік өнімдердің негізі болып табылады, ол еліміздің тұмса табиғаты мен төлтума мәдениетін көрсетуге зор мүмкіндік береді. Бұған қоса халықаралық фестивальдардың, іскерлік шаралардың, ойын-сауық шараларының, қызық­ты турлардың, этностық құрамдас­тары бар бағдарламалардың да алатын орны ерекше. 

2017 жылдың желтоқсан айында «Kazakh Tourism» компаниясы жұртшылыққа таныстырылып, «Қазақстандағы туристік өнім: қалып­тастыру мен ілгерілету мәсе­лелері» атты конференция өт­кен болатын. Оған туристік қоғам­дастықтың, мемлекеттік органдардың және бизнестің 200-ден астам өкілі қатысты. Trip Advisor, McKinsey&Company, Kazakhstan Project Preperation Fond компанияларының, «Ас­тана» халықаралық қаржы орта­лығының өкілдері спикер бол­ды. Бұл конференция туралы отан­дық және шетелдік БАҚ-тарда, әлеу­меттік желілерде көптеген мате­риалдар жарияланды. 

Құрылғанына көп уақыт өте қоймаса да, «Kazakh Tourism» компаниясы көптеген ірі компаниялармен, мемлекеттік ор­ган­дармен арада берік байланыс орнатқанын атап өткен ләзім. Мәселен, Сыртқы істер ми­нис­трлігімен, «Атамекен» ҰКП, Алматы облысы әкім­дігі­мен, Алматы өңірінің «Ал­ма-Тау» туристік кластер қауым­дастығымен, отандық «Қазақстан темір жолы», «Kazakh Invest»,  «ҚазАвтоЖол» компаниялары­мен және басқаларымен арада әріптестік туралы меморан­дум­дарға қол жеткізілді. 

Аз уақыт ішінде Астана мен Алматы қалаларына «Көшбасшы жолы» мектеп турлары, Nomads Kamp киіз үй лагерьлері, Қазақ­стан-Өзбекстан туристік форумы сынды көптеген шаралар өткі­зілді. Биылғы жылдың мамыр айында Берлинде өткен ITB ха­лық­аралық көрмесіне 186 елдің қа­тарында Қазақстан да қатысты. 170 мыңнан астам адам келген көрмеге біздің еліміздің делегациясы жалпы аумағы 60 шаршы метрді құраған қалқан қойды. Осы шара аясында біздің елдің делегациясы 350-ге тарта түрлі кездесу өткізіп, 260-тан астам келісімге қол жеткізді. 

Мыңдаған жылдық тарихы бар көшпелілердің мәдениеті, салт-дәстүрі, ұлттық ойындары әлем халықтарының қызығушылығы­на ие екені белгілі. 2017 жылы «Асық ату» ойыны UNESCO адам­заттың материалдық емес құндылықтарының тізіміне қо­сылғаны тегін емес. Осы орайда, «Kazakh Tourism» бұл мүм­кіндікті тиімді пайдаланып, Қазақ­стан бойынша асық жинау ак­циясын өткізгені құптарлық қадам екені сөзсіз. Асықтар Бер­линдегі ITB көрмесінде, Мәскеудегі MITT халықаралық көрмесінде кәдесый ретінде таратылды. Ұлттық ойынымыз Қытай, Гонконг, Оңтүстік Корея, Польша және басқа да қалаларда өткен халықаралық көрмелерде кеңінен насихатталғаны көңіл қуан­тады. 

Бүгінгі таңда интернет, әлеу­меттік желілер қандай да бір тауарды насихаттаудың, өнім өткізудің басты құралына ай­нал­ғаны белгілі. Осы орайда, «Kazakh Tourism»  танымал отандық және шетелдік бло­герлерді де Қазақстанның туристер үшін тартымдылығын арт­тыруға тарта білді. Мәселен, ағымдағы жылы 18-26 наурызда 160 миллионнан астам жазылушылары бар 4 қытайлық блогер Астанадағы, Шортанды-Бурабай туристік аймағындағы, Алматы қаласы мен Алматы облысындағы туристік нысандарды аралады. Олардың осы сапар туралы материалдары Қытайдың sohu.com, weibo.com, ctrip.com, blog.sina.com, bbs.qyep.com сынды интернет платформаларында жарияланды. Соның арқасында Қазақстанның көрікті жерлері, ірі қалалары туралы материалдарға 45 миллионнан астам қытайлық оқырмандар қызығушылық танытты. 

Осыған ұқсас шара тамыз айын­да тағы өткізілді. Бұл жолы жалпы оқырмандарының саны 110 миллионнан асатын шетелдік блогерлердің назарына Шығыс Қазақстанның, Түркістан облысының көрікті жерлері ұсынылды. Нәтижесінде #kazakhtourism хештегімен жария­ланған жарияланымдарды 43 миллионнан астам шетел­дік оқып, Қазақстанның көрік­ті жерлері туралы қызықты ақ­парат­тарға қанықты. 

Жабайы аңдардың түр-түрі кездесетін табиғаты бар Қазақстан үшін аңшылық туризмді дамыту да оң жамбасқа келеді. Осы орайда, биылғы жылы Лас-Вегаста Ха­лық­аралық SCIF Сафари клубының президенті Уоррен Сакманмен, АҚШ-тағы WSF Арқарлар қорының президенті Грей Торнтонмен келіссөздер жүргізілген. Осы­лайша, 2018-2023 жылдарға арналған аңшылық турларды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру туралы меморандум жасалды. Америкалық аңшылардың Қазақстанда арқар аулауы үшін 5 дербес сапар ұйымдастыру есебінен бағдарламаның бірінші кезеңін (2018-2019 жылдар) 165 миллион теңгеге қаржыландыру туралы келісімге қол жеткізілді. Қазіргі таңда елімізде аңшылық туризмді дамытуға қатысты заң­­намалық кедергілерді жою, сон­дай-ақ аулаған олжасын алып кету жолдарын жеңілдету бойынша жұмыстар жүргізілуде.  

Әрине Қазақстан туристік әлеуеті енді ғана көтеріліп келе жатқан ел екенін ескерсек, шешімін табуға тиіс мәселелер де кездеседі. Мәселен, инженерлік және көлік инфрақұрылымының жет­кіліксіздігі, ірі нысан­дар­ға же­тудің қиындығы, авиа­­­­тасымалдаушылар санының, ті­келей рейстердің аздығы, бюд­жеттік әуе компанияларының жоқтығы, туристік нысандар туралы ақпаратпен қамтудың аздығы. Осы тектес ахуалдардың орайын­ келтіру үшін «Kazakh Tourism» компаниясында қолға алынған жұмыстар аз емес. Мысалы, «ҚТЖ» компаниясымен арада жасалған меморандум еліміздегі темір жол вок­залдарында, әуежайларда, «Talgo» пойыздарының телебағ­дарларында Қазақстанның турис­тік әлеуеті туралы ақ­па­рат­­тарды тұрақты түрде наси­хат­тауға жол ашты. Аталған ком­паниямен арада «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасының аясында балалардың туристік пойыздарын іске қосу жобасы қолға алынды. «ҚТЖ» ҰК» АҚ нысандарындағы қызмет түрлерінің сапасын арттыруға бағытталған жоба іске қосылды. Басқа да компаниялармен, турис­тік операторлармен арада­ғы бір­лескен құжаттардың әр­қай­сысы бойынша осы тектес маңызды жұмыстар жүзеге асырылуда. 

«Kazakh Tourism» компания­сы биылғы жылы 23 қарашада ел­ордада Astana KTI Forum 2018 атты ауқымды шара өт­кізу­ді жос­парлап отыр. Атал­ған ал­қа­лы жиын барысында туризм саласына инвестиция тарту шаралары және мем­лекет­тік қолдау шаралары тақы­ры­бында панельдік сессия­лар ұйымдас­тырылмақ. Форум аясында зә­кір­лік инвестициялық жобалар жұрт­шылыққа таныс­ты­рылуға тиіс. Туризм секторын дамы­ту­ға қатысты өзекті мәсе­­лелер дөң­­ге­лек үстелдерде сарап­қа салы­­нады деп жоспарланып отыр. Туризм саласына қатыс­ты алғаш рет өтетін мұндай ауқым­­ды инвестициялық шара ин­­вес­­­тициялық жобалардың қа­тарын көбейтіп, отандық туризм саласының тасын өрге домалатуға ықпалын тигізетіні сөзсіз. 

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»