Өнер • 27 Қыркүйек, 2018

Аққанатпен досымдай сырласамын - Айшолпан

575 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақ – қыраннан қырағылық пен еркіндікті, тұлпардан тектілікті бойына сіңірген халық. Сол асыл қасиеттің барлығын біз байөлкелік 17 жастағы қазақ қызы Айшолпан Нұрғайыпқызының бойынан тапқандай болдық. Жаһанданудың жаңалығы шартарапты шарлап, әлем жаппай жаңашылдыққа ұмтылғанда, өзінің дәстүрі мен салтына, ұлттық құндылықтарына деген риясыз құрметіне қылау түсірмей, керісінше қазаққа тән қасиетімен Алаш атын жер дүниеге мәшһүр етті. Бүгінде қолына қыранын қондырып, тұлпарын тақымдаған қазақ қызының бейнесі шартарапты шарлап кетті. Айшолпанды қазақтың ғана емес, күллі көшпенділердің абыройын көкке көтерген «қанатты қыз» десек бек жарасымды. Бүркітін баптап, қыз баласына таңсықтау осы бір қызық та қиын кәсіпті серік еткен арумен әңгімеміз саятшылық өнердің қыр-сыры аясынан өрбіді.

Аққанатпен досымдай сырласамын - Айшолпан

– Айшолпан, өзіңіз­ді елор­­дамыздың төрі­нен көр­ге­німізге қуаныш­тымыз. Бұл Қазақстанға алғашқы са­­­­па­­­рыңыз екен. Көңіл күй­і­­ңіз қалай? Әсеріңізбен бө­ліс­­сеңіз.

– Әсерімді сөзбен айтып жет­­кізу мүмкін емес. Әлемнің көптеген жерін аралап, талай елді көріп жүрсем де, Қазақстанға – туған Отаныма жолым түспеген екен. Бұл – менің жүрек түкпірінде сақ­тап, іштей тілеп жүрген үл­кен арманым болатын. Қазақ­станға келсем, ондағы адамдардың өмір сүру дағ­ды­сы, тарихи мекендері, табиғаты әсем жерлерімен таныс­сам деген арманым бүгін орындалып, өзімді шек­сіз бақытты сезініп отырмын. Астанадай әсем қаланы кө­ріп, көрікті жерлерін аралап, әлі де әсерімнен арыла алар емеспін.

– Әдетте, саятшылық, оның ішінде бүркіт салу өне­р­і­мен көбінесе ер адам­дар ай­налысып, бұл ма­шық қыз баласына жат, таң­­сықтау са­налады. Ал өзі­­­ңіз бүр­кіт­шілікке қа­лай кел­­діңіз? Құс­қа деген қы­зығу­шы­лығы­ңызды не оятты?

– Жалпы, құстың қа­сиеті деген өте күшті ғой. Әу­леті­мізде құс баптау өнері – ата-бабамыздан жал­ға­сып, әке­ден балаға мирас бо­лып келе жатқан қасиетті кә­сіп, өрелі өнер. Біздің үйде әкем де, ағам да бүркіт ұс­тады. Ағам әскерге кетті де, ата-анамнан рұқсат алып, ағамның бүр­кітіне бас-көз болд­ым. Содан бас­тап құс са­лып, аң аулау өнеріне қы­зығушылығым оянып, әкеммен аңға шыға бас­тадым. Кейін 13 жасымда 18 метр құздағы бүркіттің ұясына түсіп балапан алып, өзім баптадым. Екі қана­тында ноқаттай ғана ақ дағы болғандықтан, атын «А­ққанат» деп атадым. Ақ­қанат қазір төрт жаста. Жал­­пы, бүркіттер төрт айда бір жасайды. Адамның жасымен есептегенде, 30 жыл өмір сү­ре­ді. 1 жаста – балапан, 2 жа­­сында – тірнек, 3 жасында – тастүлек, ал жасы төртке тол­ғанда ана құс деп аталады. Де­мек, қазір Аққанат ана құс атан­ды.

– Жалпы, құсты қалай тани­сыздар? Кез келген бүр­кіт жақсы баптаумен қы­ран болып шыға ма, әлде олар­дың да ерекше түрлері бо­ла ма?

– «Саятшы бапшыл болса – бүркіттің бағы» деген қазақта жақсы бір сөз бар ғой. Осы сөздің мәні зор. Балапан кезінде құстың бәрі бірдей. Кейбіреулер бүркітті балапан кезінен қатал ұстап, қатаң тәртіп қояды. Меніңше, ол дұрыс емес. Ондай тәртіптегі бүркіт қысымға шыдамай, иесі­нен түбі әйтеуір бір қашып тынады. Құспен түсінісіп, тіл табыса, тіпті сырласа да алу керек. Бұл – үлкен өнер. Құстың тілі жоқ дегенімізбен, олар өте сезімтал. Бүркіттің бағы тікелей баптаушысына байланысты. 

– Ал сіздің бүркіт баптау­дағы жетістігіңіздің сыры қандай?

– Аққанатыммен досымдай сырласамын. Аялаймын. Құсты қорқытып немесе шектен тыс ашықтырып тәрбиелеу жақсы нәтиже бермейді. Құс иесіне неғұрлым жақынырақ бауыр басса, соғұрлым алғыр келеді. Ал құсбегілік сайысқа барардың алдында, әрине ол еркіндік біраз шектеледі. Ең әуелі құсты өзіңе жақсылап үйретіп, тамақтан да біраз шек­теу қажет болады. Иесін жақ­сы сезетін, оның дыбысын жатқа танитын бүркіт шақыру кезінде қателеспейді. 

– Бүркіт баптауға күніне қанша сағат уақыт бөлесіз?

– Мектепте оқитындықтан, дүй­сенбіден жұмаға дейін интернатта сабақта боламын. Ол уақытта Аққанатты әкем мен ағам бағады. Сіңлім де қазір бүркітшілікке қызығып жүр. Демалыс күндері өзім қараймын. Жалпы, Аққанат күніне 500 грамм көлемінде қоян, түлкі, қасқыр сияқты аңдардың шикі етімен қоректенеді.

– Байөлкеде сізге дейін бүркітші қыздар болды ма? Кімге қарап бой түзедіңіз?

– Жоқ, болмады. Әуле­тіміз­дегі, жалпы сол аймақтағы қыз­дардың арасынан шық­қан жалғыз бүркітшімін. Кейін менің өнерім көпке тарап, ел ішіндегі таны­малдылығым арта бас­таған­нан кейін, жетіс­тік­терімді көре келе 2-3 жылдан соң қыздар арасынан да жақсы бүркітшілер шыға бастады. Тіпті мен оқитын мектеп-ин­тернаттағы балалар да қы­зығып, ақыл кеңестерін сұрап жатады. 

– Ең алғашқы жеңісіңіз жайлы айтып беріңізші?

– Ең алғашқы жарыс, әрине есімде. Ол сәтті ұмыту мүм­кін емес. Жасы менен әлде­қайда үлкен ер адамдармен бірге жарысқа түсу оңай болмады. Ол кезде мен небәрі 13 жаста болатынмын. Жеңемін деп тіпті де ойла­ған жоқпын. Қатысудың өзін қанағат тұттым. Басында қатты қобалжу болды. Бірақ, кейін дәл жарысқа келген сәтте өзімді жинап алдым да, алдыма мақсат қойып үлгер­дім. «Ер адам істеген нәрсені неге қыз бала жасай алмауы керек!?» деп намысқа тырысып, өзіме өзім жеңемін деп іштей серт бердім. Сөйтіп, тілегімді Алла қабыл етіп, 78 бүркітшінің ішінде қолға шақыруды 5 секундта, шыр­ғаға салуды 6 секундта атқа­рып, рекорд бұздым. 

– Саятшылық маусым­дағы олжаңыз көп пе?

– Әрине, қыс айларында бүркіт саламыз. Үйде екі бүркіт бар. Біреуі – әкемдікі, екін­шісі – менің Аққанатым. Алғаш қар түскеннен бастап ақпанның соңына дейін аң аулаймыз. Осы уақыт аралы­ғында, яғни өткен қыста Аққанат 14 түлкі, 2 қасқыр алып, қанжығамыз майланды. 

– Сіздің есіміңіздің әлем­ге танылуына ең алғаш из­раиль­­дік фотограф Ашер Сви­­­ден­ский суреттерінің ық­­па­лы зор болды. Біз де өзі­­ңіз­ді солай білдік. Бұл кі­сі­­мен қа­лай танысқан едіңіз?

– Ашер мырза бірде Байөл­кедегі бүркітшілер тойына арнайы келіп, суретке түсіреді. Бірақ ол кезде фотографтың нысанасына кілең ер адамдар ілігеді. Жұмысын тәмамдап, еліне қарай бет алған қонақ ұшағына кешігіп қалады. Сөй­тіп, уақыты кеңіп, шығар­машылық жұмысын одан әрі жалғастыруға жақсы мүм­кіндік алады. Біздің үйге келіп, мені де біраз суретке түсіріп әкеткен болатын. Кейін Ашер Свиденскидің фотосуреттерін көрген АҚШ режис­сері От­то Белл Бай­өл­кеге келіп, 2016 жылы «Бүр­кітші қыз» (The Eagle Huntress) атты де­ректі филь­мін түсірді. Сол фильм жа­рыққа шыққаннан ке­йін Байөлкені, ондағы қазақ­тардың өмірін әлем танып, Баян-Өлгейге қарай туристер ағыла бастады. 2017 жылы Отто Беллдің аталған туын­дысы үшін Азия мен әлем­нің дамуына үлес қосқан тұл­ғаларға берілетін АҚШ-тың айтулы марапаттарының бірі – «Азияның батыр қы­зы» («Asia Game Changer Awards») деген құрметті атақ­қа ие болдым. 

– Бүркіт баптауды қол­ға алған кезде, осындай таны­малдылыққа қол жет­кізем деп ойладыңыз ба?

– Ешқашан. Тіпті армандап та көрмеген екенмін. Аллаға шүкіршілік етемін.

– Міне, мектебіңізді тә­мам­дай салысымен елдегі ағалар өзіңізді Отаны­ңыз – Қазақстанға оқуға шақы­рып жатыр. Бұл ұсынысты қабыл­дауға дайынсыз ба? 

– Қазір ойланып жатырмыз. Әкем рұқсатын берсе, Астанаға келіп оқуға әзір­мін. Әрине, қимастық бо­ла­ды ғой. Бірақ дәл қазір ме­нің мақсатым – жоғары білім алып, білікті маман атану. Әсіресе, тіл үйренгім келеді. АҚШ-тың Гарвард университетінен шақыру келді. Сонда білім алу үшін де ағыл­шын тілін оқуға күш салып, жақсы маман атанғым келеді. Экология немесе туризм саласын тереңдетіп оқысам деген мақсатым бар. 

– Ал Қазақстанға келген­де бүркітшілік өнерге қа­тыс­ты жү­зеге асырсам де­ген ой-мақсат, жоспар­лары­ңыз бар ма?

– Мақсатымды әлі қойып үлгермедім. Алдағы уақытта ойлана, ақылдаса келе өз жос­парларымды нақтылаймын ғой деп ойлаймын. 

– Қандай арманыңыз бар?

– Алла жазса, өз атымнан мектеп салу. Қазір «Aisholpan Sun» деген қор ашып жатырмын. Онда кедей адам­дарға көмектесу және жет­кіншектердің сапалы білім алып, уақыттарын тиімді пайда­лануына көңіл бөлінетін болады. Бізде Моңғолияда уақытын қалай өткізерін біл­мейтін балалар бар. Соның салдарынан да бұрыс жолға түсіп, зиянды әдеттерге әуес­тенетін жасөспірімдер көп. Сапалы білім алмаған соң, қара жұмыспен айналысуға мәжбүр. Тіпті жалақыларын да дұрыс алмайды. Сондай адамдарға қол ұшын беріп, білім алуына аз да болсын көмегімді тигізсем дей­мін. Спорт үйірмелері мен білік­тілігін арттыратын қосымша курс­тар ашып, жастарды уақы­тын тиімді пайдалану жол­дарына үйрететін жан-жақ­ты бағыттағы әмбебап ор­талық ашу жоспарымда бар. 

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»